8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
01 Наурыз 2018 2533 0
Спорт

Аспанында Жайықтың қалықтады қырандар!

24-25 ақпан күндері Орал қаласында тұңғыш рет оздырылған «Қансонар-2018» республикалық турнирінде атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» бүркіті бірінші орынды иеленді. Дүбірлі сайысқа республиканың әр түкпірінен 30-ға жуық құсбегілер қатысып, бүркіттерінің баптарын халық алдында сынға салды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шараның өтуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйтқы болды.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға…» деп жырлаған Ұлы Абайдың  осы бір өлең жолдары қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі саналған саятшылықты әсерлі баяндайтыны көпшілікке мәлім. Демалыс күндері Жайық жұртшылығы жақсы атын ерттеп, ықшам киімін жарастыра киген саятшылардың жалғасы болған бүгінгі құсбегілердің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан балаға мирас болған ұлттық өнерді жаңғыртуға арналған дода ортағасырлық Жайық қалашығы орнында, Желтау биігінде ұйымдастырылды.

Екі күндік байқауға көрермендер көптеп жиналды. Тіптен көршілес Ресейден арнайы келгендер де бар. Желтау басында үш бірдей киіз үй тігіліп, жиналған халық облыстық тарихи өлкетану мұражайының құсбегілікке байланысты сақталған жәдігерлерімен танысуға, ұлттық киім-бұйымдарды тамашалауға мүмкіндік алды. Киіз үйлердің бірінде тегін көже мен ыстық шәй берілді.

– Жайық жері асыл қазынамыз құсбегілік өнерін дәріптеуге арналған турнирдың республикалық кезеңін алғаш рет қарсы алып отыр. Қыран бүркіт – жеті қазынаның бірі және бірегейі саналады. Құсбегілік қазақтығымызды көрсететін ұлттық дәстүр. Жаһандану дәуірінде салт дәстүріміздің, ұлттық кодымыздың жойылып кетпеуіне ықпал етіп, ұлттық спортымызды жаңғырту – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі бағыттың бірі. Осы тұрғыда біз осы спортты жүйелі түрде дамыту үшін өңірімізде құсбегілік мектепті ашуға бел буып отырмыз. Ата салтымызды сақтап, тарихымызды келер ұрпаққа табыстау – бізге артылған жүк болып есептеледі. Сондықтан әр азамат дәстүрлі спортымызды жаңғыртуға үлес қосуы керек, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Ал ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының І вице-президенті Ерлен Оспанов шараның ұйымдастырылуы жергілікті халықтың қызығушылығын арттырып, бұдан әрі батыс аймақта бүркітшілік өнердің дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

– Осындай турнир өткен жылы Маңғыстау, Атырау облыстарында өтсе, биыл міне, Батыс Қазақстан облысы әкімшілігімен бірлесіп Орал өңірінде қолға алынды. Мұны құсбегілік өнердің батыста жандануының бастамасы деп білеміз. Ұлттық спорт мектебі жанынан құсбегілік бөлімі ашылып, републикалық жарыстарға арнайы бүркітшілер келіп қатысуын күтеміз, – деді Ерлен Әбілханұлы.

Ұлттық спорт саласы мамандарының сөзінше, ақпанның 15-сінен кейін аң аулауға тыйым салынған. Өйткені тіршілік иелерінің өсімін молайтып, сақтау қажет. Яғни, қазір түздегі аңның көбейетін уақыты. Сондықтан құсбегілер құсын қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға салудан сынға түсті. Алғашқы күні қырандардың өз иесінің қолына қонуы уақытқа есептелді. Бұл құстардың иесімен байланысын байқатқан сайыс болды.

