«ТОЙ САРАЙЫ» ОЙ САРАЙЫНА АЙНАЛДЫ
Бүгін Зашаған кентіндегі «Той сарайы» мейрамханасы бағытын өзгертіп, қалалық білім беру бөліміне қарасты «Шабыт» балалар шығармашылық орталығы болып өз жұмысын бастады. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында салтанатты түрде ашылған балалар шығармашылық орталығы кент тұрғындарына үлкен сый болды.
– Өткен жылы әлемді шарпыған пандемия адамзат тарихында ерекше орын қалдырғаны белгілі. Пандемия экономиканың барлық саласына қиындық келтіруде. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, қолдауымен экономиканың әр саласы бойныша ілгерілету, дамыту жұмыстары атқарылып жатыр. Ең басты басымдық – азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шара. Міне, бүгінде балаларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру маңызды екенін баршамыз білеміз. Осы орайда қосымша білім беру орталықтарының жұмысын дамыту қолға алынды. Зашаған кентінде 60 мыңға жуық тұрғын бар. Кентте 13 мыңнан аса оқушы білім алады. Соларға қосымша білім беру орталығын ашуды жоспарлап жүрген едік. Бүгін сәті түсті. «Қиындықсыз жақсылық келмейді» демекші, қиын кезеңде халыққа қызмет көрсететін орындар, әсіресе тойханалардың тұралап қалғаны сөзсіз. Бірінші кезекте, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Біздің Орал қаласының кәсіпкерлері де жұмыстарын тоқтатып, азаматтардың денсаулығын ойлады. Пандемияның әсері бірнеше жылға созылатынын баршаңыз да түсініп отырсыздар. Сондықтан кейбір кәсіпкерлеріміз осындай мейрамханаларын тұрғындардың сұранысына орай бейімдеуде. Бұл мәселені облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлының тапсырмасына сәйкес, бірлесіп жүзеге асырудамыз. Бүгін соның алғашқысы Зашаған кентіндегі «Шабыт» шығармашылық орталығының ашылуы болды. Бұған себепкер болған «Той сарайы» мейрамханасының қожайыны – Нұржан Әбдрахманов. Кәсіпкер білім беру бөлімінің тапсырысына сәйкес, ғимаратын ұсынып, ішіне барлық жағдайды жасап, балаларға қызмет көрсететін орталыққа айналдырды. Мұндай бастаманы өзге кәсіпкерлер де қолдап, бағытын түрлі салада қызмет көрсетуге өзгертеді деп ойлаймыз, – деп орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімі Абат Шыныбеков Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы балаларға арналған орталықтың ашылуымен басталуын жақсылыққа балады.
Сәні мен салтанаты келіскен кенттегі аталмыш «Той сарайы» мейрамханасы 2017 жылы ашылып, пандемияға дейін жұртшылықтың талай қуанышын дүрілдетіп өткізген еді. – Былтыр наурыз айында пандемия басталғанда мейрамхананы жабуға мәжбүр болдық. Жақында мемлекеттік порталдан қалалық білім беру бөлімінің осындай ғимарат іздеп жатқанын байқап, конкурсқа қатысқан едім. Жеңіп шықтым. Өз қаражатыма жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Бұдан өзге «Хан сарайы» мейрамханам бар. Мемлекеттің қолдауымен оның да бағытын өзгерту ойда бар, – дейді ғимараттың иесі Нұржан Әбдрахманов.

Ал Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету қазіргі күннің өзекті мәселесі. Себебі, қосымша білім арқылы балалардың қабілеттерін ашып, қызығушылықтарын арттыруға, жалпы өмірден өз орнын табуға септесуге болады.
– Бүгінде Орал қаласында 52 мыңнан астам оқушы бар. Алты қосымша білім беру мекемесі он мыңнан аса оқушыны қамтып отыр. Зашаған кентінде халық санының тығыз орналасуына байланысты мектепте оқушылар көп. Қосымша білім беретін ешқандай орталық жоқ болатын. Сондықтан жағдайды ескеріп, осы ауданнан ғимаратты жалға алуға хабарлама жасадық. Бірінші талабымыз – ғимараттың осы ауданда орналасуы, құрал-жабдықтарының сәйкес келуі болды. Жергілікті кәсіпкер біздің талабымызбен келісті. Қазір мұнда 500 бала бос уақытын тиімді өткізуде, алдағы уақытта 1000-нан аса баланы қамтамасыз ету ойда бар. Домбыра, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақтың ұлттық ойындары, би, фитнес орталығы, тілдік үйірмелер, яғни 20-ға тарта үйірме ашылады. Сондай-ақ ата-аналардың да кешкі мезгілде өз уақыттарын тиімді пайдаланып, фитнес, би залдарына келуге мүмкіндігі болады. Ас дайындау үйірмелерін ашу да жоспарда. Бұл орталық зашағандықтардың асығып келетін орнына айналады, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Қуанышты сәтте сөз алған кент тұрғыны, ақын Үзілдік Елубаева жас буынның ертеңіне алаңдап, бұрынғы «Той сарайын» ой сарайына айналдырған өңір атқамінерлеріне, кәсіпкерлерге, халық қалаулыларына алғыс білдірді.
Бұл күні мектептен тыс жұмыс орталығының жас жұлдыздары көпшілікті сан түрлі өнерлерімен тәнті етті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Соңғы жаңалықтар
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ШТАБЫ ЖӘНІБЕК ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу