8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
20 Мамыр 2024 4653 0
Қоғам

Қос ананың өмірін толғаған

Жерлесім  Тамара Нәбиқызының аяулы анасы Мағзомова Жеміс Сарықызына арнаған «Ғибрат алдық анадан» атты жаңа туындысын тебіреніспен оқып  шықтым. Бисен ауылының барша ақ жаулықты асыл жандары жерден жем іздеген ақ көгершіндей топтасып көз алдыма келе қалды!

Беу, дүние-ай!.. Тереңнен ой толғаған құнды дүниеге  ел азаматы Қайырсапа Саматов екеуміз  пікір жазып едік. Тамара апам  кітабының  іші-сыртын алғысқа толтырыпты. Он баласын үкідей баптаған Батыр ана туралы қалам тербеген авторға алғысты мына біз айтуымыз керек қой, қайта! Осы жинаққа енген мақаламды  оқырманға ұсынуды жөн санадым. «Жайық үнінің» сайтына да жарияладым.

 Былтыр «Ене тағылымы» атты алғашқы кітабын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Нарынның нар ұлы» – Ғайсағали Сейтақтың Ақ Мамасына арнап, елдіелең еткізген  Тамара ханыммен   23 мамыркүні 16.00 де «Қадыр сарай» орталығы шырайлы шара өткізеді. Құтты болсын айта келіп, тағылымды кештен ой түйейік, ағайын!          

                     ҚОС АНАНЫҢ ӨМІРІН ТОЛҒАҒАН

  Ауылым Бисеннің ақ гүлі,  аққуы, гәккуі  Тамара. Тамара Нәбиқызы. Алты Алашқа әйгілі дарынды ақын  Ғайсағали Сейтақтың асыл жары.  Алла тағала сыйға тартқан үш балапанның бақытты анасы. Қолқанаттары бұйыртқан   немере мен жиендерінің  мейірімді әжесі. Бауырларының панасы.  Елдің ұстазы.

 Қолына қалам алып, былтыр ғана ғазиз ана  Темірғаным әжемізге, яғни, отағасы Ғайсағалидың ақ мамасына  арнап тұңғыш рет ғибратты кітап жазған еді.  Енді, міне, түн ұйқысын төрт бөлген, талай қиындықты өткерген туған анасы Жеміс апамызға да екінші жаңа кітабын арнап отыр. Ендеше, қос ананың батасын алып, қос ананың өмірін толғаған  Сейтақова Тамара Нәбиқызына  құтты болсын айтайық, ағайын, барша оқырман қауым!

   Алдымен «Ене тағылымы»  атты кітабына аялдайын. Бұл  еңбекті таңдай қаға, таңқалып оқыдым. Көңіліме тоқыдым.  Кез келген келін енесі туралы осындай шапағатқа, махаббатқа толы кітап жазса,  рухани  мұрадай ескірмейтін, құламайтын  ескерткіш  қалдырса,  қазақ халқының барлық шаңырағы әлемге шұғыласын шашып тұрар еді деген ой түйдім!      

   Иә,  даңқты батыр Бауыржан Момышұлының  келіні, асылдың сынығы әрі көзі Зейнеп Ахметқызы атасы туралы кеңінен толғанса, енесі жайында кітап жазған ұстазды  бірінші рет  көруім. Бұл естелік жинағы жөнінде белгілі ақын Байбота Серікбаевтың «Елде болмаған ерекше кітап» деуі еш артық емес.   Бұл  біздің киелі Ақ Жайықта, талай тұлпарлар шыққан, сұңқарлар ұшқан Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды болмаған, қайталанбаған  құнды дүние дер едім.  Өйткені, ешбір келін күйеуінің анасы жайлы кітап жазбаған еді. Ел алдында мақтап, құлағына ай сырға тағар, қолына күміс  білезік  кигізіп, камзолын жабар,  ағайын-туыстың көзінше  тілегін айтар. Үй болған соң сылдырлайтын ыдыс-аяқтың сылдырын естіртпес. Бірақ, жан-жүрегімен, шын ниетімен  «Апалап,  ақ мамалап»,  көз майын тауысып ештеңе жаза қоймас.  Кез келген келіннің қолынан барлық тірлік келер-ау,  бірақ та енесін үлгі тұтып шығарма  жазу келмес.  Бұл шындық! Әрбір әйел заты  сүйгеніне арқа сүйеп, ақ босаға аттағанда,  осы үйдің  түтінін түтетсем, бала-шағамды өсірсем, еріме еркелесем деп  барар… Армандар, қиялдар… Бірақ, ақ жаулығы желбіреп алдынан шығып, бетін көлекейлеген   шілтерді  ашып,  маңдайынан сүйіп    қарсы алатын енесі жайлы кітап жазам деп бармайды. Бұл жайлы ойламайды да.  Сондықтан,  барша оқырман  қауым  Тамара Сейтақованың  асыл аналарына  арнаған әр кітабын барша қаракөз қауымға, қазақ отбасына  өнеге тұтуымыз  керек.


