ЖАБАЙЫ САУДАНЫ ЖОЮ ЖҮКТЕЛДІ
Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 18 наурыздағы шешіміне сәйкес, қаладағы бизнес нысандары және әлеуметтік нысандардың қожайындары немесе басшылары ғимараттарының айналасын абаттандыруы керек. Бұл орындалмаса, ғимаратты иелік етуші қожайындары немесе басшылары әкімшілік-құқықбұзушылыққа жол бергендері үшін жауапқа тартылады. Осы мәселені кәсіпкерлер қаперіне салу мақсатында қала әкімі Абат Шыныбеков пен қалалық бөлім басшылары және жергілікті полиция қызметі өкілдері қарашаның 3-і күні «Жайық» базарындағы кәсіпкерлермен кездесті.
«Жайық» базары аумағында «жабайы сауданың» жайылғанына бірнеше жыл. Базар әкімшілігі мен құзырлы органдар жабайы саудамен күресуді тоқтатқан емес. Адамдар жүретін жолға жағалай тұрып саудасын қыздырғандар жұмыстың жоқтығын, бала-шағаның қамын алға тартып, рұқсат етілмеген орын екенін біле тұра сөмкелері мен қораптарын арқалап қайта келеді. Айтуларынша, сауда нысандарындағы орындарды жалға алу қымбат, оны қалталары көтермейді.
Шаһар басшысы әр сауда жасаушымен тілдесіп, санитарлық талаптар сақталмаған орындар түрлі аурулардың дендеуіне себеп болуы мүмкін екенін және қазіргі жағдайда адамдардың денсаулығын тәуекелге қоюға болмайтынын жеткізді. Киім-кешекпен қатар, жеміс-жидек, ет пен балық та санитарлық талаптар сақталмастан саудаға шығарылып тұр. Ал саудагерлердің қалтасында тауардың санитарлық талаптарға жауап беретіні жөніндегі рұқсат қағазы жоқ. Санитарлық ережелерге сай келетін киімдері де жоқ.
Жабайы сауданың жолын кесуді бірінші кезекте ғимарат әкімшілігі қолға алуы керек. Осы ретте «Жайық» базарының әкімшілігі, осы маңдағы банк филилалы, павильондардың иелеріне ескерту жасалды.
– Наурыз айында қабылданған шешімге сәйкес, ұйымдастырылған ұйымдардың жеке және заңды тұлғалары өз аумақтарында санитарлық талаптардың сақталуы және абаттандырылуын қамтамасыз етулері керек. Яғни өз ғимараттарынан 5 метрлік периметр бойынша тазалығына жауапты, – деген қала басшысы Абат Абайұлы бұл талаптар сақталмаса, нысан басшысына хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын түсіндірді. Сондай-ақ күзет қызметін күшейтуді ұсынды.
«Жайық» базары әкімгері Галина Череватова «жабайы сауда» жасаушылар бизнестеріне де кедергі келтіріп отырғанын атады. Десе де, олармен күресуге шамалары келмей отыр.
Қала басшысы Полиция басқармасына аумақтағы жабайы сауданы толық жоюды қатаң тапсырды. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, келер жылы бұл жол абаттандырылып, асфальт төселмек. Аумақ көгалдандырылып, гүлзарлар қойылады.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу