ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ КӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰЖАТТАРДЫ АЛЫП ЖҮРУ МІНДЕТТІ ЕМЕС
ҚР Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң 13 ақпаннан бастап күшіне енеді.
Иә, енді көлікті басқару кезінде жүргізушілерден жеке бас куәлігі ғана сұралады. Ал қалған құжаттарды осы жеке куәлік негізінде полиция қызметкерлері өздері-ақ тексеретін болады. Бұл – цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі.
– Көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат – жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті. Жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полиция қызметкерлері планшет арқылы тексереді, – деді Орал қаласы Полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова.
Айта кетейік, Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды, яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті.
Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүру ережелерін назарда ұстап, көлік жүргізу мәдениетін мүлтіксіз сақтауға шақырады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу