8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
28 Қаңтар 2026 108 0
«Жақсыдан – шарапат»

Әлия ҚАЙЫРЖАНОВА: «БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ – ОЙЫ ОЗЫҚ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ…»

«Жайық Үні» газетінің биылғы №4(1807) санында Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Әлия Қайыржановамен болған және ауқымды мәселелерді қамтыған көлемді сұқбат жарияланған еді. Сол сұқбаттың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

– Әлия Зұлқарнайқызы, шаһар бойынша білім саласында қандай жұмыстар атқарылды? Қандай жұмыстарға қол жетпеді? Апатты жағдайда тұрған мектептер бар ма? Биыл қанша мектепке күрделі жөндеу жасалды?
– 2025 жылдың сәуір айында Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Содан бері сегіз ай уақыт өтті. Бұл – ауқымды саланың бүге-шігесіне толық бойлап, түбегейлі өзгеріс жасау үшін аз уақыт болғанымен, нақты бағыт-бағдар айқындауға жеткілікті кезең болды деп ойлаймын.
Бүгінде қалалық білім беру жүйесінде 54 мемлекеттік мектеп, 49 мемлекеттік балабақша және 6 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке балабақшалар, оған қоса жеке мектептер ашылып, білім беру кеңістігі кеңейе түсті.
Қалада апатты деп танылған мектептер жоқ. Білім беру инфрақұрылымын дамыту нәтижесінде үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің саны едәуір азайды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен №31 мектепке 400 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы №7, 13, 22, 24 және 32 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда қалада үш ауысыммен жұмыс істейтін 3 білім беру ұйымы бар. Атап айтқанда, №20, №24 жалпы орта білім беретін мектептері және Эстетикалық бағыттағы гимназия. №20 жалпы орта білім беретін мектебіне жапсаржай (пристрой) салу жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. №24 ЖОББМ мен Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясындағы үш ауысымдық мәселе «Жұлдыз» шағынауданында 1500 орындық жаңа мектептің салынуы арқылы өз шешімін табатын болады. №27 мектеп-лицейі мен №43 жалпы орта білім беретін мектебі апат алдындағы жағдайдағы нысандар ретінде танылып отыр. Аталған мәселе 2027 жылы КПО b.v. компаниясының қолдауымен жаңа мектептер салу арқылы шешіледі деп күтілуде.

– Жалпы, қала бойынша 52-ге тарта мектепте қанша оқушы білім алуда? Қанша мұғалім қызмет атқарады? Олардың нешеуі жоғары санатқа жатады?
– Бүгінгі таңда қала бойынша 54 (1-еуі – кешкі мектеп) мемлекеттік мектеп, 11 жеке мектеп жұмыс істейді. Мемлекеттік мектептерде 62 986 оқушы білім алуда, ал жеке мектептерде 2 423 оқушы оқиды. Осы үлкен жүйеде 8 320 педагог қызмет атқарып отыр. Педагогтердің кәсіби деңгейіне келсек, 50 педагог – «педагог-шебер», 1 140-ы – «педагог-зерттеуші», 1 733-і – «педагог-сарапшы», ал 2 754 ұстаз «педагог-модератор» санатына жатады. Осы көрсеткіштер қала мұғалімдерінің кәсіби әлеуеті жоғары екенін және үздіксіз дамуға ұмтылатынын көрсетеді. Мұғалімдердің оқу жүктемесі қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, аптасына 16 сағат көлемінде белгіленген. Ал жүктеменің одан аз немесе көп болуы педагогтің келісімі негізінде жүзеге асырылады.
– Сіз үшін мектеп пен мұғалім қандай болуы керек? Ұстаздың бойынан ең басты қандай құндылықты, қасиетті көргіңіз келеді? Бір мезгіл мектептерді аралап, сыныптарға кіріп, сабақтарын тыңдауға, шәкірттермен тілдесуге уақыт табасыз ба?
– Мен үшін мектеп – баланың тек білім алатын орны емес, оның тұлға болып қалыптасатын, арманына қанат бітетін, болашағына бағыт-бағдар берілетін қасиетті орта. Ал мұғалім – сол ортадағы ең басты тұлға. Бүгінгі қоғамда ұстаз «үйретуші» ғана емес, ең алдымен «бағдарлаушы», «жол көрсетуші», баланың ішкі әлеуетін аша алатын тұлға болуы тиіс.
Мектептерді аралау, ұстаздар мен оқушылармен жүздесу – мен үшін өте маңызды. Алайда І – жартыжылдықта қызметтік жүктеменің көптігіне байланысты сабақтарға жүйелі түрде кіріп, сыныптарға қатысып, шәкірттермен еркін тілдесуге уақыт тапшы болды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес, тәрбие жұмыстарының бағыттары айқындалып, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Басшылық қызметке келгелі оқу жылының басында барлық қала мектептерінің педагогикалық ұжымдарымен кездестім, сондай-ақ балабақшалардың да жағдайымен таныстым. Кездесулер барысында бірқатар қиындықтар мен басым назар аударуды қажет ететін мәселелер анықталды.

