«ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ
Оралда «Қала күні-2021» мерекесі өтуде. Бүгін мерекеге орай қала әкімі шаһардың дамуына үлес қосқан ел азаматтарын арнайы қабылдады. Салтанатты шарада түрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарға «Қаланың құрметті азаматы» атағы табыс етілді. Мереке аясында арбат бойында БҚО және Орал қаласының Құрметті азаматтарына арналған пилондар ашылды.
Салтанатты жиында шаһар басшысы Абат Шыныбеков қалалықтарды Ақ Жайық жағасындағы әсем де әдемі шаһардың төл мерекесімен құттықтады. Қаланың әлеуметтік-экономиалық дамуында жасалғанигі істерге тоқталды.
– Жыл сайын жоғары деңгейде тойланатын «Қала күні» мерекесін Орал қаласы толайым табыстармен қарсы алуда. Шаһарымызда халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі таңда Орал қаласында 320 мың тұрғын бар. Осыған байланысты, қаланың территориясы да кеңейіп, сәйкесінше жаңа шағын аудандар мен кенттер құрылуда. Жаңа тұрғын үйлер Зашаған кентінде, қаламыздың солтүстік-шығыс бөлігінде көптеп салынуда. Жуырда жаңа Ақжайық шағын ауданында құрылыс жұмыстары басталады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл 8 үйді пайдалануға береміз. 2021 жылы қала аумағында 30 км жол салынады. Тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамту үшін 16 ұңғыманы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар жаңа 6 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Кәріз коллекторларының 25,6 км-на жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала экономикасына түскен инвестициялар көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы Оралда жалпы құны 17,4 миллиард теңге болатын 42 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 882 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп өндірісі даму қарқынын сақтап, жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асуда. Бұл барлығымыздың қоян-қолтық еңбегіміздің, бірауыздылық пен татулығымыздың, жаңа белестерге ұмтылысымыздың нәтижесі. Шаһарымыздың шырайын кіргізетін игі істер алдағы уақытта да атқарыла береді, – деді шаһар басшысы.
Облыстың, қаланың, ауданның құрметті азаматы атағын беру ережесіне сәйкес Орал қаласы әкімінің ұсынысымен, Орал қалалық мәслихатының шешімімен жергілікті мемлекеттік басқару саласында өзін жеке қырынан көрсеткен және қаланың әлеуметтік-саяси, мәдени-экономикалық, рухани дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері Елена Тарасенко мен Самиғолла Оразовқа және ғылым саласындағы жетістіктері, инновациялық қызметі үшін, Қазақстан Республикасындағы жаңа ұрпақ бойында азаматтық, адамгершілік және патриоттық сезімді тәрбиелеуге, сондай-ақ білім сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін қоғам қайраткері Ақсерік Әйтімовке «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы беріліп, салтанатты жағдайда төсбелгі мен куәлігі табыс етілді.
Шарада ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері. Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов мерекелік лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ ҚР қоғам қайраткері, 1981-87 жылдары Орал қаласының басшысы болған, «Зерде-Память» қорының төрағасы Қуанышбай Төлебаев қор атынан қаланың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хат табыс етті.
Салтанатты жиыннан соң меймандар Д.Нұрпейісова көшесінің бойындағы БҚО және Орал қаласының Құрметті азаматтарына арналған пилондардың ашылуына қатысты.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу