Абзал Әжіғалиев: «Жанкүйерлер бізді түсінсе деймін»
Шорт-трек – еліміздегі ең жас спорттың бірі. Бұл спорт түрінен Қазақстанды әлемге танытқан біздің өңірдің шорттрекшілері екенін мақтанышпен айту керек. Әрі осы спорттан Қазақстан тарихында алғашқы алтын медальды иеленген жерлесіміз Абзал Әжіғалиев болатын. Әлем кубогы кезеңдерінің, Универсиаданың жүлдегері Абзалдың ХХІІІ қысқы олимпиададан кейін туған жеріне келген сәтін пайдаланып, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
Санаулы күнге ғана үйіне келген ол бірер күннен кейін Астанада дайындығын жалғастырып, 27 наурызда басталатын Қазақстан чемпионатына қатыспақ.
– Абзал, спорттың бұл түрін таңдауыңа не түрткі болды?
– Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектепті бітіргенмін. Оған дейін М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте оқыдым. 4-сыныпта оқып жүргенімізде, шорт-тректен жаттықтырушы Мәдіғали Әбдіғалиұлы мектебімізге келіп, дене шынықтыру пәні мұғалімінен ең епті бес қыз бен ұлды таңдап беруін сұрады. Бірақ, бұл бестікке мен енбей қалдым. Сыныптастарым мұз айдынына барып жаттығып жүрді. Соларға еліктеп менің де коньки тебуге қызығушылығым оянды. Мұз айдыны ашылғаннан екі-үш жыл кейінгі уақыт еді. Алғаш конькиді аяғыма киіп, мұз айдынына шыққанымда, бұл спорттың менікі екенін шын сезіндім.
– Мұндай сенімділік 10 жасар балаға қайдан келді екен? Отбасың туралы айтып берсең.
– Отбасымда жалғыз баламын. Конькиден бұрын ролик тебуді үйрендім. Оны маған атам сыйлаған еді. Сол себепті шығар конькиді кигенде басқа балаларға қарағанда еркін тұрдым. Әрине, алғашында құлаған кездерім болды.
– Ұстаздарың таңдаған «ептілердің» қайсысы сен секілді кәсіби түрде спортпен айналысып жүр?
– Ешқайсысы.
– Ең алғашқы жетістігіңді еске түсіріп көрші.
– Спортқа келгеннен кейін екі жыл өткен соң облыстық сайысқа қатысып алған жүлдем болатын. Онда медаль берілмеді. ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталдым. Алғашқы жетістік болғаннан кейін ерекше қуанғаным есімде. Ал алғашқы медальді Ресейдің Мәскеу қаласында өткен жарыста иелендім. Ол уақытта көбіне Ресейде өтетін жарыстарға қатысып жүрдік.
– Жарыстағы жетістіктер, танымалдылық сені өзгертті ме?
– Жоқ, олай айтпас едім. Мен өз қалпымда қала беремін.
– Әңгімемізді Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиадаға бұрсақ. Төрт жылдықтың басты додасының ашылуында еліміздің көк байрағын ұстап шығу үшін 46 спортшының ішінен өзіңді таңдады. Бұл хабарды алғаш естігенде қандай сезімде болдың?
– Қатты толқыдым. Жаттығуда жүргенімізде телефоныма хабарлап айтқан болатын. Ол кезде біз Голландияда жаттығып жүрдік. Аға спортшыларымыз бар екенін ескеріп, бас тартқым да келді. Әрі бұл аса үлкен жауапкершілік екенін мойындау керек. Тарихи сәт жақындаған сәтте толқынысым күшейе түсті. Бірақ, олимпиаданың салтанатты ашылуы кезінде өзге елдермен қатар біздің құраманы таныстырып, ортаға шақырған кезде байтақ әлемге танылған елімнің ұланы екеніме мақтандым, еркіндікті сезіндім. Бойымды билеген қобалжу су сепкендей басылды.
– Бұған дейін талай жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрдіңдер. Сол қуанышты сәттерге бой үйретіп алған жанкүйерлер олимпиадада өздеріңнен медаль күткенін жасыра алмаспыз.
– Отандастарымыз бізді түсінеді деп сенемін. Жекелей сындағы жарыстар 1/8-ден басталды. Ал екінші күнгі жарысты ширек финалдан бастап, жартылай финалға өттім. Жартылай финалда өздеріңіз білесіздер, жүгіруімізді ортасынан тоқтатып тастады. Жарысты қайта бастауымызға тура келді. Осы аралықты демімді басып алуға мүмкіндік болмады. Бұл – спорт. Шешім солай болды. Ал негізінен жанкүйерлерден бұрын өзім де физикалық тұрғыдан, психологиялық жағынан жарысқа тың дайын болған едім.
– Жарыс кезінде спортшылардың жиі жарақаттанатыны белгілі. Өзің жарақат алып көрдің бе?
– Жарақат – спортта кең таралған. Бірақ спортшының жарақаттанбағаны жақсы. Өзім, шүкір, жарақат алып көрмедім және болмаса екен деп тілеймін.
– Жаттығуларыңыз қалай өтеді?
– Таңертеңгілік үш сағат, кешкілік үш сағатымыз жаттығуға арналады.
– Үнемі шетелдерде жаттығуларда, жарыстарда жүресің. Өзіңнің жеке өміріңе уақыт бөлесің бе? Туған үйіңде қаншалықты жиі боласың?
– Мен үшін қазіргі уақытта спорт аса маңызды. Жеке өмірге уақытым бола бермейді. Оралға жылына екі мәрте екі-үш күнге ғана келемін. Үйдегілер де осы режиміме үйреніп алған.
– Отбасың бұл спортқа қалай қарайды?
– Мен жеңсем де, сүрінсем де анам мені әркез қолдап отырады. Осы спортпен айналысып бастаған уақытта ол қарсы болған еді. Қаланың 4-ші шағынауданында тұрдық. Жаттығуға барып жүргенімді ұнатпайтын. Артық шығын дейтін. Өйткені сабаққа бару үшін де, жаттығуға бару үшін де жолақысына ақша кетеді. Анам базарда сауда жасады. Бір өзіне қиын болғаны рас. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Жаттығуға бару үшін ертемен үйден шығып кететінмін.
– Басты мақсатың қандай?
– Біздің ортақ мақсатымыз – Олимпиадаға қатысып, медаль алу. Оған дейін Азия чемпионаты, Әлем біріншілігіне қатысатын боламыз. Жанкүйерлерді қуантар күндеріміз әлі алда.
– Рахмет, Абзал. Жайық жұрты сіздермен әркез мақтанады. Байрақты бәсекелерде сәттіліктің серік болуын тілейміз.
Дайындаған Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ШТАБЫ ЖӘНІБЕК ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу