ОРАЛДА ГЕМОДИАЛИЗ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
«Қала күні» мерекесін атап өту аясында Орал шаһарында бірнеше әлеуметтік нысан ашылуда. Солардың бірі бүгін, 2з қыркүйек күні салтанатты түрде жаңа ғимаратта жұмысын бастаған «BIOS» медициналық орталығының гемодиализ орталығы. Орталықтың ашылуына қала әкімі А.Шыныбеков қатысып, бүйрек ауруына ұшыраған науқастар үшін орны ерекше медициналық ұйымның жұмысымен танысты.

«BIOS» ЖШС орталықтар желісінің Орал қаласындағы гемодиализ орталығы 2015 жылы жұмысын бастаған еді. Компания директоры Жеңіс Алкиннің айтуынша, алғашында шағын ғимаратта 5 диализдік құрылғымен созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар 10 науқасты қабылдаған. Бүгінде бұл ұйымнан қызмет алушылардың саны да артқан. Осы ретте орталық жаңа, жайлы ғимаратқа көшіріліп, қызмет көрсетуде. Орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімі Абат Шыныбеков медициналық ұйымның қызметіне сәттілік тілеп, әлемді жайлаған пандемиямен күресте барша қазақстандықтармен қатар оралдықтар да табандылықпен қарсы тұрғанын, соның ішінде медицина мамандарының азаматтардың денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегін атап өтті.
– Мемлекет қаражатына ғана емес, жеке инвестициялар есебінен ашылатын нысандар – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының бір көрінісі. Жеке инвесторлардың тұрғындардың сұранысына орай әлеуметтік нысандарды іске қосуы – әл-ауқатымыздың артуы, экономикалық даму бағытындағы мемлекеттік қолдаудың нақтылығы. «Қала күні» аясында осы аптада көптеген жаңа нысандар ашылмақ. Солардың ішіндегі маңыздылығы айрықша нысан – осы гемодиализ орталығы. Адамдардың өмірі – мемлекеттің ең басты байлығы. BIOS гемодиализ орталығы – азаматтарымызды денсаулығын жақсартуда, өмірін ұзартуда сапалы қызмет атқарып келеді. Әрі орталықты кеңейту туралы жоспарлары бар. Бұл ретте қала әкімдігі қолдауға дайын. Диализге мұқтаж науқастарға қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен қызмет көрсетуге мүмкіндік жеткілікті. Кәсіпкерлердің де осы саладағы қызметіне мемлекет тарапынан қолдау зор. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры арқылы әр медициналық қызмет қаржыландырылуда, – деген Абат Абайұлы жаңа қондырғылармен жабдықталған орталықтың науқастардың сапалы ем алуына септігін тигізуін тіледі.

Орталықта германиялық «Bbraun» және жапониялық «Nipro» компанияларының он аппараты бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюповтың мәліметінше, диализдік ем жүргізуде құрылғылардың маңыздылығы зор.
– Бүгінде облыс аумағында үш гемодиализ орталығы жұмыс жасауда. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастардың өмір сүруін ұзарту үшін сапалы ем жүргізілуі керек. Біріншіден, бұл трансплантация болса, екіншісі – бағдарламалық гемодиализ. Гемодиализдік аппараттардың техникалық сипаттамалары мен сапалы болуы – пациенттердің өмір сүруі ұзақтығына ықпалын тигізеді. Бұл ретте «BIOS» орталығының заманауи құрылғылармен жабдықталғанын көрдім. Bbraun – нарықта өте жақсы ұсынылған құрылғылар саналады, – деді Болатбек Амангелдіұлы.
Сондай-ақ бұл орталықта швециялық «Gambro» су тазарту жүйесі орнатылған. «BIOS» орталықтар желісінің директоры Жеңіс Алкин атап өткендей, судың тазалығы емнің сапасына оң әсерін береді. Орталықта екі дәрігер-нефролог, сегіз медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Бүгінде 45 пациент гемодиализдік ем алуда. Жалпы үш ауысыммен 70-ке дейін науқасқа қызмет ұсынуға мүмкіндік бар. Пациенттерге ыстық тамақ беріліп, тасымалы ұйымдастырылады. Жоба тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта көрсетілетін қызмет көлемі жылына 320 000 000 теңгені құрайды.

Айта кетейік, «BIOS» ЖШС 2000 жылы ашылған. Медициналық ұйым созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен І және ІІ топтағы мүгедектерге көмек көрсетуді бастаған еліміздегі алғашқы жеке орталықтардың бірі. Олар 2003 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында науқастарға диализ қызметін көрсетуде. Бүгінде аталған серіктестіктің Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Қостанай, Атырау және Орал қалаларындағы клиникаларында 400-ден аса пациент ем алады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
«Elge qyzmet: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында жастармен кездесу өтті
Мемлекеттік қызметтер: жүйелі мәселелерді шешу және сапаны арттыру
Еліміздің батысында көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды
2028 жылғы шілдеге дейін еліміздегі 2,6 мыңнан астам шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллект енгізу жобасымен қамтылады
Спорт саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды
Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты
79,3% казахстанцев характеризуют обстановку в стране как благополучную или стабильную
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс мәселелері түсіндірілді
Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау мәселелері талқыланды
«ЖАЙЫҚ ЖҮЙРІГІ – 2026»: Жүйріктер додасының жеңімпаздары анықталды
Оралда алғаш рет «JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтті
Оралда қала күніне орай І халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі өтті
ОБЛЫС ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВПЕН КЕЗДЕСТІ
Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
Не только физики-ядерщики: студентам рассказали, кому найдется работа на будущих АЭС Казахстана

Кіру
Пікір үстеу