– Соңғы екі тоқсанның нәтижелерін тарқатып айтып берсеңіз? Білім көрсеткіші ең жоғары, бәсекеге қабілетті мектептерді атап өтсеңіз.
– Биылғы оқу жылының алғашқы екі тоқсанының қорытындыларына және соңғы үш жылдағы білім сапасының динамикасына талдау жасаған кезде, қалалық білім беру жүйесінде тұрақты оң өзгерістер қалыптасқанын айқын көруге болады. Мәселен, 2024–2025 оқу жылында оқушылар саны 61 696-ға жетіп, озаттар саны 10 996 болды. Оқу екпінділері 24 369 оқушыны құрады. Білім сапасы 66,21 пайызға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2 пайызға өсті. Жалпы, соңғы үш жылда тұрақты өсім байқалып отыр. Бұл – білім беру жүйесіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
2025-2026 оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қала мектептерінде 10 337 озат оқушы және 24 181 оқу екпіндісі анықталды. Білім сапасының көрсеткіші 60,87 пайызды құрады. Білім сапасы 0,56 пайызға өсті.
Білім көрсеткіші жоғары, бәсекеге қабілетті мектептер қатарында инновациялық бағытта жұмыс істеп отырған №27, №28, №34, №35, №38, №41, №42, №44 мектептері, Эстетикалық бағыттағы гимназия мен Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы және №1, №2, №7, №9, №33, №36 және №37 мектептері де білім сапасы бойынша алдыңғы қатарда.

– 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қаладағы аралас мектептерде қанша қазақ баласы білім алып жүр? 1-сыныптың табалдырығын аттаған шәкірттердің оқу үлгерімі қандай?
– Қала бойынша 26 аралас тілді мектептер жұмыс жасайды және кешкі мектеп бар. Оқушы саны – 30 587, оның ішінде қазақ сыныптарында – 6806 оқушы, орыс сыныптарында – 23 781 оқушы. Аралас мектептерде білім алып жүрген оқушылардың 18 685-інің ұлты – қазақ. Былтырғы жылмен салыстырғанда аралас мектептерде білім алып жүрген ұлты қазақ оқушылардың саны азайды.
2025-2026 оқу жылында 1 сыныпқа 6 267 оқушы қабылданды. Жылдан жылға қазақ сыныбына қабылданғандар көбейіп, орыс сыныбына азайып келеді. 2025-2026 оқу жылында қазақ мектептерінде мемлекеттік тілді үйренуге талпынып, оқып жүрген өзге ұлттың балалары – 260.

