ДЕРКӨЛГЕ ӘКІМДІК КЕРЕК
Соңғы күндері халық арасында Орал қаласы іргесіндегі Деркөл елдімекені Бәйтерек ауданына берілетіні туралы хабар тараған болатын. Бүгін Деркөл мәдениет үйінде өткен жиында Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков бұл мәселеге нүкте қойып, Деркөлдің ешқандай ауданға берілмейтінін айтты.

2013 жылы Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аймақтық үйлестіру заңнамасына сәйкестендіріліп, Деркөл тұрғындарының ұсыныс-тілегімен Деркөлге «шағынаудан» мәртебесі берілген болатын. Сәйкесінше, жергілікті әкімдік қысқартылып, «Орал қаласы әкімі аппаратының әкімшілік-аумақтық даму бөлімі» ретінде құрылды. Кейінгі жылдары Деркөл елдімекенінің халқы қарқынды өсті. Қазіргі уақытта Деркөл «Сарыарқа», «Көкжиек», «Үміт» шағынаудандарын қамтиды. Оған қоса елдімекен маңында бірнеше ауыл-саяжай қауымдастықтары бар. Жалпы алғанда тұрғындар саны 20 мыңға жуықтаған. Халық санының артуына байланысты әлеуметтік сұраныстардың да көбеюі заңды. Кейінгі 1-2 жыл ішінде екі жаңа мектеп, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешені ашылды. Шағынауданға жол салу, елдімекендерге таза ауыз су тарту жұмыстары және тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін оң шешу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, тұрғындар әкімдікке қатысты мәселелер қала орталығына – қала әкімдігіне бармай-ақ жергілікті жерде шешілгенін қалайды. Ол үшін әкімдік ашу қажет, яғни деркөлдіктер елдімекеннің өзінде бұрынғыдай әкімдік болғанын қалайды. Бұл мәселе бұған дейін өткізілген «Ашық әкімдік» шаралары кезінде бірнеше рет ұсынылған болатын. Бүгінгі «Көкжиек» шағынауданындағы №48 орта мектеп базасында және Деркөл мәдениет үйінде өткен қос кездесуде халық осы мәселені қайта көтеріп, қала әкімінен қолдауды сұрады.
– Деркөл, «Сарыарқа», «Көкжиек» шағынаудандары тұрғындарынан өтініштер түсуде. Әкімдік ашу туралы ұсыныстарыңызды біз қолдаймыз. Әрине оған қосымша штат бөліп, қаржылай қамтамасыз етуіміз қажет. Бұрын әкімдік болғандықтан, барлық инфрақұрылым сақталған, ғимарат, тірек пункті бар. Бүгінде қала аумағындағы Зачаганск, Круглоозерный «кенттік округ», ал Желаев «ауылдық округ» мәртебесіне ие. Сәйкесінше, олардың өз бюджеттері бар. Мәселен, Зачаганск кенті өткен жылды 404 млн. теңге бюджетпен аяқтады. 165 млн.теңгесі – салықтан түскен өз бюджеттері. Оны жергілікті қоғамдастықпен бірлесе кеңесіп, жаяу жүргіншілер жолын абаттандыруға, жаңа қоқыс контейнерлерін алуға және басқа да қажеттіліктеріне жұмсады. Деркөлдің де мәртбесі өзгертіліп, өз әкімдіктері болса, қалалық әкімдіктің қаржы бөлуін күтпей-ақ, аулаларды, саябақты абаттандыру, ойын алаңдарын салу және басқа да күнделікті туындаған мәселелерін өздері шешуге мүмкіндік алады. Осы ретте Деркөл, Ветелки, Маштаков немесе қала аумағындағы басқа да шағынаудан, ауылдарды басқа ауданға беру туралы желсөзге сенбеулеріңізді сұраймын, – деді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткізілген кездесу аясында қоғамдық көліктердің қызметі, жол салу, аулаларды абаттандыру, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында ескерткіш саябағын жөндеу мәселелеріне байланысты сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды.
Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындармен кездесулері 29 қаңтарға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ШТАБЫ ЖӘНІБЕК ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу