ОРАЛДЫҚ 100-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ШАҢҒЫМЕН ЖҮГІРУГЕ ҚАТЫСТЫ
Бүгін Оралда қысқы маусымын шығарып салуға арналған көпшілік шаңғы жүгірісі ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен шараға спортты серік еткен 100-ден астам оралдық қатысты. Шара қорытындысында маусымның белсенділері марапатталды. Сондай-ақ бұл көпшілік шаңғымен жүгіру шарасында арқа бұлшық еті атрофиясы диагнозы қойылған Эмир Шахмаровқа көмек жиналды.
Түс ауа бүлдіршіндерден бастап зейнет жасындағы адамдарға дейін аяқтарына шаңғы байлап, бастау сөресіне тізілді. Шаған арнасы бойымен үш шақырымды жүріп өткендер қатарында қала басшысы Абат Шыныбеков те болды.
Қыстың соңғы күні болғанымен, аяздың беті әлі қайта қоймады. Дегенмен, шаңғы спортының әуесқойларына бет қарыған аяз да кедергі болған жоқ. Белгіленген қашықтықты еңсеру үшін шеберліктерін көрсетті.
– Спортсүйер қауым үшін шаңғы ғана емес, басқа да спорт түрлерімен айналысуда ауа райының қолайсыздығы кедергі емес. Бала кезімнен спортты жаныма серік етіп келемін. Әсіресе, анам шаңғымен айналысқанымды құп көретін. Мені осы спортқа әкелген анам. Түрлі жарыстарға шығып та жүрмін, – дейді шара қатысушысы Святослав Грецкеевич.
Көпшілік шараның ортасынан табылған зейнеткер Кәкиден Жұмахметов те бала күнінен шаңғы тебушілердің қатарынан екенін айтты. Жасы 75-ке келген Кәкиден аға күнара шаңғысын аяғына байлап, серуенге шығады екен. Ақсақал қаламызда спортпен айналысуға қолайлы жағдайлардың жасалап жатқанына және әуесқойлардың басын қосатын шаралардың ұйымдастырылып жүргеніне ризашылығын білдірді.
Бұл шара қыс маусымын шығарып салуға арналғанымен, табиғат әлі де шаңғышылар үшін серуен құруға мүмкіндік беріп тұр. Сондықтан оралдықтар шаңғы тебуді әзірге тоқтатпайтыны анық.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күнімен құттықтауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі

Жәнібек аудандық сотында 11 жыл бұрынғы өлім фактісін анықтау туралы азаматтық іс қаралды

Оралда жол апаты: үш көлік соқтығысып, жаяу жүргінші жолы тағы да қауіпке айналды!

Тоқаев Қытай үкіметіне 1500 ақбөкен сыйға тарту туралы шешімін жариялады

Батыс Қазақстан облысында энергетикалық әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасуда

Пікір үстеу