ҚЫЛМЫСЫН 25 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАСЫРҒАН
25 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен бөрлілік әйелдің мәйіті табылды. Бұл туралы БҚО ПД мамандары мәлімдеді.
Қылмысқа қатысы бар күдікті өз еркімен келіп тәртіп сақшыларына болған оқиғаны баяндаған. Яғни, осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамдық көлікте марқұммен танысқан айыпты өзара келісім бойынша көлік жөндеу орнында ішімдік ішеді. Көңіл көтерудің соңы жанжалға ұласып, 1971 жылғы азамат оның басынан белгісіз құралмен соғып қалады. Жаралы болған ол, сол соққыдан соң есін жимайды. Қылмысын жасырмақ болған күдікті әйелді жерге көміп, жеке заттары мен киімдерін өртеп жіберген.
Ширек ғасып өткен соң ол полицейлерге келіп, жасаған қылмысын өзі мойындапты. БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков оған қатысты «кісі өлтіру» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын айтты. – Ағымдағы жылғы 6 шілдеде БҚО Бөрлі ауданының полиция бөліміне 1971 жылы туылған азамат келіп, 1994 жылы БҚО, Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында қызды өлтірген туралы мәлімдеген. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – дейді Болатбек Еркебұланұлы.
Тексеру барысында полицейлер күдіктінің нұсқамасы бойынша қазба жұмыстарын жасап, белгісіз тұлғаның қаңқасын тапты.
Айнұр ТӨЛЕУҒАЛИҚЫЗЫ
Версия для печати
Пікір үстеу