8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
17 Шілде 2025 1266 0
Бәрекелді!

«Славян базарында» жеңімпаз атанды!

Жақында қазақстандық жас талант Алмагүл Батталиева Беларусь елінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Славян базары» байқауында Гран-при жеңіп алды. Қазылар алқасы оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, көрермен ықыласы да ерекше болды. Осылайша Қазақстан атынан қатысқан өнерпаз фестиваль тарихында кезекті мәрте ел мерейін үстем етті.

Қазақстан намысын қорғаған Алмагүл – Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншісі. Байқау сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, Алмагүл Батталиева 1999 жылғы 8 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде және Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Балалық шағынан бастап әнші болуды армандаған. Вокалмен айналысқанға дейін аккордеон мен фортепиано аспаптарын үйренген. Ол өз вокалдық шеберлігін бірнеше рет дәлелдеген, соның ішінде «Жас Қанат – 2023» фестивалінде және «Алматым жүрегімде» халықаралық байқауында да жарқырай өнер көрсеткен. «Қазақстан дауысы» мега жобасының финалисі.

2021 жылдан бері «SEN BAND» тобының құрамында өнер көрсетіп келеді. Сегіз жыл бойы «Витебск» халықаралық эстрадалық ән орындаушылары байқауына қатысуға талпынып келген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының стипендиясының және Күләш Байсейітова атындағы атаулы стипендияның иегері. SAPPHIRE лақап атымен авторлық тректерін шығарған. 2024 жылы Талдықорған қаласында Алмагүл Батталиеваның «Күндер-ай» атты алғашқы шығармашылық кеші эстрадалық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен. Байқау барысында ол вокалдық тұрғыдан күрделі, әлемдік және ресейлік хит әндерді орындады.

137 ұпай жинап, үздік атанды

Финалдық кезеңде орындаған «Вечность» композициясы арқылы Алмагүл Батталиева талғампаз тыңдарманның да, қазылар алқасының да ыстық ықыласына бөленді. Екі күндік байқау нәтижесінде 137 ұпай жинап, үздік атанды. Бірінші орынды Беларусь әншісі Лера Бернатович алды. Екінші орын армениялық Давид Киракосян мен италиялық Доменико Барбераға бұйырды. Үшінші орын ресейлік Ерік Ахметовке берілді.

Нәтижелер жарияланғаннан кейін қазақстандық әнші өз әсерін бөлісті.

– Мен жеңіске жеткеніме әлі де сенер емеспін. Бұл жүлдені Қазақстанға алып кету құрметі дәл маған бұйырғанына шексіз қуаныштымын. Осы жолда сегіз жыл бойы талмай еңбек еттім – ұлттық іріктеулерден өттім. Бізде бәсекелестік өте жоғары. Қазақ халқы әнге жақын, мұнда келген әр орындаушы ешқашан марапатсыз қайтпаған. Бұл –  зор мәртебе, – деді өнер иесі.

Алмагүл сондай-ақ Беларусь еліне келген сәтінен бастап ерекше ықыласқа бөленгенін айтты. – Мен тіпті қонақүйде жүргенде де мерекелік көңіл күйді сезіндім. Бұл – нағыз мәдениет мерекесі, ғажап сезім. Айналаның бәрі славян рухына толы. Беларусь ұлттық тағамдары ұсынылған дәмханаға да бардым – салқын сорпа, драник. Дәмі керемет! Толықтай тамсандым. Зал толы, көрермендер тік тұрып қол соғады. Бұл керемет әсер қалдырды. Беларусь көрермені өте белсенді. Мұндай қолдау шабыттандырады. Бұл байқау өзінің ауқымымен, ұйымдастыру сапасымен таңғалдырды. Нағыз халықаралық деңгейдегі өнер додасы, – деп атап өтті қазақстандық әнші. Ол байқаудан, ұйымдастыру деңгейінен және беларусь халқының қонақжайлығынан зор әсер алғанын да жасырмады.Фестивальге қатысушылар мен қонақтарды ұйымдастырушылар мен көрермен қауым жылы қарсы алды. Қазақстандық әнші бұл байқауды «өзі үшін үлкен шығармашылық серпін» деп бағалады.

Алмагүл Батталиева бұл байқауға алғаш рет келген жоқ. Ол осы Гран-при үшін сегіз жыл бойы ұлттық іріктеулерге қатысып, тәжірибе жинап, өз шеберлігін шыңдап келді. Бұл жеңіс – оның еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесі.

Қазақстандықтар дес бермеген

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Алмагүл Батталиеваны «Славян базары» фестиваліндегі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтады. Бұл жетістік – оның өнер жолындағы ізденісі мен дарынының айқын көрінісі екенін атап өтті.

РБК хабарлауынша, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі Беларусьтің Витебск қаласында 1992 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Фестивальдің басты оқиғасы дәстүрлі түрде эстрадалық ән орындаушыларының байқауы болып саналады. Оған 18 бен 31 жас аралығындағы, өнерімен көзге түсіп, алдын ала іріктеуден өткен әртістер ғана қатыса алады. Жасөспірімдерге арналған бөлек байқау да ұйымдастырылады. Байқауға әлемнің әр түкпірінен бір елден бір орындаушыдан ғана қатысады, жалпы қатысушылар саны 20-дан аспайды.

Айта кетейік, 2021 жылы «Славян базарындағы» ән байқауында бас жүлдені қазақстандық Рухия Байдүкенова жеңіп алған болатын. Оны жеңісімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен байқау қазылар алқасының мүшесі болған әнші Димаш Құдайберген құттықтады. Өткен жылы да байқаудың жеңімпазы қазақстандық Ерназар Жұбан атанды.

Ыстық ықыласпен күтіп алды

15 шілде күні Алмагүл Батталиеваны қазақ жұрты қарсылап алды. Алматы қаласының халықаралық әуежайында ерекше қуанышты сәт орын алды. Өзі жұмыс істейтін филармония әртістері және облыс аудандарының әртістері ән мен жыр арнап, Алмагүлді үлкен құрметпен, гүл шоқтарымен және ыстық ықыласпен күтіп алды. Бұл жеңіс – тек Алмагүлдің ғана емес, бүкіл Жетісу өңірінің мәдениетінің биік жетістігі екенін атап өтті.

Алмагүл Батталиеваның жеке өміріне келер болсақ, әнші 2024 жылы Данияр Рахымбердинов есімді спортшыға күйеуге шығып, отау құрған.

Сегіз жыл бойы үміт үзбей, дайындалып, ұлттық іріктеулерге қайта-қайта қатысқан өнер иесінің табандылығы мен кәсіби шеберлігі осындай үлкен жеңіске жеткізді. Бұл – жастарға, арманына сеніп жүрген өнерпаздарға үлкен шабыт пен үміт сыйлайтын оқиға.

Алмагүлдің жеңісі – оның білім мен тәжірибеге, жан-жақты ізденіске сүйенген еңбегінің нәтижесі. Кезінде аккордеон мен фортепианодан бастаған жол бүгінде симфониялық оркестр сүйемелдеуімен өткен жеке шығармашылық кешке, халықаралық сахнадағы жарқыраған өнерге ұласты. Мұндай жетістік – әр аймақтың, әр саладағы мәдениет қызметкерлерінің, ұстаздардың, тыңдарманның да ортақ қуанышы. Осы жеңіс арқылы Алмагүл Батталиева болашақ жас өнерпаздарға жол ашып отыр. Ол тек талантты ғана емес, сонымен қатар еңбекқор, табанды, нағыз өнер иесі екенін дәлелдеді.

Дайындаған Дәметкен САҒЫНБАЕВА

Версия для печати

Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Алаяқтардан құтқарып қалды!
22 Қараша 2025
353 0
Бәрекелді!
«Бірлік» алтын медалі табысталды
19 Қараша 2025
441 0
Оқиға
Жол-көлік оқиғасы орын алды
17 Қараша 2025
497 0
Қалалықтар қаперіне
Азық-түлік бағаларын бағамдады
15 Қараша 2025
509 0
Өзек
Меморандумға қол қойды
12 Қараша 2025
559 0
Өзек
Министрмен кездесті
08 Қараша 2025
301 0
Қалалықтар қаперіне
Тұрғындар уәж айтты
04 Қараша 2025
779 0
Қалалықтар қаперіне
Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады
04 Қараша 2025
809 0
Қалалықтар қаперіне
«Халық қатысатын бюджет»
04 Қараша 2025
760 0
Қалалықтар қаперіне
«Судың да сұрауы бар…»
04 Қараша 2025
712 0
Мезгіл мәселесі
Оралдықтармен кездесті
02 Қараша 2025
756 0
Өзек
Зашағанда мәселе көп…
29 Қазан 2025
938 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»