ЗАШАҒАНДА ОТБАСЫЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінде Оралдағы Зашаған кентінде №5 отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Орталық №6 қалалық емхананың бөлімшесі ретінде тұрғындарға қызмет көрсетпек. Нысанның ашылуына қала басшысы Абат Шыныбеков қатысып, тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды ұлы мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бүгін қаламыздың ең үлкен кентінің бірі Зашаған кентіндегі тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында жаңа отбасылық денсаулық орталығы ашылып отыр. Мемлекет басшысы өз жолдауларында айтып өткендей, бірінші кезекте тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға тиіспіз. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда кентте 70 мыңға жуық халық тұрады. Тиісінше, емханаға түсетін жүктеме көп. Басты мақсатымыз – осы аумақта тұратын тұрғындарымызға сапалы медициналық қызмет көрсету және оны қолжетімді деңгеңге жеткізу,– деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Денсаулық орталығының лентасын ардагерлер одағының мүшесі, кент тұрғыны Қозекеш Омаров пен ардагер-дәрігер Галина Лобода қиып, құттықтауларын жеткізді.
Жаңа орталықта тұрғындарға аталмыш кенттің 6 учаскесі бойынша жалпы тәжірибелік және 1 учаскесі бойынша балалар дәрігері қызмет етеді. Сондай-ақ мұнда физиотерапия,гинекология, лаборатория кабинеттері мен дәріхана жұмыс жасайды. Алдағы уақытта күндізгі ем қабылдау және екпе кабинеттері ашылады.
Айта кетейік, жаңа медицина орталығы қызмет бағытын өзгерткен дәмхана ғимараты орнына ашылды. «NS-проект» ЖШС ғимаратты барлық талапқа сай бейімдеп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп берген. Жаңа отбасылық денсаулық сақтау орталығы Жәңгір хан көшесіндегі 50/1 мекенжайында орналасқан. Емхана 12 мың тұрғынға қолайлы қызмет көрсетуге дайын.
Версия для печати
Пікір үстеу