ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2002 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
10 қаңтар. Астана қаласында үздік аудандық ардагерлер ұйымы арасындағы республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды. Үшінші жүлделі орын облысымыздың Ақжайық ауданы ардагерлер ұйымына берілді.
21 Ақпан. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанында украин ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Батыс Қазақстан облысында 19 мың украиндық тұрады. Жаңа орталықтың жоспарында кешкі мектептер ашу бар. Онда балалармен қатар үлкендер де ана тілінде оқитын болады. Украин халқының салт-дәстүрін дамыту орталық мүшелерінің басты жұмысы болмақ.
2 сәуір. ҚР мен РФ Үкіметтерінің арасындағы келісімге сәйкес Орал қаласында Ресей консулдығы ашылды. Консуль болып Дмитрий Романов тағайындалды.
11-12 маусым. Германияның Экономика және технология министрлігінің ұйымдастыруымен Ақ Жайық өңірінде Неміс экономикасының күндері өтті. Соған орай Алманиядан құрамында халықаралық мәселелер жөніндегі Шығыс және Азия елдеріне ықпал ету менеджері Франк Мюллер бастаған неміс бизнесмендері мен білім беру орталықтарының мамандары бар делегация келді.
25 шілде. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясының» тұсаукесері өтті. Бұл – Ғарифолла Әнесов жетекшілік жасаған авторлар еңбегінің нәтижесі. Алғаш рет біздің өлке туралы көп материал жиналды. Оның тұсаукесер салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев, жазушы-академик Зейнолла Қабдолов, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі қатысты.
14 тамыз. «Металбұйымдары» зауытының ұжымы жаңа өнім түрлерін шығаруды қолға алды. Қазір мұнда тұрғын үй және басқа да құрылыс нысандары үшін темірден жасалған шатырлар шығарылуда. Кәсіпорын сонымен қатар болаттан жасалған қабырғалық профнастиль шығаруды игерді. Ауысымына 10 тонна металл өңделеді.
27 тамыз. Орал қаласының орталық алаңында қазақ халқының ұлы ақыны, философы Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды. Осы күні А.Островский атындағы театр жанындағы саябақта орыс жазушысы Михаил Шолоховтың бюсті орнатылды.
1 қыркүйек. БҚМУ-дың аграрлы-техникалық институты жаңадан ашылған мұнай және газ факультетіне студенттер қабылдады. Мұнда жерге орналастыру, жер кадастры, құбыр желілері көлігі, қолданбалы математика және физика-техникалық ғылымы бойынша мамандар даярланады.
24 қыркүйек. «Жайықауылқұрылыс» фирмасы республика бойынша құрылыс және құрылыс индустриясы саласында сапалы жұмыс атқарған төрт үздік компания қатарында 2002 жылдың мемлекеттік сыйлығына ие болды.
7 қараша. ҚР Үкіметінің қаулысымен БҚМУ қайтадан жасақталды. Оның құрамынан аграрлы-техникалық университет бөлініп шықты. БҚМУ-дың ректоры болып тарих ғылымының докторы Мұрат Сдықов, БҚАТУ-дың ректоры болып ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Қазыбай Бозымов тағайындалды.
2 желтоқсан. Прага қаласында Солтүстікатлант альянсына кіретін 19 мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында ашылған ірі көрме залына екі қазақстандық суретшінің еңбектері қойылды. Оның бірі – батысқазақстандық әйгілі суретші Сәкен Ғұмаров. Суретшінің Бөкей хандығы туралы еңбегі көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Версия для печати
Пікір үстеу