8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
23 Мамыр 2019 2381 0
Қоғам

«АР АЗАБЫ» – ҚОҒАМНЫҢ БІТЕУ ЖАРАСЫ!

Мамырдың 20-сы күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Тасқала ауданы әкімдігінің және аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» драмасы алғаш рет көрермен көзайымына айналды. Қойылымды Тасқала аудандық халық театрының режиссері Мағжан Жұмағалиев сахналады. Халықаралық әдеби сыйлыққа лайықты деп танылған қаламгердің бұл, бесінші кітабы «Ар азабы» туындысының алғашқы қойылымының көрермені тым көп болды. Театрда ине-шаншар орын болмай, жастар жағы залда тізе бүгіп отырды. Мұның өзі қазіргі көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, мәртебесін көтеруге айрықша еңбек сіңіріп жүрген қаламгер Мира Хамзақызына деген ел құрметі әрдайым жоғары екенін бір дәлелдеді.


Алдымен жазушы Мира Шүйіншәлиеваға ел-жұртының алғысын, ақ батасын облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жеткізді.
– Мира Хамзақызының шығармашылығын қаншама халық сүйіп оқитыны бүгін міне, залдың өзінен байқалып тұр. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы 1992 жылдан бері беріліп келеді. Соның арасында небір атақты жазушыларымыз, әдебиетшілеріміз осы сыйлықтың иегері болып отыр. Соның ішінде біздің Ақ Жайықтан Мира Хамзақызы үшінші тұлғамыз. Ең алғаш 2001 жылы жазушы Мұқадес Есламғалиұлы, 2008 жылы Ақұштап апамыз халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған болатын. Міне, араға он бір жыл салып, сүйінші хабар келді. Осы жолы Мира Хамзақызы үлкен дәрежедегі әдеби сыйлықты елге әкелді. Қоғамда қандай жағдай болмасын, адамгершілік қасиетімізді әрқашан сақтауымыз туралы жазушы өз шығармасында шебер суреттейді. Сондықтан бүгін сахналатын туындыны сарапшыларымыз, әдебиет саласының майталмандары халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына лайықты деп санады. Алдияр Сансызбайұлы бастаған тасқалалықтарға ерекше алғысымызды білдіреміз. Өйткені аудандық деңгейге қарамастан, шығармашылық топ облыс орталығына келіп, Мира Хамзақызының туындысын халыққа ұсынып отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Бұдан соң сахнаға көтерілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева: – Қымбатты Ақ Жайық жұрты! Әдебиет, не нәрсе өзі?! Рухани жаңғыру дейміз. Нені жаңғыртамыз? Міне, соның бәрін ойлау үшін бізге кейде бір осындай кештер керек. Мен өзім көре қалған ұлы жазушымыз, Мұхтар Әуезовтің төл шәкірті, «Менің Әуезовім» деп кітап жазған, академик Зейнолла Қабдолов «Әдебиет – ардың ісі» деген еді. Иә, расында әдебиет – ардың ісі. Әрине, жасыратыны жоқ, бүгін әдебиет оқуға қол тимейтін болды. Ол да рас. Қазіргі әдебиет кей жерде бардың ісі болып кетті. Жазғысы келген жазып, ақшасы барлар кітап шығарады. Кейбіреулер ақшамен де әдебиетті пайдаланып жатыр. Бірақ, уақыт деген төреші, халық, ұрпақ деген бар. Соған сенеміз. Уақыт екшейді. Халық таниды, ұрпақ орнына қояды. Тарих сызып тастаған алаштың әулиелерін қайтадан әкеліп жаздық. Міне, әдебиет деп соны айт! Сондықтан оның бәрін уақытқа жабыстырамыз. Бүгінгі кешке келсек, мен өз басым қалам ұстаған қазақ әйелінің бәрін ұқсас деп білемін. Өйткені әйелге қалам ұстау, қорқаққа қару ұстаумен бірдей. Сондықтан ізімнен ерген Мира сіңлімнің осындай шығармашылық жолда үлкен абыройға ие болғаны, қиын тағдырлармен, өз өмірімен күресе жүріп шығарма жазуы, ол шығарманың көптің көңілінен шығуы – үлкен қуаныш. Сенің кешіңнен ардың азабын, ақылдың керегін, ұяттың барын, адамның өмірдің жүгін сезу керегін ойланып қайтсақ, ой салсаң – ол сенің бақытың, бәріміздің қуанышымыз, – дей келіп, республикадағы мүйізі қарағайдай қаламгерлерге талантымен мойындалып, күрделі проза жанрында өз орнын алып келе жатқан Жайықтың мақтан тұтар қызына сәт сапар тіледі.


