ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2007 жыл)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
2003 жыл
2004 жыл
2005 жыл
2006 жыл
2007 жыл
7 ақпан. Қытайда өткен қысқы Азия ойындарына қатысқан жерлесіміз, даңқты шаңғышы Елена Антонова алтын медальмен оралды. Ол осымен екінші рет Азия ойындарының чемпионы болды. Осыдан төрт жыл бұрын Жапонияда өткен сайыста алтын медальға ие болған еді.
5-6 шілде. Облысымызда алғаш рет жерлесіміз, күйшісазгер Мәмен Ерғалидың туғанына 140 жыл толуына арналған домбырашылардың республикалық конкурсы өтті. Оған Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 14 жас күйші қатысты. Екі күнге созылған сайыста бас жүлдені биыл Алматы консерваториясын бітірген, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті, жаңақалалық Досым Мақсотов жеңіп алды.
28 тамыз. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен және облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Өңірдің жаңа басшысын облыс активіне ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов таныстырды. Бақтықожа Ізмұхамбетов – Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, облыстар әкімі облыстық мәслихат депутаттарының келісімі алынған соң Президент Жарлығымен тағайындалған бірінші әкім.
7-9 қыркүйек. Орал қаласында Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, ақын Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлі, жазушы Қойшығара Салғарин, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және батыр жерленген Өзбекстаннан, көрші Ресейден келген көптеген қонақтар қатысты. Шара барысында ғылыми-практикалық конференция, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ертеңіне Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округі аумағында, Самара – Шымкент автожолының бойындағы Сырым батырға белгі орнатылды. Ал аудан орталығында аудандық мешіт және Сырым Датұлының мұражайы ашылды.
24 қазан. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да машина жасау факультеті ашылды. Факультеттің салтанатты ашылуына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, университет ұжымын жаңа факультеттің ашылуымен құттықтады.
24 қараша. Қазақстанда мұнайгаз саласы үшін компрессорлық құбыр шығаратын алғашқы «ҚазТрубПром» зауыты Орал қаласында ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Зауыт жылына 40 мың тонна құбыр шығарады. Онда 120 адам жұмыс жасайды, бірақ көп жұмыстар автоматты түрде атқарылады. Бұдан кейін облыстық аурухананың үшінші және төртінші терапевттік бөлімінің жаңа ғимаратының және «Динамо» стадионының күрделі жөндеуден соң халықаралық стандарқа сай қайта ашылу салтанаттары болды.
Версия для печати
Пікір үстеу