Дәл қазір сіз бен біз  қолымызға ұстап, мұқабасын қызықтап, ішкі парағын ақтарып, көз қиығымызды салып, оқи бастаған жаңа дүниенің авторы осынау қос анаға  деген  ұлы сезімді, қуаты мотордай тасыған күшті, ақ бұлақтай сарқыраған сыйластықты  қайдан алды? Кімнен алды, қалай алды? Бұл сұрақтың  ең басында  ақ мақтадай жып-жылы ұясы, «өз үйі – өлең төсегі» тұр.  Ол –  Мағзомовтар әулеті! Тектілік те, білім де, тәрбие де, мықтылық та, даналық та  – бәрі-бәрі осы шаңырақтың тұтқасын ұстаған Нәби әкенің,  Жемістей ананың арқасы.  Мен бала кезімнен көріп, біліп өскен Мағзомовтар Бисен ауылындағы ел мақтаған  отбасы болатын.  «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, соның  ішінде Тамара Нәбиқызының «төбесі» бір бөлек болатын.  Бала кезінен жұлдызы  алыстан  жарқырап жанатын.  Бұған алақанымызға аялап ұстап отырған «Ғибрат алдық анадан»  атты кітаптың өзі  дәлел.

   Иә, өткен шаққа сәл шегініс жасамай болмас. Ойым өрілмес. Қайсыбір тұлғаның  бүгінгі келбеті өткен дәуренімен ұштасқан тарих.  Біздің Бисен ауылы жасыл желекке малынған, алыстан қарасаң,  ну орманға ұқсайтын. Жазиралы даласы малға толы. Көшелері  қоңыр құммен ирелеңдеген шағындау   мекен  еді.  Осы ауылдың  саф ауасын жұтып, терең  тыныс алдық. Бақытқа толы  балалық,  кеш болса доп қуып, көңілді  сергітетін алтын уақыт  өтіп жатты. Менің әкем Хамза Илиясов пен анам Базарғаным Шүкірқызы  Тамара апамның  отбасымен мидай араласты. Руластық жағынан туысқан  болатын.  Екі үйдің арасын  терең  қызыл сай мен құдық бөліп тұрса да, алыстан қол бұлғасып, бір үй  бір үйді жиі қонаққа шақырып, сырласатын.  Таң бозарып атқанша,  құстар оянғанша ән салатын. Әсіресе, Нәби аға біздің үйге  келерде әкем төрдегі кілемнің тұсына  ілінген үкілі домбыраны алып:  «Қазір Нәбақама күй тартқызамын. Саусақтары күйді шерткенде… Шіркін, мықты күйші болды ғой. Әттең, есепші болмағанда,  Алматыда жүрер ме еді домбырашы болып.  Есел Қазиев сияқты біздің ауылда санаулы күйшілер ғана бар» дейтін. Содан екі беті толған Айдай дөңгеленген   Жеміс апамызды қасына ертіп, Нәби аға  кіріп келгенде,  төріміз терезеден түсер Күннің сәулесін керек қылмайтын. Төңірегі  жарқырап сала беретін.   Көп сөйлемейтін, аса салмақты, мәдениетті, бойын тік ұстаған, шашын төбесіне тақия сияқты қиып, жинап қоятын өте таза, аса кірпияз  азамат-тұғын Нәби аға!    Кең пейілдері ескектей ескен  осынау жандарды өзім де сағынып кетемін бұл фәниден  о жалғанға ерте аттанған ата-анамды еске алғанда…

