ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ
Жақында өңіріміздің іргелі оқу орны – Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша есептік кездесу өткізді. Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен оқу ордасының серіктестері қатысты.
Өз баяндамасында басқарма төрағасы-ректор, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Хабиболлаұлы университеттің атқарған жұмыстарының негізгі аспектілеріне тоқталып, жетістіктерді атап өтті, алдағы даму бағыттарын белгіледі. Ректор білім беру және ғылыми жобалардың сәтті жүзеге асқанын, халықаралық ынтымақтастықтың нығайғанын, сондай-ақ рейтингтік журналдардағы ғылыми жарияланымдар санының артқанын атап өтті. Сонымен қатар, университет кеңістігін жаңғырту мен кадрлық әлеуетті күшейту қажеттілігі сияқты назар аударуды талап ететін мәселелер қозғалды.
Университеттегі білім алушылар саны – 6499. Оның ішінде 6060 студент – бакалавриат, 439-ы магистратура бойынша білім алуда. «Педагогикалық білім беруді жаңғырту» жобасы аясында «Биология», «Химия», «Жаратылыстану» атты үш білім беру бағдарламасын әзірлеуде жетекші жоғары оқу орнының рөлін атқарды. Қазіргі уақытта Қазақстанның 15 жоғары оқу орны бұл бағдарламаларды тізілімге енгізіп, олардың ауқымын кеңейтуде. Аталған жоба аясында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы 7 инновациялық жобалық білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысқан («Физика», «Информатика», «Мектепке дейінгі тәрбие», «Бастауыш білім беру», «Музыкалық білім», «Цифрлық педагогика», «Педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы»).
Түлектердің 78,4 пайызы жұмысқа орналасқан
Нұрлан Хабиболлаұлының мәліметінше, оқытудың инновациялық тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу және масштабтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Университет 10-нан астам жобалар мен іс-шараларға бастамашы болды, ол тек профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерінің білімі мен құзыреттілігін дамытуғабағытталған. Жобалардың басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының білім беру мекемелерімен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жас мұғалім» жобасы мектептегі ЖОО студенттері арасында педагогикалық инновациялық әдістемелік дағдыларды дамытуға бағытталған, «JuniorProfi» жобасы мектептермен бірлесіп ерте кәсіптік диагностика жүргізуге және инновациялық тәсілдер мен түрлі іс-шаралар арқылы студенттерге мамандық таңдауға және оған қызығушылықты арттыруға көмектесуге бағытталған.
Биылғы жылы ОПП тестілеуіне 1211 түлек қатысты, оның ішінде тапсырғандардың үлесі 84,3%-ды (2023 жылы – 80%) құрады. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, М.Өтемісов атындағы БҚУ ОПП нәтижесі бойынша бакалавриат пен магистратурада бірінші орынға шықты. 1 қазандағы жағдай бойынша 2023-2024 оқу жылын бітірген түлектердің 78,4 пайызы жұмысқа орналасқан. «Атамекен» ҰКП 2023 жылғы рейтингінде 23 білім беру бағдарламасы ТОП-10-ға, 9 білім беру бағдарламасы ТОП-3-ке енді. БҚУ – Батыс Қазақстан облысындағы педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі бойынша кадрлар дайындайтын негізгі оқу орны. Бастауыш сыныптардағы PIRLS халықаралық зерттеулерінің қорытындысы бойынша 534 балл жинап, Батыс Қазақстан облысының Қазақстан облыстары арасында бірінші орынға шығуына университеттегі кадрларды дайындау сапасы ықпал еткен.
Жастарды әлеуметтендіруде даму бар
Шетелдік ғалымдарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге шыққан студенттер саны – 46, ал қызметкерлер саны – 17. Университетте АҚШ, Түркия, Италия, Польша, Ресей ғалымдары жұмыс істеп жатыр. БҚУ базасында 2025 жылы Түркия елінің есебінен түрік тілі кабинетін ашу жоспарлануда. Оқу орны 2018 жылдан бастап бюджеттен тыс қаражат есебінен ғылыми-педагогикалық кадрларды жүйелі түрде дайындап келеді. Шетелдік және отандық жетекші ғылыми-білім беру орталықтарында 48 қызметкер білім алған.
2024 жылы мәдени-спорттық іс-шараларға қатысқан студенттердің үлесі 73%-ға дейін өскен, 178 студент республикалық (151 оқушы) және халықаралық (27 оқушы) байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Су тасқыны кезінде студенттер Орал қаласы мен ауылдық елді мекендердегі бөгеттерді нығайтуға белсене қатысты. Волонтерлік қозғалыстағы студенттер саны 700-ден астам. Құрамында 150 пікірсайысшысы бар «Ақиқат» студенттік пікірсайыс клубы дамып келеді. «Мұрагер» студенттік театры 2023 жылы жеңімпаз атанған соң, 2024 жылдың сәуір айында университет Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы жоғары оқу орындарынан 150 студент қатысқан «Үміт» республикалық студенттік театрлар фестивалінің орталығына айналды.
Дәметкен САҒЫНБАЕВА
Версия для печати