СӘУЛЕНІҢ ӘНІН САҒЫНЫПТЫ …
Облыстық қазақ драма театрында ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаеваның «Ақжайықтың ән Сәулесі» атты шығармашылық кеші өтті.
Қазақтың дархан даласы қандай кең болса, осынау далада дүние есігін ашқан дарабоз дарындылар да жетерлік. Алты алашқа ән оздырған Мұхит пен Ғарифолла, ән мұрасын жалғаған Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимовалардың ізін басып, өнерін дәріптеп жүрген, ерекше дауыс иесі, дәстүрлі әннің сандуғашы атанған Сәуле Таудаеваның кешіне барша өнер сүйер қауым жиналды. Сондай-ақ өнерді дәріптеп жүрген сахна саңлақтары – Қарағанды қаласынан Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Бақыт Төлеуханова, Алматы қаласынан Мақсат Тілепберген және Мейрамгүл Орашева, Атырау қаласынан Қайрат Кәкімовтер қатысты.
Шара барысында кеш иесін құттықтаған мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатын табыстаса, ал «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов әнші кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты. Ақжайық ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлбану Дәрібайқызы аудан әкімі атынан құттықтады.
«Ақжайық» би ансамблінің әсем биімен түрілген кеште әнші Сәуле Таудаева Мұхиттың «Көк айдай», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Ақжайық», халық әні «Желкілдек», Хаттар Дүйсенәлиевтің «Әнші үні», Қисаның «Сағындым Жайық» әндерін әуелетті.
С.Таудаеваның әншілік қырымен қоса, шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегін ерекше атап өтуге болады. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, күні бүгінге дейін бойында ұлттық өнерге деген таланты мен талабы бар қаракөздерімізді тәрбиелеп, олардың үлкен сахнаға қанат қағуларына себепкер болып келеді. Қазіргі таңда әншінің тәлімін алып жүрген талантты шәкірттерінің өнері көпшілікке белгілі. Концертте дәстүрлі әншілер шеруінде Д.Елеуов, А.Мұхаметжанова, З.Қасымова (Астана қаласы), Н.Қабиева, Э.Таудаева (Маңғыстау облысы) Ф.Оразовтар өнер көрсетті.

Батыс, Арқа, Жетісу ән мектебімен қатар, Сәуле апамыздың репертуары Нартай, Базар жырау, Әбубәкір Кердері, Өмір Көшекбайұлы және Марабай жыраулардың жыр термелерімен де бай екендігі баршаға аян. Осы орайда жезтаңдай әнші-термеші Базар жыраудың «Домбыраны қолға алып», Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса», Әбубәкір Кердерінің «Құрметсіз өткен өмірден», Өмір Көшекбайұлының «Ал әлеумет құлақ сал», Марабай жыраудың «Сөйле дедің біздерге» атты термелерін орындап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Сонымен қатар Сәуле Жаманқызы халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен де ән айтып, көрерменнің зор ілтипатына бөленді. Сондай-ақ Ғ.Хибашевтың «Әкешім бәйтерегім», М.Балмолда, Г.Нұрасыловалардың «Анамның жаққан ошағы» әндерін шырқаған Сәуле Жаманқызының қазіргі заман компазиторларының лирикалық-эстрадалық әндерінің де шебер орындаушысы екеніне тағы да көзіміз жетті.

Жыршылық дәстүрдің жұлдызы атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашеваның өнерін жалғап жүрген туған сіңлісі, танымал жыршы ҚР Мәдениет саласының үздігі М.Орашева, ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы оркестрінің мүшесі, домбырашы, М.Тілепберген, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Кәкімовтер де өнерден шашу төкті.
Әншінің өмірдегі һәм өнердегі үзеңгілес замандастарының бірі, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Зияш Аманғалиева, қасиетті өнерді жанына серік еткен, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, әншінің жары Сағадат Рахметжановтар тамаша өнер көрсетіп, шараның шырайын айшықтай түсті.

Концертте өнер иесінің ұлы Данияр Рахметжанов «Махамбеттің ұраны» авторлық шығармасын орындап, көрерменнің қошеметіне кенелді.
Өз тілшіміз
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылады
Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады
БҚО-да сұйытылған мұнай газымен қамту мәселесі тұрақты бақылауда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы: ашықтық, цифрландыру және қоғаммен әріптестік
Олжас Бектенов обсудил с руководством Air Products сотрудничество в сферах газохимии и промышленных технологий
QOSTANAI TECH қызу өтіп жатыр: Қостанайда ең ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль жалғасуда
Оралда «YNTYMAQ» конфессияаралық келісім комьюнити орталығы ашылды
Минобороны Казахстана обновило правила выплат военнослужащим: что изменилось
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабу: заң талабы және қауіпсіздік
«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс
Елімізде жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты жаңа деңгейге көтерілуде
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты облыстық форум аясында көрме ұйымдастырылды
Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды

Кіру
Пікір үстеу