МАЙДАНГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Батысқазақстандық майдангер Алевтина Митрохина 94 жасқа толды. Ұлы Отан соғысы ардагерін қалалық Қорғаныс істері басқармасы арнайы барып құттықтады.
Алевтина Тимофеевна БҚО-мен көршілес Саратов облысы Озинки ауданында 1925 жылдың 14 тамызында дүниеге келген. 1941 жылдың қарашасында медбикелерге арналған алты айлық оқыту курсына қабылданып, курстың соңында аудандық военкоматқа түседі. Медбикелер курсын бітіргеннен кейін 17 жасында майданға аттанады. Бірден Сталинград түбіндегі алапат шайқастың ортасына түсті. Талай жауынгерге медициналық жәрдем көрсетіп, ажалдан аман алып қалуға тырысқан медбике 3-Украина майданы құрамында Ростов облысы, Донецк, Донбасс, Днепропетровск, Николаев, Одессаны, Молдавия, Румыния, Югославия жерлерін жаудан азат етуге қатысты. Соғысты Венгрия астанасы Будапеште аяқтаған Алевтина өзі сияқты майдангер Лаврентий Митрохинге тұрмысқа шығып, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Соғыстан кейінгі жылдары Орал қаласына ерімен бірге көшіп келген А.Митрохина Батыс Қазақстан медицина училищесін бітіріп, осында 1983 жылы зейнетке шыққанша ұстаздық етті.
«Екінші дәрежелі Отан соғысы ордені» мен «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және басқа да көптеген медальдардың иегері А.Митрохина сондай-ақ – КСРО және Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Басқарманың жасақтау бөлімінің бастығы, капитан Нұрлан Баймұханов Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі мәңгі ұмытылмайтыныН, оны кейінгі ұрпаққа үлгі етудегі жарқын істердің жалғаса беретінін айтып, Алевтина Митрохинаға зор денсаулық тіледі.
Версия для печати
Пікір үстеу