Ұлттық өнерден қуат алды

Екінші жарыс күні аламан көркі қыза түсті. Бұл күні бүркітшілер қырандарының қырағылықтарын шырға тарту, қоянға салу арқылы анықтады. Аспанда қалықтай ұшып, жемтігіне төнген сәтін көпшілік асқан ықыласпен қызықтады. Байрақты бәсекенің нәтижесінде атыраулық Асқар Қошқаровтың «Нарыны» топ жарса, екінші орыннан жамбылдық Бақдәулет Бабажановтың қыраны көрінді. Үздік үштікті көкшетаулық Бергембай Тәстембек пен Серікбай Күнтуғанның бүркіттері түйіндеді. Бұл жарысқа республикалық деңгейде үздік үштікке ілігіп жүргендер жиналғанын атап өту керек. Солардың арасынан бабы келісіп, бағы жанғандар жүлдеге тігілген ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жарыс күндері қала меймандары туристік кешендермен танысып, өнер және мәдениет ордаларын аралады. Сондай-ақ домбыра және қамшы жасау шеберлері Едіге Нәбиев пен Ұлан Сайтмұхаевтан сабақ алды.

Түйін: Айта кетелік, осы сайысқа Батыс Қазақстан облысы атынан Жанәділ Ғазезов есімді жерлесіміз қатысқан болатын. Алайда тәжірибесінің аздығы әсер етті ме, құсының бабы келіспеді ме үздік үштікке ене алмады. Біз, қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халықпыз. Осындай ұлы өнерден қуат алған халық үшін өресін танытқан өнерді дәріптеу, келешек ұрпаққа қасиетін бұзбастан, аманат ету парыз. Ұлттық болмысымызды сақтап, рухани құндылықтарды қастерлеп, тамаша  өнерді жаңғыртудың жалғасына арналған екі күндік шарадан көпшілік бойға қуат алып, қыран құстарға қызыға қарап, керемет әсерге бөленді.

Эльмира НҰҒМАНОВА,

nugman.90@mail.ru

«Жайық үні»

Автордың және А.Нұраштың суреттері

Рамазан СӘТТІБАЕВ, Ұлттық спорт түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы, Астана қаласы:  

«Құсбегіліктің дамуын тілеймін»


–  Батыс Қазақстанда 2000 жылдары Алтай Зейнуллин бастаған азаматтардың ықпалымен ұлттық спорт мектебі құрылған болатын. Сол кісінің салып кеткен жолын Дастан Мырзағалев өз деңгейінде жалғастырып отырғанын айтып өткенім абзал. Құсбегілердің дайындықтарын алдын ала саралап көрдік. Оралдың құсбегісі жүлдеге іліксе деген ниетіміз болғанын да жасырмаймыз. «Көкпар», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Теңге ілу» спортынан батысқазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал дамымай жатқан ұлттық спорттың бірі – құсбегілік. Сондықтан өңірде осы спорттың дамуын тілейік. Жас балғындардың намыстарын жанып, ұлттық өнерге тарта алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

Бұл жолғы жарыс меймандарды қарсы алып, орналастырудан бастап өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сөздің шыны керек, көп жарыстарда мұндай жағдай бола бермейді. Сайыс алаңында да төтеншеліктер, ішкі істер құрылымы, дәрігерлер сақадай сай, жылыту пункттері жұмыс жасап тұрды.

Жалғас БАБАЖАНОВ, аға жаттықтырушы:

Жамбыл облысы:

«Осы облыста арнайы мектеп ашылса…»
– Құсты үйрету бір бөлек, сол құсты баптайтын шәкірт тәрбиелеудің жөні басқа. Шараның өту кезінде жас балалардың жүгіре жүріп, жарысты тамашалағанын байқадық. Мұндайды көрмегендер де бар екен. Жарысты қызықты ұйымдастыру, өз өңіріміздегі құс тәрбиелейтін жеткіншектеріміздің өнерін бөлісу арқылы жергілікті жасөспірімдердің қызығушылығын оята алдық деп есептеймін.

Жамбыл облысы Меркі ауданынан төрт құсбегі әкелдім. Бүркіттен бөлек ителгі, қаршығамыз бар. Біздің ауданда 18 жасқа дейінгі балаларды құсбегілікке тәрбиелейтін орталық жұмыс жасайды. Кезінде осы саланы дамыту мақсатында штат ашып берген болатын. Дәл сондай ұлттық өнерді дәріптейтін мектептер осы Батыс Қазақстанда, басқа өңірлерде ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Он баланың ішінен біреуі құсбегілікпен тұрақты айналысып кетері сөзсіз. Мәселен, жыл басында 24 баланы қабылдасам, соның бес-алтауы іріктеліп шығады. Спорт шебері атанып үлгергендері де бар.

