ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2012 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
2003 жыл
2004 жыл
2005 жыл
2006 жыл
2007 жыл
2008 жыл
2009 жыл
2010 жыл
2011 жыл
2012 жыл
17 қаңтар. Орал қаласында қазақтың белгілі ақындары Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевке ескерткіш тақта орнатылды. Карев көшесіндегі №69 үйге орнатылған тақтаның ашылу салтанатына Жайық өңірінің мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Осындай салтанатты шара бұрын облыстық «Екпінді құрылыс» газеті редакциясы болған Ғұмар Қараш көшесіндегі №14 үйде де өтті. Мұнда 1932 жылдан 1936 жылға дейін Қасым Аманжолов пен бірге біздің жерлесіміз, белгілі ақын Абдолла Жұмағалиев қызмет жасады. Ақын А. Жұмағалиевтің ескерткіш тақтасын ақын Қайрат Жұмағалиев пен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры Серікқали Шарабасов ашты.
20 қаңтар. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс әкімі лауазымына Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Елбасының бұл Жарлығын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин облыс активіне таныстырды.
16 ақпан. «Жайық Пресс» ЖШС-да жаңа ақпараттық орталық жұмысын бастады. Оның міндеті – Батыс Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық өміріндегі жағдайлардан шұғыл хабарлар беру. Ақпараттар қазақ, орыс тілдерінде қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, интернет пайдаланушылары және сол сияқты халықаралық ұйымдар, экономиканың шынайы секторлары кәсіпорындары және басқа да серіктестіктер үшін онлайн тәртібінде таратылады.
3 шілде. ҚР Германиядағы елшілігінің шақыруы бойынша «Орал сазы» ансамблінің ұжымы Германияға шығармашылық концертпен барды. Облыстық филармонияның әншілері ҚР Германиядағы елшілігінде және Магдебурге қаласында концерт берді.
14 шілде. Оралда Шамғон Қажығалиев атындағы II республикалық дирижерлер байқауы өтті.
8 қыркүйек. «Жайық Пресс» ЖШС-да қазақ заңгерлерінің бірі, қазақ халқының азаттығы жолындағы күрескер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 125 жыл қарсаңында оның қысқаша өмірбаяны мен суреті басылған дәптер шығарылды. Дәптердің тұсаукесері Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде өтті.
12 қазан. Облыстық қазақ драма театрында ақын Қайрат Жұмағалиевтің 75 жылдығына арналған «Жыры менің – елім менің» атты шығармашылық кеш өтті. Жылы құттықтау сөздер мен ізгі тілектерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев және басқа да қаламдас дос-жолдастары, оның талантына табынушылар айтты.
10 қараша. Оралда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтің қазақ халқының атақты ұлы Сырым Датұлына арналған «Тар кезең» тарихи романының тұсаукесері өтті.
4 желтоқсан. ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында №37 орта метептің ашылу салтанатына қатысты. Бұл – облыс орталығында биылғы жылы ашылған үшінші мектеп.
16 желтоқсан. Орал қаласында Салтанат сарайы ашылды. Қазақстанда жоқ сәнді сәулет ғимараты жаңа ықшамауданға көрік берді. Енді оралдықтар өмірлеріндегі салтанатты сәтті: неке қию, күміс, алтын тойларын және тағы басқа қуанышты сәттерін осында өткізеді.
жалғасы бар.
Версия для печати
Пікір үстеу