ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2009 жыл)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
2003 жыл
2004 жыл
2005 жыл
2006 жыл
2007 жыл
2008 жыл
2009 жыл
26 ақпан. Чехия Республикасының делегациясы облысымызда болды. Делегация құрамында бизнес, энергетика, өнеркәсіп, коммуникация және өзге де салалардың өкілдері бар. Айта кетейік, облыста сегіз Қазақстан-Чехия біріккен кәсіпорны жұмыс істейді. Батыс Қазақстан облысы мен Чехия Республикасы арасындағы тауар айналым 2,1 млн. долларды құрайды. Кездесуде облыс әкімінің біріншісі орынбасары Нұрлан Ноғаев екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, экономикалық байланыс жақсара түседі деген сенім білдірді.
8 мамыр. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Деркөл ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді.
14 қыркүйек. Жерлесіміз, Қазақстанның Халық әртісі, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жасқа толуына орай мерейтойлық шаралар өтті. Шара алдымен оның туған жері Қаратөбе ауданында басталды. Аудан орталығындағы саз мектебіне оның есімі берілді. Орал қаласындағы жастар сарайының жанында ескерткіші орнатылды. Ашылуына арнайы келген әншінің қызы Сәуле Құрманғалиева әкесінің есімін ардақтап, оның атындағы көше, гүлзар ашқан жерлестеріне алғысын білдірді.
21 қыркүйек. «Жайық Пресс» ЖШС жаңа ғимаратының тұсаукесері өтті. Бұл шара облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің тарихындағы елеулі оқиға болды. Көп жылдар бойы өздерінің жеке қонысы болмаған журналистер үшін жаңа ғимаратты облыс басшылығы сыйға тартты. Оның үстіне қазіргі заманғы баспа жабдықтарымен қамтылған баспахана ашылды. Мұндай баспахана еліміздің батыс өңірінде ғана емес, республикада бірінші рет ашылып отыр. Жабдықтар Жапония, Италия және Үндістаннан жеткізілді. Журналистердің қуанышын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев және бірқатар республикалық басылымдардың бас редакторлары бөлісті.
20 қараша. Облыстық клиникалық ауруханада офтальмологиялық бөлімше ашылды. Бұл бөлімше Қазақстан мен Ресейдің біріккен жобасы негізінде өмірге келді.
Жалғасы бар.
Версия для печати
Пікір үстеу