ОРАЛДА «ҚАЛА КҮНІ» МЕРЕКЕСІ АЯСЫНДА 30-ДАН АСА ІС-ШАРА ӨТЕДІ
21-27 қыркүйек аралығында Оралда дәстүрлі «Қала күні» мерекесі өткізілмек. Тұрғындардың жаппай жиналуын болдырмау және карантиндік шараларды сақтау мақсатында негізгі шаралар телевизиялық және онлайн форматта ұсынылады. Сондай-ақ бірнеше әлеуметтік нысан ашылмақ. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлім етті.
Брифингте алдымен қала әкімінің орынбасары «Қала күні – 2020» мерекесінің логотипін таныстырды. Мерекелік логотип ақ және көгілдір, ақшыл жасыл түстерден құралған жапырық пішінді.
– Түрлі түстегі мазмұны қаланы әр қырынан көрсетеді. Сол жағындағы үш сызық – Жайық, Шаған, Деркөл өзендерін көрсетеді, мөлдірлік пен тіршілік нәрінің белгісі іспетті. Ақшыл жасыл түс қаланың табиғи ресурстарын, жасыл желекті орманын, гүлденіп, көркейген берекелі өмірдің бейнесін білдіреді. Қаланың символына айналған көрікті жерлердің бірі ақ түсті стелла да биіктіктің, рухтың, өрлеу мен дамудың белгісі ретінде логотиптен орын алды. Көк және жасыл түстердің тоғысуы қаламыздың ерекше орналасқан жерін, Еуропа мен Азиялық өркениетті жинаған бірегейлігін көрсетсе, ұлттық өрнек қаланың көне құрылу тарихын, ғасырлар тереңінен тамыр алғанының нышанын білдіреді, – деп түсіндірді Бақытжан Хаберұлы.
Бақытжан Хаберұлының мәлімдеуінше, «Қала күні – 2020» мерекесі аясында 21-27 қыркүйек аралығында 30-дан астам мәдени-спорттық шараларды өткізу жоспарланған. Бірнеше әлеуметтік нысан ашылады деп күтілуде. Мәселен, 23 қыркүйек күні «Биос» гемодиализ орталығы, 24 қыркүйек күні Омега көпірі маңындағы «Лепесток» саябағында жүгіру жолы, жеке инвестициялар есебінен екі спорт кешені және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Зашағандағы «Сарытау», «Арман» шағынаудандарынан екі спорттық алаң ашылады.
25 қыркүйек күні Жеңістің 75 жылдығы аясында «Ашық аспан астындағы» музейдің жалғасы іспетті Жеңіс алаңына «Катюша» машинасы орнатылады. Осы күні Гагарин кинотеатры ауданындағы жаңартудан өткен «Ардагер» клубы ашылып, елімізге танымал өлкентаушы-тарихшылардың бас қосуымен жарыққа шыққан «Сұрапыл соғыс жылдарындағы Орал қаласы» кітабының тұсауы кесілмек. Некрасов көшесіндегі демалыс аумағының ашылуы да осы күнге жоспарлануда.
26 қыркүйекте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Орда көшесіндегі №6 қалалық кітапхана филиалы ашылады. Сондай-ақ «JaiyqBikeFest» кросс кантри жарысы өтеді.
Бүгін «Ақжайық – шеберлер» қаласы қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі басталды. Өңірдегі ісмерлер қолдан шыққан бұйымдарын жәрмеңкеге қойып, жасалу жолдарын көрсетуде. Оған қоса жағажайдағы волейбол ашық қала кубогы, шағын футбол туринрі, байдарка және каноэда есуден ашық қала біріншілігі, street workout-тан ашық қалалық чемпионаты сынды бірнеше спорттық шаралар бастау алды. Сондай-ақ «Қала күні» мерекесі аясында урбанистер форумы жоспарлануда. «Ізгілікті қала» мүсіншілер симпозиумы аясында қаламыздың мүсіншілері мүсіндер дайындауда. Дайын болған мүсіндер 25 қыркүйекте қаланың әр аумағына қойылып, қорытындысы шығарылмақ.
Бұдан бөлек 25 қыркүйек күні Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағының құрылғанына 180 жыл толуына орай 180 жыл бұрын егілген емен ағашына естелік тақтайша қойылады. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында саябақтың тарихы туралы бейнефильмді және биолог-фотосуретші М.Шпигельманның фотокөрмесін тамашалайды.
Биылғы жыл – маңызды тарихи даталаға толы жыл. Жерлес тарихи тұлғалардың мерейтойлары да осы «Қала күні» мерекесімен тұспа-тұс атап өтілмек.
– Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы, Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтеді. Ол екі күн бойы – 25-26 қыркүйекте «Aqjaiyq» арнасынан көрсетіледі. Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші ашылады. Сондай-ақ Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры ақынның мерейтойына орай «Жұбан қойылымының премьерасын ұсынады. Ол да теледидар арқылы тікелей эфирде көрсетіледі, – деді Бақытжан Нарымбетов.
Брифинг соңында қала басышысының орынбасары «Қала күніне» орай телевизиялық және әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын бағдарламаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Aqjaiyq» телеарнасынан 21 қыркүйек күні сағат 22.05-те Абай Құнанбаев, Жұбан Молдағалиев, Әбу – Насыр Әл – Фараби, Қадыр Мырза Әлі, Дәулеткерей Шығайұлының мерейтойларына арналған «Ұлтын ұлықтаған ұлылар» атты әдеби–сазды кеш, 22 қыркүйек сағат 22.05-те Орал қаласы әкімінің Кубогі үшін КТК фестивалі, 23 қыркүйек сағат 22.05-те «Әсем өлкем – Ақжайық» атты жергілікті композиторлар мен ақындардың әндерінен телевизиялық концерт, 24 қыркүйек сағат 22.05-те ІІ «Жайықтың би әлемі» республикалық фестивалі, 23 қыркүйек сағат 22.05-те «Орал опера – 2020» классикалық музыка кеші, 24 қыркүйек сағат 17.00-де Республикалық IV «Жайық сазы» дәстүрлі республикалық өнер фестивалі, 27 қыркүйек күні сағат 21.15-те «Туған қалам – Орал» атты қала күніне арналған мерекелік гала-концерт көрсетіледі.
Сондай-ақ қыркүйек айының алғашқы күндері әлеуметтік желілерде қаланың көрікті жерлерінде арасы он шақты жыл болатын суреттерден фотобайқау, «Мен оралдықпын» видеобайқауы жарияланған. Бұл байқаулардың қорытындысы 23 және 25 қыркүйекте анықталмақ.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
zhaikuni.kz
Версия для печати
Пікір үстеу