Масқара! Тоңазытқыштың ішінен баланың денесі табылды
Биылғы жылдың 8 тамызында сағат 22:00 шамасында Бәйтерек ауданында жеке үйдің ауласындағы «Мир» маркалы тоңазытқыштан 5 жастағы баланың зорлықпен өлім белгілері жоқ мәйіті табылды. Баланың денесін анасы тауып алды. Шешесінің айтуынша, үш баласы да көшеде ойнап жүрген. Бірақ кешке қарай үйге екеуі ғана оралған. Мұны білген әйел бір сағат бойы аудан бойынша кіші ұлын іздеген. Кейін үйінің ауласына кіріп, ескі жұмыс істемейтін тоңазытқыштың ішінен бүлдіршіннің денесін тауып, шұғыл жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенде баланың өлімін тіркеді.
– Бұл кеңестік тоңазытқышта есіктің металл тұтқасында орналасқан автоматты құлыптау жүйесі бар. Егер сіз есікті итерсеңіз, құлып жабылып қалады. Тоңазытқыштың сыртындағы тұтқаны тартып алғанша тоңазытқышты ішінен ашу мүмкін емес, – деп хабарлайды Полиция департаментіНің баспасөз қызметі. Сотқа дейінгі тергеу аясында баланың мәйітіне медициналық зерттеу тағайындалды. Аталған факт жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін Полиция департаменті барлық ата-аналарға кішкентай балалар үшін өте қауіпті болуы мүмкін, көптеген саяжайлар мен жеке аулаларда тұрған ескі тоңазытқыштарға ерекше назар аударуды сұрайды.
Айнара ИСА
Пікір үстеу