     Әттең, Нәби ағаның да ғұмыры тым қысқа болды. Бір қанышер жазықсыз жапа шектірді.  Сол жылы көктем ерте оралып,  көкорай белдер көктеп, Ұлы Жеңіс мейрамын тойлауға асығып, ауыл шетінде ат тұяғы дүбірлеп, керемет ән  әуелеп жатқан-ды. Кенет: «Бір опасыз Нәби Мағзомовты жазым етіпті» деген бір ауыз  сөз, қаралы хабар тез тарап, ел-жұрттың төбе шашын тік тұрғызды.  Аядай ауылдың аспанын қара бұлт жауып,  көз жасы сіркіреп ағып, найзағай ойнады.  Ауылдың  іргесіне бомба түскендей, тіршілік атаулы  иесіз  қалғандай  болды. Жұрт аза тұтты. Жүздеген адам, қаралы қауым ҰОС ардагері Нәби ағаны 9-мамыр күні қимай-қимай қара жерге аттандырды. Жоқтау айтып зарлаған  Жеміс ананың  үні, он ботақанның боздауы сай-сүйекті сырқыратты. Ауылымда  болған сол бір қанды  оқиға, ауыр қаза  көз алдымда қалып қойды…  

   Сол кезде Тамара Нәбиқызы Бисен Жәнекешов атындағы орта мектепті жақсы бітіріп, белін бекем буып, апасы Гүлайым, алдыңғы толқын ағалары Ерболат, Орынғалиға қарайлап, анасына қолқанат болуды ойлаған, титтей бауырлары Венера, Нұрболат, Айғаным, Жанар,  Шынар, Жарқынды қамқорлаған   қарғадай қыз еді.  Асқар тауын аңсап,  шыбықтай сынып жүрсе де,  тұла бойын кек кернесе де,  еш сыр бермеді. Өзі білім алған Бисен мектебінде мұғалім болып екі жыл  жұмыс істеп, бала оқытты.  Ағылшын түгіл, орысшаға тілі келмейтін талай шәкіртке шет тілін үйретті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған  анасына,  бауырларына қорған болды. Ғайыпта жұлдыздай ағып түскен әкетайын  ойлаған сайын  атақ-даңқын өшірмеуге, есіміне кір келтірмеуге  асықты.  «Орнында бар оңалар» демекші, жүйрік  уақыт жүректегі қайғыны да біртіндеп емдеді. Халық та дем берді. Әке әруағы желеп-жебеді.  Қайғыдан езілген жүрек лүпілдеді. Қара орамал жамылған Жеміс апам қайтадан ақ орамал тақты басына. Көз көргендер,  алыс-жақын туыстар, жанышыр достар жақындады қасына. Сөйтіп, тірліктің таңдары ағарып атты. Біртуар азаматты әп-сәтте жоқ қылған әлгі қанышерді абақтыға жапты. Сонымен, ауыр дерттің соңы өмірдің әніне  ұласты. Бір күні «Нәбақамның қызы Тамара өзіміздің Ордадан шыққан ақын жігітке тұрмысқа шыққалы жатыр екен. Тойлары Оралда өтетін көрінеді» деген жағымды жаңалық тарады.  Жеміс апамның бақшасында бұлбұлдар  сайрады. Қоңыр күздің  соңы – қараша айы айында Тамарасын ұзатып,  Оралдан Жеміс апам оралды. Жүзі бақыттан бал-бұл жайнап тұр.  

    Арада жыл өтті. Бір күні ауылдың  қақ ортасындағы  мұржадай  радиодан  «Құралайым! Сені көрмей, мен қалай тұра алайын. Сенің күлкің жетеді жер бетінде, Өзге бақыт ешкімнен сұрамайын» деген дауыс құлаққа саңқылдап естілді.  Бұл Ғайсағали Сейтақтың тұңғыш сәбилері  Құралайға арнаған өлеңі еді.  Осы жыр бүкіл бисендіктерді   нұрға бөледі. Екі жастың тұлабойы тұңғыштарына туған өлкесі  іштей тілек тіледі.  

