ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2011 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
2003 жыл
2004 жыл
2005 жыл
2006 жыл
2007 жыл
2008 жыл
2009 жыл
2010 жыл
2011 жыл
12 қаңтар. «Уральскагрореммаш» АҚ Белоруссияның «Маз» зауытымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысы мен Белоруссия арасында сауда байланысы Кедендік одақ құрылған соң жаңа деңгейге көтерілді. 2010 жылдың қаңтар-тамыз айларында сауда айналымы 6,4 миллион доллар құрады.
4 ақпан. Орал қаласында 150 кереуеттік жаңа онкологиялық диспансері ашылды. Мұнда сонымен қатар ауысымында 150-200 науқасты қабылдайтын емхана жұмыс істейді. Бұл қуанышты бөлісуге еліміздің бас онкологы, медицина ғылымдарының докторы Жеткерген Арызқұлов арнайы келді.
9-30 сәуір. Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды болмаған табиғат апаты болды. Ауа райы күрт өзгеріп, бірнеше күн бойы қар аралас жаңбыр жауып, Тасқала, Зеленов, Теректі, Шыңғырлау, Ақжайық ауандары мен Орал қаласы аумағындағы көптеген тұрғын үйлерді, әлеуметік және әкімшілік нысандарды тасқын су басты. Облыста қалыптасқан күрделі жағдайды қалпына келтіруге төтенше жағдай қызметінің барлық техникалары мен қызметшілері жұмылдырылды. Оған қоса Атырау, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан техникалар мен құтқару қызметі көмекке келді. Премьер-министрдің тапсырмасымен облысқа ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко Орал қаласына келді.
1 қыркүйек. Орал әуежайына «Орал – Алматы – Орал» маршруты бойынша алғашқы ұшақ келіп қонды. Осы маршрут бойынша «Фоккер — 100» ұшағы енді тұрақты қатынап тұратын болады.
4-8 қазан. Батыс Қазақстан облысында халық композиторы, әйгілі әнші Мұхит Мерәліұлының 170 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мұхиттың шығармашылығы туралы ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Қайдар Өтеғалиев, республикалық байқаудың лауреаты Мейрамгүл Орашева, тағы басқалары ой бөлісті.
23 қазан. Орал қаласында бұрын-соңды болмаған кең көлемде қоныстойы өтті. Бір күн ішінде үш 90 пәтерлік және 240 пәтерлік бір үй, екі балабақша және бір мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Барлық нысан көктемгі су тасқыны зардабын жою бағдарламасы бойынша салынды.
27 қараша. Облыстық кардиологиялық орталығында Батыс Қазақстан облысының тарихында алғаш рет жүрекке ота жасалды. Ота Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері Самара кардиология орталығының хирургі Виктор Белыйдың жетекшілігімен жасалды.
15 желтоқсан. Ақын Жанғали Набиуллин 75 жасқа толды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мерейтой иесінің үйіне барып құттықтап, тұлпар тарту етіп, құрмет көрсетті.
Версия для печати
Пікір үстеу