Айшуақ ТАЙМАНОВ, Маңғыстау облысы:

«Құсымды бәйге үшін баптамаймын»

– Құсбегілікпен үш жылдан айналысамын. Екі бүркітім бар. «Байрақ» атты балапаныммен екінші мәрте жарысқа қатысуым. «Байрақты бәсекелерде жүрейік» деген ниетпен «Байрақ» деп атаған болатынмын. Жаңадан үйретіп жүрген кезде өткен жылы Маңғыстауда ұйымдастырылған жарысқа қатысып, бабымызды сынап көрдік. Одан кейін қаражат жағынан мүмкіндік болмай өзге өңірлердегі жарыстарға қатыса алмадық. Бірақ құсты жарыс үшін ұстамаймыз ғой. Ата-бабамыз қыран бүркітті жеті қазынаға тегін жатқызбаған. Ашаршылық кездері баптаған бүркіттерін аңға салып, бір дүйім ауылды асырағанын білеміз. Аңшылыққа шығып, саятшылық құрып тұрамыз.

Маңғыстау өңірінде бүркіттің сары шуда және қара шегір аталатын түрлері кең таралған. Балапаным сары шуданың аналығы. Бүркіттер күн жылыған сайын семіргіш келеді. Қайырып, оларды бабына келтіру, саятшылыққа дайындау үшін 40-45 күндей уақыт қажет. Бір жасар балапан болғанымен, өте қайратты құс.

Еламан ОРДАБАЕВ, Атырау облысы:

«Күнге тура қарайтын жаратылыс иесі»

– Біздің аймақтан гөрі оңтүстік өңір құсбегілікпен белсенді айналысады. Қазақстанда 100-ге тарта құсбегі бар екен. Біз саятшылық өнерге  енді ғана ден қойып келеміз. Бұрын күйкентай, жағалтай, көгершін сынды құстарды ұстағанмын. Олар да жыртқыштар тұқымдасына жатады. Бірақ,  тышқан секілді уақ жәндіктерді ғана ұстауға қауқарлы. Бір жылдың төңірегінде бүркіт баптауға ықылас танытып келемін. Аты – «Самға». Алматы жақтан таудан ұстадым. Бір жыл ішінде үш қоян мен бір түлкіні олжалады. Қолға үйрету бүркіттің мінезіне байланысты. Кейбір құстар қыңырлау келеді. Ал кейбірі байсалды болады. Үйрету бір айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Әдетте, аналықтары ірі болады. Үш және он бір  келі аралығында болуы мүмкін.  Менің бүркітім – 3, 400 келілік.

Сайыс алдында немесе аңшылық алдында бүркітке «ақ жем» береміз. Бұл қаны, сөлі алынған ет. Ол құстың аса аш болмауы үшін беріледі. Ет оны ашықтырмағанымен, ағзасы қанды қажет етіп тұрады. Аңшылыққа да ықыласы оянады. Сол себепті томағасын сыпырғанда ол қызыл түске ұмтылуы мүмкін. Бүркіттер аспанда қалықтап жүріп, бір жарым, екі шақырымнан көлемі бір қарыс жәндікті көре алатын ерекше қабілетке ие. Әрі күн көзіне тура қарай алатын жалғыз жаратылыс иесі. Алдағы уақытта «Самғаға» серік болатын бүркіттерімді көбейткім келеді. Бірақ ұстағаннан кейін бабы да келісті болуы тиіс. Өйткені оларға күніге 500 грам немесе бір келі көлемінде ет қажет.