– Мен осы жерге жүрегім лүпілдеп, бес түйір гүлімді алып, үлкен бақыт қуанышымен көтеріліп тұрмын. Себебі, Ақ Жайықтың тағы бір қызы, батыр қыздарының соңынан ілесіп келе жатқан, қаламымен халқына қызмет етіп жүрген, батыр апаларының ізін қаламымен жалғастырып келе жатқан шынашақтай қазақтың бір қызы Ақ Жайықтың абыройын асқақтатып, әдеби «Алаш» сыйлығына ие болу деген – алдындағы апасы, тілеулесі, тілектесі ретінде мен үшін үлкен қуаныш. Ортақ қуанышымыз құтты болсын, ағайын. Ақ Жайықтың қазақ әдебиетінде алатын орнын айтып, алтын уақыттарыңызды алмай-ақ қояйын. Біз, аналар, әкелер, аталар, әжелер ұрпағымызды ар азабынан сақтасын, ұрпағымызға ар азабын тартқыза көрме дейтін тілекпен жүретін қазақпыз. Сол тілегімізді бүгінгі шығармадағы шытырман оқиғаларды көре отырып, іштеріңізден күнде қайталайтындарыңызға сенімдімін. Мен «Ар азабын» оқыдым. Қоғамның бітеу жарасы. Қоғамның шиқаны. Ол бүгінгі біздің көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезініп, ей, Алла осыдан сақта деп жүрген оқиғалардың көрінісі. Ол ұлттық тәрбиеден алшақтаған ұрпақтың санасының көрінісі. Сол санасыз ұрпақтың ұрпағын бағып, зар жылап отырған қазақ анасының көрінісі. Әрине, біз мұны қаламаймыз. Айналайын халқым. Ұрпағымызға ар азабын тартқыза көрмесін. Менің тілегім – осы. Ұрпағымыз аман, халқымыздың ауызбірлігі мықты болсын. Бірімізді-біріміз бағалап, бірімізді-біріміз сағалап, осы өмірдің қадірін білейік. Бүгінгі көріністен осы көріністі түйесіз, – деген ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязова жазушының көркемдік тұтастыққа айналған сөз өнері әлеміндегі шеберлік үлгісі, шығармашылық тылсым әлемі көркейе беруін тіледі.
Бұдан соң зал сілтідей тынып, көрермен бір деммен «Ар азабы» қойылымын тамашалады. Шығарма желісіндегі ұрпағының тәрбиесіне салғырт қараған ата-ананың өкініші, орда бұзар отызға келген шағында сезімнің шырмауына шырмалған Ғаділбектің аңқаулығы, еркеліктен есі кірмеген Ботаның сұмдық әрекеттері, яғни бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесі көрерменді сан-түрлі күйге бөледі. Бірде қуанып, бірде кейіпкерлермен бірге жылаған жұртшылықтың ішкі жан-дүниесінің арпалысын санамызбен түйсіндік. «Ар азабын» тартқан жазықсыз сәбидің іңгәлаған шырылы жүректерді еріксіз егілтті. Қойылым аяқталғанда жұртшылық Тасқала аудандық театры әртістерінің шынайы өнеріне ұзақ-ұзақ қол соғып, жоғары бағасын берді.
Осы кезде жаны да, сөзі де сұлу Ақ Жайықтың жазушы қызы сахнаға көтерілгенде көрермен ыстық ықыласын риясыз шапалағымен білдіріп, шоқ-шоқ гүлдерін ұстап, құттықтауға асықты.
– «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші өзінің текті жерден екенін дәлелдеп, жас болса да Ақұштап, Шолпан апаларымыз бастаған көшке ілескен қарындасымызға құрметіміз шексіз. Бүгінде Мира Хамзақызы «ҚазИИТУ» ғылыми білім кешенінің студенттеріне де ұлағатты тәлім-тәрбие беріп, жастарға үлгі көрсетіп жүр. Абай атамыз «Биікке қыран қалықтап шығады, жылан бауырымен жорғалап шығады» дейді. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деп «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені ұжымының игі тілегін оқу орнының ректоры, профессор Әліби Баяхов жеткізсе, өзге де көрермендер осы ойға қосылды.
Бұдан соң сахнаға гүл шоқтарымен көтерілген Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов өзі басшылық ететін аудан жұртшылығы мен жазушының жерлестері ордалықтардың алғысын білдірді. – Дәл осындай әдемі кеш сыйлаған Мира Хамзақызына, өнерлерімен көрерменін тамсандырған тасқалалық әртістерге шексіз ризамын. Шығармашылық өрлеу тілеймін, еңбектеріңіз жана берсін. Шынайы қойылымның көрермені бұдан да көбейе берсін, – деген ақжарма тілегін ақтарды Алдияр Сансызбайұлы.
