Мектептер жаңарып, жаңа мүмкіндіктер ашылды
Қоңырау үні ауылдарға жаңа леп әкелді. Білім күні қарсаңында өңірдің бірқатар елді мекенінде жаңа мектептердің есігі айқара ашылып, ауыл балалары үшін білім алудың жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Кеше ғана ескі ғимаратта білім алған шәкірттер енді заманауи оқу кабинеттеріне қадам басып, жаңа оқу жылын жаңа мектептен бастады.

Ауыл мектебі – сол елді мекеннің жүрегі. Оның қабырғасында баланың алғашқы арманы қанат қағып, білімге деген талпынысы қалыптасады. Сондықтан жаңа мектептің бой көтеруі – ауыл үшін жай ғана әлеуметтік нысанның ашылуы емес, келешекке жасалған маңызды қадам. Өйткені бүгінгі жайлы сынып пен заманауи құрал-жабдық – ертеңгі білімді ұрпақтың қалыптасуына салынған негіз.
Батыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Кейінгі үш жылда өңірде 30 жаңа мектеп салынса, жаңа оқу жылы қарсаңында тағы 8 шағын жинақты мектептің құрылысы аяқталды. Қаратөбе, Сырым, Жәнібек, Ақжайық, Бәйтерек және Тасқала аудандарындағы жаңа білім ошақтары ауыл балаларына туған жерінен ұзап шықпай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптастырды.
Сәуледегі су жаңа мектеп
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданына жұмыс сапары барысында Сәуле ауылындағы жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, жаңа білім ордасы жас ұрпаққа берілетін білім сапасын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
– Кейінгі үш жылда өңірде 30 мектеп жаңадан салынды. Биыл кезекті оқу жылында осындай тағы жеті шағын жинақты мектепті пайдалануға бергелі отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты азайту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасы. Бұл жөнінде Президент күні кеше өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында да айтты. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасау – мемлекеттің стратегиялық міндеті, – деді Нариман Төреғалиев.
Жақсыбай негізгі мектебі 1973 жылы бастауыш мектеп ретінде ашылып, 1991 жылы негізгі мектеп мәртебесіне ие болған. Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған бұрынғы ғимараттың тозығы жеткен еді.
Енді ауыл оқушылары 60 орынға арналған жаңа ғимаратта білім алады. Нысан KPO b.v. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында салынған.
Мектепте 10 оқу кабинеті, екі шеберхана, кітапхана, асхана, мәжіліс және спорт залдары бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін 62 бейнебақылау камерасы мен кіреберіске турникет орнатылған. Мектеп ауласы абаттандырылып, спорт және ойын алаңдары жасақталған.
Жаңа оқу жылында мұнда 69 оқушы білім алып, оларға 29 педагог сабақ береді. Облыс әкімі салтанатты шара барысында ауыл тұрғындарының ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауына белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, әлеуметтік нысанды уақытылы әрі сапалы салған құрылысшыларға алғыс хат табыс етті.
Д.САҒЫНБАЕВА
(толығырақ “Жайық үні” газетінің №36 санынан оқи аласыздар)
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Ерлан Кошанов: наша задача – вовремя слышать и чувствовать настроения людей
Орал қаласында Даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды
Зачаган кентіндегі Науша батыр және Бопай ханым көшелерінде жол жөндеу жұмыстары басталды
Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту жобасының дайындығы 90%-ға жетті
The World Financial Review: как Казахстан изменил экономическую модель за семь лет президентства Токаева
БҚО-да тазалық ережелерін бұзған 7 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат есірткіге масаң күйде көлік басқарған
Мемлекет басшысына Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді
Ведомствоаралық кеңесте мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Кіру