– 2026 жылдан бастап мектептердің асханасын тиісті орган қызметкерлері кез келген уақытта тексеретінін білесіз. Бұл туралы арнайы Заң күшіне енді. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жүзеге асады?
– Орал қаласындағы барлық мектепте оқушыларды тамақтандыру толық ұйымдастырылған. Биылғы оқу жылында 27 894 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Тегін ыстық тамақпен қамтылған әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасыларындағы 1-11 сынып оқушылары – 1 733. Тегін ыстық тамақпен қамтылған 1-4 сынып оқушылары – 26 161 (100 %).
2025–2026 оқу жылына арналған, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен тамақтандыру ұйымдастырылатын мектептерге арналған төрт апталық маусымдық перспективалық мәзір облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 2025 жылдың 18 тамыздағы бұйрығымен бекітілді. 2025-2026 оқу жылында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 2792278,0 мың теңге қарастырылған. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 201203,0 мың теңге қарастырылған. Асханаларды басқару тетігі де нақты жүйеленген. Облыстық білім басқармасының конкурстық комиссиясының 2020 жылғы 8 маусымдағы №283 шешіміне сәйкес, 44 мектепте асханалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде асхананы жалға алушылар тамақтандыруды ұйымдастырып, асханалар ұзақ мерзімді 8 жылға жалға берілді. Жалға алушылар қатарында «Отау-Алан», «Киматов», Е.И Зотова, К.У.Кадырова бар. Сондай-ақ, №18, 33, 35, 51, 52 мектептерде тамақтандыруды асхананы жалға алушы ұйымдастыруда, ЭБГ, ВБМГ мектептері тамақтандыруды өздері жүргізеді.
Қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық асханаларда және ас блоктарында бейнебақылау камералары орнатылған. Қала бойынша 2025-2026 оқу жылында 52 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен жүйесі енгізіліп, мектеп асханалары қолма-қол ақшасыз терминал жүйесі арқылы жұмыстануда.
– Көптен көкейде жүрген тағы бір сұрағым, соңғы екі жыл қатарынан ҚР Мемлекет басшысынан және ҚР Білім және ғылым министрлігінен А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының ұстаздары мемлекеттік марапат алып, қаладағы білім саласының мәртебесін көтерді. Саналы, білімді ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбектің еленіп, жоғары марапатқа ие болғанына ел болып қуандық. Менің айтпағым, осы №34 мектеп-гимназиядан басқа, Оралдағы білім ұяларында сабақ беріп, еңбек етіп жүрген мұғалімдер де осындай жоғары марапатқа неліктен ие болмай жүр? Әлде олардың рейтингі аталмыш мектеп-гимназиядан төмен бе?
– Иә, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының ұстазы Траисова Эльмара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары марапатына ие болуы – тек бір мектептің ғана емес, тұтас қаланың білім саласындағы зор жетістігі. Бұл үрдіс бір ғана мектеппен шектеліп отырған жоқ. 2025 жылы Президент Жарлығымен №35 мектеп-лицейінің мұғалімі Әлиева Сәлима «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатына ие болып, Ақордада Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Жалпы қала бойынша 9 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын иеленсе, 39 мұғалім Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. Бұл – Орал қаласындағы педагогтердің еңбегі жүйелі түрде еленіп келе жатқанын көрсететін нақты дәлелдер.
Ал «неліктен басқа мектептердегі мұғалімдер жоғары марапаттарға ие болмай жүр?» деген сауалға келсек, бұл жерде рейтинг немесе бір білім ұясының екіншісінен төмендігі туралы мәселе жоқ екенін ерекше атап өткім келеді. Мемлекеттік марапаттар – белгілі бір кезеңдегі еңбектің, нәтижелі қызметтің, кәсіби және қоғамдық белсенділіктің, сондай-ақ ұсыныс беру тәртібінің жиынтығы негізінде тағайындалады. Көптеген ұстаздар күнделікті қажырлы еңбегімен, шәкірт тәрбиелеудегі жанқиярлығымен үлкен құрметке әбден лайық, алайда олардың еңбегі міндетті түрде бір мезетте мемлекеттік марапатпен өлшенбейді.
– Әлия Зұлқарнайқызы, ұзақ мерзімді ІІІ тоқсан да басталды. Биыл қала мектептері оқу жылын қандай жетістіктермен аяқтағалы отыр.
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, 2026 жылдың алғашқы күндері біз үшін жағымды жаңалықтармен басталғанын атап өткім келеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9–11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Орал қаласының құрамасы жоғары дайындық пен білім сапасын көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленді. Сонымен қатар «Алтын тұғыр» республикалық байқауында бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған қалалық команда үздік деп танылып, І орынға ие болды. Қазіргі таңда олар республикалық кезеңге дайындық үстінде. Бұл жетістік бастауыш сыныптағы білім сапасының артып келе жатқанын, педагогтердің әдістемелік әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Алдағы жұмыс жоспарымыз бен мақсатымыз айқын. Біріншіден, білім сапасын арттыру, оқушылардың пәндік білімін ғана емес, функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын дамытуға басымдық беру. Екіншіден, дарынды балаларды анықтау және қолдау, олимпиадалық резервті күшейту, мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасау. Үшіншіден, тәрбие жұмыстары мен мектептегі қауіпсіз, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы шаралар үздіксіз жүргізіледі.

Сұқбаттасқан М. ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Мезгіл мәселесі
Көші – қонда биылдан бастап не өзгереді?
28 Қаңтар 2026
109 0
Құттықтаймыз!
ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУ
19 Қаңтар 2026
365 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»