– Ардақты ағайын, алаш жұртым! Бүгін алтын уақыттарыңызды бөліп, кішкентай ғана Миратайларыңызға келіп, жүрегімнен туған шығармамды тамашалағандарыңыз үшін басымды иемін. Өткен жылы аузы дуалы Дулат ағам мен Мереке Құлкенов осы сахнада тұсауын кесіп, ақ батасын берген осы кітабым қыруар жазушының ішінен оқ бойы озық шығып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алады деп еш ойламадым. Мұның бәрі сүйікті оқырмандарым, сіздердің арқаларыңыз деп білемін. Себебі әлеуметтік желіден сұрап, кітапханалардан іздеп кітабымды қызыға оқыдыңыздар. Әрине, Ақұштап, Шолпан апаларым айтқандай, өмір бар жерде әдебиет болады, оның сәулесі сөнбейді. Менің өнерімді бағалаған облыс әкімі Алтай Көлгіновке, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлына, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерейқызына, Жайықтың жарық жұлдызы Шолпан апама, игі жақсыларға алғыс айтамын. Алдияр Сансызбайұлы бастаған Тасқала аудандық әкімдігіне, Тасқала аудандық халықтық театрына шексіз ризамын. Қойылымды сахналаған әртістердің бәрі кәсіби мамандар емес. Бірі еден жуушы, бірі аспазшы, бірі көлік жүргізуші, бірі мұғалім дегендей. Қызғалдақ тастың астында жатады, бірақ бір күні шығады, гүлдейді, Өнер де солай, бұлақ болып, өзенге айналады. Өнерлеріңіз өрге жүзсін. Өздері кітабымды оқып, ой түйіп, сахналаған бас режиссер Мағжан Жұмағалиев пен аудандық Мәдениет үйінің директоры Жанар Нұрболатқызының еңбегі зор. Бұл екі бауырым да бөкейліктер. Сосын да бүйректері тартып тұр ғой… Баршаңызды маған өмір сыйлаған ата-анамның аруағы сыйласын. Өз жұртым Илиясовтар әулеті мен қайың жұртым Шүйіншәлиевтер әулеті атынан ақ қардай алғысымды жаудырамын. Сіздерге деген ілтипатымнан жаңа ғана туған бір-екі шумақ өлеңімді тарту етейін.
Хас өнердің құлатпаған мұрасын,
Зердеге ой, көңілге мұң құясың,
Ақ сағымдай қиял құсын қуатын,
Сахнада шыңға өрлеп шығатын.
Тасқалалық театрға мың тағзым!
Баптай білген, бұзбай өнер ұясын.
Көрерменім!
Құшағыма қызыл гүлді жиясың.
Сәл қуансам, қаумалап қол соғасың.
Жүрек жырлап, тілім барда сайрайтын.
Құрғатпаймын қаламымның сиясын.
Асыл халқым, баршаңызға мың тағзым!
Аялаған бір жапырақ Мирасын. –
деген «Ар азабы» қойылымының авторы Мира Хамзақызы кешті өз өлеңімен тәмәмдап, көрермендерді одан сайын серпілтіп тастады.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

 

 

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
258 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
520 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
760 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
794 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
949 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1143 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1380 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1463 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1572 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1582 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1610 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1617 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1720 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
1939 0
Қалалықтар қаперіне
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады
06 Сәуір 2024
2248 0
Оқиға
Мас күйінде көлік басқарған
06 Сәуір 2024
2133 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынының екінші кезеңі басталды
05 Сәуір 2024
2246 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»