Бергенбай ТӘСТЕМБЕК, Көкшетау қаласы:

«Бәйгеге ат баптағанмен бірдей…»

– Әкем Тәстембек – құсбегі. Сол себепті жеті жасымнан құстардың жанында келемін. 15-20 жылдан бері әкемнен құсты баптау, саятқа дайындаудың қыр-сырын меңгердім. Қазіргі уақытта ұлттық спортқа, әсіресе құсбегілердің мәртебесін көтеруге көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Алғаш рет болса да, Орал өңірі турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырғанын аңғардық.

Құсты баптауды көзбен көріп, қолмен ұстамағаннан кейін, оның қиындығын   ауызша айтып жеткізу мүмкін емес. Атты бәйгеге қалай дайындаса, құстың да бабы дәл содан артық болмаса кем түспейді. Бабын келістіре отырып, жолға алып жүру оңай емес. Жарысқа мен екі бүркітімді әкелдім. Оның бірі – тоғызда. Балапан кезінен түрлі жарыстарға қатысып, қанжығамызды бірнеше жүлдемен майлап келеді.

Ғабит ТАҢАТОВ, Алматы қаласы:

«Оралдың салқындығы құсыма әсер етті»

– Өзім өнер саласында еңбек етемін. «Ұшар» би ансамблі мен «Топжарған» этно-өнер орталығының жетекшісімін. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнер орталығы арқылы ұлттық спортқа келдім десем артық айтқаным емес. Үш жылдан бері бүркіт баптап, сайыстарға шығып жүрген жайым бар. Жуырда ғана Алматы облысында ұйымдастырылған бүркітшілер сайысында екінші орын алдық. Қыранымның есімі – «Топжарған».

Бала кезден ат ерттеп өскенбіз. Жылқы малына жақындығымыз қанда бар ғой. Құсбегілік те қазақтың төл өнері. Бүркіттен бөлек сұңқар, ителгім бар. Тазы ұстаймын. Бүркіт – қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Бапты да солай қажет етеді. Өз балаңа қарағандай, ықылас қажет. Алматы жағы жылы өңір ғой, сол себепті Оралдың салқын ауа райы әсерін тигізді.

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Иттерге рейд
21 Қараша 2024
23 0
Мәдениет
Жан дүниесі бір бөлек
20 Қараша 2024
241 0
Жалын
Жігерлі жастар жарысты
13 Қараша 2024
734 0
Қалалықтар қаперіне
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
08 Қараша 2024
1111 0
Қалалықтар қаперіне
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ
04 Қараша 2024
1051 0
Қалалықтар қаперіне
ХАБАРЛАМА
04 Қараша 2024
1472 0
Құттықтаймыз!
Жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды
27 Қазан 2024
2089 0
Құттықтаймыз!
Көк Ту көкке көтерілді!
25 Қазан 2024
2256 0
Құттықтаймыз!
Ынтымақты айшықтаған мереке
25 Қазан 2024
2262 0
Қалалықтар қаперіне
Интернет-алаяққа алданбаңыз!
24 Қазан 2024
2311 0
Құттықтаймыз!
Айбарлы азаттықтың айғағы
24 Қазан 2024
2317 0
Қоғам
Ардагерлер жарысты
20 Қазан 2024
1965 0
Қалалықтар қаперіне
Құм Нарыны Нарынбекті еске алды
19 Қазан 2024
2796 0
Қалалықтар қаперіне
Жаңа аудандық сот ғимараты ашылды
18 Қазан 2024
2849 0
Оқиға
Өрттің алдын алды
18 Қазан 2024
2845 0
Құттықтаймыз!
АҚЖАЙЫҒЫН АҢСАЙДЫ АҚЫН ЖҮРЕК
11 Қазан 2024
3455 0
Бәрекелді!
Жағымды жаңалық!
11 Қазан 2024
3427 0
Қалалықтар қаперіне
3.190 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды
11 Қазан 2024
3413 0
Қоғам
Үйірменің берері көп…
11 Қазан 2024
3391 0
Бәрекелді!
Жеңімпаздар анықталды
10 Қазан 2024
3555 0
Бәрекелді!
АҚЖАЙЫҚТА ӘДЕБИЕТШІЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ
10 Қазан 2024
3601 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»