  Ырыс-несібенің  қазанын қайнатып, дастарханын жайнатып,  отағасы Нәбиден тараған балаларын  тістелеп жүріп  қатарға қосып, ауыртпай өсіріп,   немере-жиен сүйіп, құдағай болып төрде отырып, тамырын  тереңге  тартқан  мәуелі бәйтеректей  жайқала берді Жеміс апамыз. Нағыз ана  бақыты деп біз осыны айтамыз!   Нәбидей отағасының отын өшірмей, қилы күндерден түңілмей, қайғының қара тасын  нәзік иығымен көтере білген  Жеміс апамыз  түптің түбінде  жеңіске жетті. Мәңгілікке жаратылған ешкім жоқ. Дәм-тұзы таусылғанда өмірден өтті.

     Менің  айтпағым, «Тоқсан ауыз сөздің тоқ етері», Жемістей анадан нәр алған ұл мен қыздың атынан қолына қалам ұстап, естелік жазған Тамара апамыз осы кітабы арқылы да, тағдыры  арқылы да  кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсете алды. «Алып анадан туады» дейді.  Ендеше, Жемістей анасы  жайлы  ой толғап, сөз өнерін кестелеп, естелік қалдыруы – үлкен  еңбек. Сіз бен біз бас иіп, қол соғатын, құптарлық іс!  Ақ бесікте тербеліп, уілдеп өскен әр бала өскенде  ата-анасын осылай пір тұтып, енесін  аялап, қадірлеп, жақсылығын жұртқа жария етіп, мақала, шығарма  жазса, нұр үстіне нұр болар еді.   Отанымызға  балайтын  Отбасымыздың  шырағы сөнбей,  алаулап  жанып тұрар еді.  

 Олай болса, асыл анаңыз, Жеміс апамызға арнаған  жаңа туындыңыз құтты болсын! Қаламыңызға жыр, қадамыңызға гүл бітсін, Тамара апа!

«Тектіден –текті туады, Тектілік тұқым  қуады.

Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін, Қатерге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен, Жанына жұртын жияды» деген екен Бекасыл ақын. Ендеше, текті  ата-ананың жолымен,  жақсылардың ізімен Ғайсақаммен бірге  тірліктің  кемесінде  аман-сау жүзе беріңіз!                                                                                                                                                


Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Версия для печати

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Ауызша ескерту жасады
19 Шілде 2024
118 0
Қалалықтар қаперіне
Қазақстанда газ бағасы кезең-кезеңімен көтеріледі
16 Шілде 2024
263 0
Қалалықтар қаперіне
Өңірдегі энергетика саласы үздіксіз қамтылуы тиіс
11 Шілде 2024
605 0
Қалалықтар қаперіне
Рұқсат етілмеген жерде шомылған
11 Шілде 2024
596 0
Қалалықтар қаперіне
Ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойылды
08 Шілде 2024
811 0
Құттықтаймыз!
Оралдың төрінде домбыра музейі ашылды
08 Шілде 2024
864 0
Оқиға
Сейф ұрламақшы болған
05 Шілде 2024
1061 0
Қалалықтар қаперіне
700-ден астам шетелдік журналист хабар таратты
04 Шілде 2024
1108 0
Қалалықтар қаперіне
Салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты
03 Шілде 2024
1241 0
Бәрекелді!
Құралай тағы бір белесті бағындырды
02 Шілде 2024
1294 0
Қалалықтар қаперіне
Еңбек шартына смартфоннан қол қоя алады
02 Шілде 2024
1315 0
Құттықтаймыз!
ҰБТ-дан 140 балл жинады
28 Маусым 2024
1666 0
Оқиға
Полиция қызметкері қайтыс болды
27 Маусым 2024
1747 0
«Жақсыдан – шарапат»
Ғасыр жасаған «ғаламат» АНА
25 Маусым 2024
1902 0
Қалалықтар қаперіне
Төрт мың абонент жарықсыз қалды
25 Маусым 2024
1877 0
Қалалықтар қаперіне
Екі шенеунік жауапкершілікке тартылды
22 Маусым 2024
2142 0
Оқиға
Өртенген үйден мүрде табылды
22 Маусым 2024
2169 0
Қалалықтар қаперіне
Жол бойынан 1,5 тонна қоқыс жиналды
20 Маусым 2024
2248 0
Бәрекелді!
Мемлекеттік награда алды
19 Маусым 2024
2299 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»