САУСАҚ ІЗДЕРІМЕН АЛТЫ ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ
Жуықта Орал қаласы полиция басқармасының тәртіп сақшылары қаладағы бірнеше саяжай қауымдастықтарына ұрлыққа түсіп, үй иелерін біраз әбігерге салған күдіктіні ұстады.
Қыркүйек айының 5-22-сі аралығында біреше саяжайдағы үйлерді тонаған 25 жасар жігіт кезекті ұрлық үстінде ұсталды. Ол үй иелерінің жеке мүліктері мен велосипедтерін ұрлаған, көп мөлшерде материалдық шығын әкелген. Күдікті басқармаға жеткізілген соң жедел криминалистік бөлімнің техник-криминалисі, полиция старшинасы Гайнеден Гумаров күдіктінің саусақ іздерін алып, өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті. Сүт пісірім уақыт өткен соң полиция старшинасы Гайнеден Садерденұлы оның бірнеше үйді тонағанын саусақ іздері арқылы дәлелдеді. Шындығында, күдіктінің саусақ іздері қыркүйек айының алғашқы күндері тіркелген ұрлықтар кезінде алынған саусақ іздерімен сәйкес келді. Осылайша, техник-криминалист жедел-тергеу тобы басқармаға жеткізген ұрының бұдан өзге бес ұрлыққа қатысы бары бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. Тергеушінің алдына барған күдікті заңға қайшы әрекеттерін, бірнеше саяжайларды тонағанын мойындады. Еш жерде жұмыс жасамайтын Орал қаласының тұрғыны бұған дейін заң алдында жауапталған болып шықты. Ол 22 қыркүйек күні, кешкі сағат 18.00 шамасында «Автомобилист» саяжай қоғамындағы №51 үйдің терезесін сындырып, ішке кірген. Үй ішін емін-еркін аралап, жеке мүліктерді ұрлаған. Сәлден соң ауладағы моншаның терезесін сындырып, «Форвард» маркалы велосипедті де өзімен әкеткен. Саяжай иесіне 85 мың теңге шығын келді. Сондай-ақ қыркүйектің 196-сы күні Деркөл ауылындағы «Вишенка-1» саяжай қоғамындағы №75 участоктағы үйдің терезесінен кіріп, жеке заттарды қымқырып, үй иесіне 70 мың теңге шығын келтірген. 15 қыркүйек күні, сағат 17.00-де «Газовик» саяжай қоғамындағы бір үйдің терезесінен кіріп, құны 100 мың теңгеге бағаланатын жеке мүліктерін ұрлаған. 17 қыркүйекте «Тополек» саяжай қоғамындағы №3А үйіне баспа арқылы көтеріліп, 64 мың теңге тұратын жеке мүліктерді қапқа салып, ізін жасырған. Дәл осы күні «Энергетик» саяжай қоғамындағы Садовая көшесі бойындағы үйдің есігін бұзып, кілт жиынтығы мен «Стелс» маркалы велосипедті ұрлап үлгерген. 5 қыркүйекте, түнгі сағат 23.00 шамасында «Энергетик» саяжай қоғамындағы Вишневая көшесіндегі үйді бұзып кіріп, жеке заттарды тонаған. Саяжай иесіне 65 мың теңге көлемінде залал келген.
Осылайша, басқарманың техник-криминалисі Гайнеден Гумаров кәсіби шеберлігі нәтижесінде саусақ іздері арқылы ұрының алты қылмысын әшкереледі.
Қазіргі таңда Орал қ.ПБ тергеу өндірісінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлімі, 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция старшинасы Гайнеден Гумаров жыл басында бірнеше алтындарды ұрлап, пәтер ұрлығына жол берген күдіктіні де саусақ іздері арқылы дәлелдеп, жарты сағат ішінде дәл айғақтарды жайып салған.
Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қ. ПБ баспасөз қызметкері
Версия для печати
Пікір үстеу