ТІЛІ БАСҚА, ТІЛЕГІ БІР
Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде бірнеше ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олардың қатарында қазақ, татар, орыс, украин, әзірбайжан, грек, өзбек, ұйғыр ұлтының өкілдері бар. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік меңгерген әріптестерімен онлайн режимінде еркін диалог ұйымдастырып, өзара пікір алмасты. Ендеше сол қызметкерлердің тілді қалай үйренгеніне, жалпы тілге деген көзқарасына тоқталайық.
Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірі – ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Диляра Сатарова. Ұлты – татар. «Бір тіл білсең бір ғана елдің, екі тіл білсең екі елдің тарихын, ал көп тіл білсең, күллі әлемді танисың» деп бастады сөзін Диляра әріптесіміз. «Менің анам – полиглот. Ол кісі қазақ, орыс, татар, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Кішкентай кезімізден бастап бізді қазақша тәрбиеледі, үйде үнемі қазақша сөйлейді. Маған бірнеше тілді меңгеру керек екенін, тілдерді құрметтеуді анам үйретті». Айта кетейік, Диляра Махмудқызы өзі де өнерден кенде емес, департаменттегі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, мерекелік концерттерде Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы» атты әндерін нақышына келтіріп шырқағанда тебірене тыңдайсың.
Келесі кейіпкеріміз – Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы полиция подполковнигі Дмитрий Чмут. Ұлты – украин. «Мен қазақ тілін жұмыс барысында үйрендім. Полиция департаментінің іс қағаздары 2005 жылдан бері мемлекеттік тілде жүргізілуде. Барлық хат алмасу мемлекеттік тілде орындалады. Қажет болғандықтан тілді меңгеруге талпынып, департаментте ұйымдастырылған тіл үйрету курстарына қатыстым. Қызмет бабында кездесетін күнделікті құжаттарды өзім орындай аламын» – деді Дмитрий Михайлович.
Тағы бір қатысушымыз – Ақжайық аудандық полиция бөлімінің инспектор-кезекшісі полиция капитаны Николай Горбунов. Ұлты – орыс. «Мен Ақжайық ауданында туып-өстім. Достарым қазақ. Зайыбым қазақ. Балаларым қазақ мектебіне барады. Өзімнің жүрегім де, жаным да қазақ деп айтсам болады. «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ». Өте орынды айтылған сөз. Қазақ тілін білгенімнің өзім үшін пайдасы өте зор. Кезекшінің міндеті өзіңіз білесіз, күн сайын бөлімге келген адамдарға жөн сілтеу, келіп түскен хабарларды тіркеу, телефонға жауап беру, тәуліктік жедел мәліметті толтыру. Ауыл тұрғындарының көбі ұлты қазақ. Сондықтан, азаматтар келіп жүгінгенде еш қиналмастан жауап бере аламын. Тәуліктік жедел мәліметті өзім екі тілде еркін жазамын. Мемлекеттік тілді білгеніммен мақтанамын!» – деді.
Келесі кейіпкеріміз – полиция аға лейтенанты Роман Семилиди. Ұлты – грек. Киелі Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. «Қазақтың тарихи жері, хандар мен батырлар дүниеге келген Хан ордасында қазақ тілді ортада, қазақ балаларының арасында өскендіктен қазақ тілін өте жақсы білемін. Атам қазақтың салт-дәстүрін үнемі үйретіп, қазақ тілін құрметтеу қажет екенін кішкентай кезімнен санама сіңдірген еді. Мен полиция қатарындағы еңбек жолымды аймақтық учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып бастадым. Учаскелік инспектордың негізгі міндеті – халыққа қызмет көрсету. Қос тілді жетік білгендіктен қазақ тілді ортада да, орыс тілді ортада да тұрғындарға қызмет көрсетуде еш қиналмаймын» деді ол. Айта кетейік, Роман әріптесіміз 2018 жылы өткен «Парасатты полицей» республикалық сайысында «Тілі басқа, тілегі бір» аталымының жеңімпазы атанды.
Сұхбат соңында полиция капитаны Николай Горбунов «Мен Ақжайықтың алып ақыны Жұбан Молдағалиевтің ауылынанмын. Өзімнің қазақ жеріне, қазақ тіліне деген құрметімді Жұбан атамыздың «Мен қазақпын!» деген өлеңінің бір шумағын оқу арқылы жеткізгім келеді» – деп оқығаны сол-ақ еді, сол мезетте Диляра Сатарова да сөз алып, «мен жалғастырғым келеді» деп, өлеңнің келесі шумағын оқып берді. Қалған кейіпкерлеріміз де қарап қалған жоқ, Дмитрий Чмут та «эстафетаны мен қабылдаймын!» деп келесі шумақпен жалғастырып, тосыннан туындаған челленджді грек қызметкеріміз Роман Семилиди аяқтады.
Жазира КЕНЖЕЕВА, Батыс Қазақстан облысы ПД
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің бас маманы
Пікір үстеу