БІР АЙДА «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ШАҒЫН НЕСИЕ АЛДЫ
Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд. теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына – 27,5 млрд. теңге қарастырылған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады.
«Қазіргі уақытта Қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап, несие беріп жатыр, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров. – Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 пайыздық сыйақы ставкасы бойынша беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған».
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80 пайызағ жуығы стартап-жобалар екенін ескерсек, Қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес.
«Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд. теңгеге жуық қаржы берген екенбіз. Бұл 150 мың несие деген сөз. Негізінен бұлар шағын бизнеске берілді, яғни, жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар. Банк секторымен салыстыратын болсақ, бұл сегментте Қор көшбасшы деп айта аламыз. Мысалы, статистика бойынша екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына 490 млрд. теңге бағыттаған болса, соның тек 14,7 млрд. теңгесі жеке тұлғаларға берілген. Ал, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд. теңгенің несиесін берген. Сондай-ақ, Қордың шарттары несие алушылар үшін өте қолайлы. Біздің бағдарламалар бойынша жылдық орташа сыйақы ставкасы 6%. Ал, банктерде 10-16%», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Несиелендіру департаментінің директоры Геррард Бааль.
Шарты жеңіл тиімді несиені алушылардың саны жыл сайын артып келеді. Жалпы мыңдаған ауыл кәсіпкері Қордан несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл қаржы түскеннен бастап Қор тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне жалпы сомасы – 3,7 млрд теңгеге 966 несие берілді.
Ауыл тұрғындары барлық туындаған мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, облыс орталығында орналасқан Қор филиалы қызметкерлерінен кеңес ала алады. Сонымен қатар, өз сұрақтарыңызға 8 800 080 35 05 тікелей желі телефоны арқылы жауап ала аласыздар.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі
Версия для печати
Пікір үстеу