КЕМЕҢГЕР ХАЛЫҚ ПЕРЗЕНТІ. АҚЖАЙЫҚТА ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ОРАЗ ИСАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Батыс Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдығы аталып өтті.

Тарихты сөйлетсек, Ораз Исаев 1899 жылы бұрынғы Орал облысының Ілбішін уезіне қарасты Қарасу болысында дүниеге келген. Сол жердегі орыс-қазақ мектебінде оқып, хат таныған. Еңбек жолын 1916 жылы ауыл әкімшілігінде хатшы болып бастайды. 1917 жылы Шалқар болысында земство басқармасының хатшысы және уездік милиция хатшысы болып істеген. 1919-1920 жылдары Ілбішін және Жымпиты уездерінде құқық қорғау органдарында еңбек етеді, ТХО (ЧОН) жауынгері, губ ТК (ЧК), ОГПУ уәкілі, губерниялық қылмысты істерді іздестіру органы бастығының орынбасары болады. 1921 жылы большевиктер партиясы қатарына өтіп, Орал губерниясында комсомол, кәсіподақ ұйымдарын құруға атсалысқан.1924-1925 жылдары РК(б)П Қазақстан өлкелік бақылау комиссиясының орынбасары, Қазақ ОАК-нің хатшысы.1925-1929 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің екінші хатшысы, 1926 жылғы шілденің 13-і мен тамыздың 30-ы аралығында «Еңбекші қазақ» газетіне де басшылық жасап, газет редакторы болады. Бұл тұста ол Қазкрайкомның ұйымдастыру бөлімін басқарған. 1929 жылғы сәуірден 1938 жылдың мамырына дейін Қазақстан Халком кеңесінің төрағасы, КСРО БОАК және ОАК төралқасының мүшесі, өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болады.
1938-де жалған жаламен тұтқындалып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Ораз Жанұзақұлы Исаевты еске алуға арналған игі шара туған жері қазіргі Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында ұйымдастырылды. Ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатындағы екі күндік шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, Ораз Исаевтың бауыры Керейдің қызы Ұмсын және қайраткердің басқа да ұрпақтары мен ауданның зиялылары, ауыл тұрғындары қатысты.
11 қазан күні шара «Ұлыларын ұлықтайды ұрпағы» салтанатты жиынымен ашылып, Ораз Исаевтың есімін иеленген орта мектепте қоғам қайраткеріне арналған мұражай ашылды. Мұражайға Ораз Исаевтың өмір сүрген заманында қолданылған заттар, әр съезде оқыған баяндамалары, құжаттар, қайраткердің шежіресі және оның отбасылық және еңбек еткен кезеңдеріндегі фотосуреттері қойылған. Жанұясымен тұрған үйі, өзі оқыған Қарасу-Шалқар екі жылдық орыс-қазақ училищесінің макеттік үлгісі де жасалған. Жұмабай Құлиевтің Ораз Исаев туралы жазған кітабы, осы ауылдың тұрғыны болған, ұстаз Сапар Ғабдолұлының зерттеу қолжазбалары, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының Ораз Исаевқа арналған шығармалары және бар. Сонымен қатар мұражай төріне мектеп түлегі Досжан Бижанов дайындаған қайраткердің кеуде мүсіні орнатылған. Бұдан бөлек мұражайдан Қарасу-Шалқар орыс-қазақ училищесінде Ораз Исаевпен бірге оқыған ақжайықтық Алаш арыстары туралы мағлұматтармен танысуға болады.
Жаңадан ашылған музейдің ерекшелігі – мұнда Ораз Исаев туралы мәліметтерді электронды түрде оқып, тануға мүмкіндік жасалған. Ол үшін екі планшет орнатылыпты. Мектеп директоры Нұрлан Есболатовтың айтуынша, деректер әлі де толықтырылады. Ол үшін Нұрлан Мұхамбетұлы арнайы Нұр-Сұлтан қаласына барып, Ораз Исаевтың ұлы Бекет ағамызбен кездеспек.
– Ораз Исаевтың Нұрлан, Бекет атты қос ұлы болған. 1969 жылы мектеп алдында Ораз Исаевтың ескерткіші ашылған кезде Ораз Жанұзақұлының ұлдары да, жұбайы Сара Есова да келген екен. Өкінішке орай, қазір жұбайы және ұлы Нұрлан өмірде жоқ. Телефон арқылы Бекет ағамызбен хабарласып, мектебімізде мұражай ашылып жатқанын айтқанымызда қуанып қалды. Денсаулық жағдайына байланысты бұл тойға келе алмай отыр. Дегенмен, өзінде бар мәліметтермен бөлісуге дайын екенін жеткізді, – дейді Нұрлан Есболатов.
Шара «Ел ұмытпас ерлерін» атты ақындар айтысымен жалғасты. Сөз додасына облысымыздың аудандарынан 12 ақын жиналды. Ақындар ұлт үшін туылған асыл ердің жасаған еңбектерін жырларына арқау етіп, ауылдың негізгі мәселелерін де тілге тиек етті.
Мерейтойлық шара бүгін дала қызықтарымен айшықталмақ. Ауыл сыртында киіз үйлер тігіліп, аламан бәйге, қазақша күрес, «Көкпар» ойыны оздырылады.




Елмұра АСХАТҚЫЗЫ
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ШТАБЫ ЖӘНІБЕК ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу