ОРАЛДА 8 МЫҢНАН АСА ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ОРЫС СЫНЫПТАРЫНДА ОҚИДЫ
Осы орайда биыл «Қазақ мектебіне қадам басайық» тақырыбымен ата-аналарға түсініктеме жұмысы жүргізілмек. Бұл туралы Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев мемлекеттік тіл мәселесі көтерілген жиында мәлім етті.
Жиында бөлім басшысы ҚР Тіл туралы» заңының аясында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілген жоспарлы жұмыстар туралы баяндады.
Жас буынның ана тілін бойға сіңіруіне ата-аналар үлгі көрсетіп, бағыт бере алады. Сондықтан ең бастысы ата-аналарға түсінік жүргізу маңыздырақ.
– Орал қаласында мектептерінде орыс сыныптарында 8269 қазақ ұлтының балалары білім алып жүр. Өткен оқу жылында орыс сыныптарында оқитын қазақ балалары 17,1 пайыз болған еді, биыл 16,5 пайызды құрады. 0,6 пайызға кему бар. Баяу да болса, қозғалыс бар. Алайда, қазақ ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Осы орайда биыл «Қазақ мектебіне қадам басайық» тақырыбымен түсініктеме жұмысы жүргізілмек, – деді Серік Ерболатұлы.
Тілді үйренудің алғашқы қадамдары мектеп партасынан басталатынын ескерсек, баланың мектеп табалдырығын аттарда оқыту тіліне басымдық берудің маңызы зор.
Айта кетейік, елімізде бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу