ҚҰРБАН ШАЛУ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ӨТЕДІ
Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Күн шыққаннан кейін бір сағаттан кейін, таңғы сағат 7.00-ден бастап құрбандық шалуға рұқсат етіледі. Құрбан айт рәсімі биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынысымен онлайн форматта өтеді. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің және облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Орал қаласында төрт мекенжайдан, яғни «Ел ырысы» базары, «Батыс Адал ет» ЖШС, Меловые горки ауылы және Зашаған кентіндегі мамандандырылған ХҚКО аумағынан құрбандық малдарын сатып алуға болады. Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен облыстың бас имамы Мұратбек Қыстаубаев мәлім етті.
Бүгін Орал қаласының Бас санитарлық дәрігерінің «Орал қаласының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін іс-шараларға тыйым салу туралы» қаулысы шыққан болатын. Қала әкімінің орынбасары Б.Нарымбетовтың айтуынша, қаулыға сай 31 шілде мен 2 тамыз аралығында меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй иеліктерінде адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Қала аумағында Орал қаласының әкімдігі белгілеген орындардан басқа жерлерде мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде мал сатуға рұқсат жоқ. Осы аралықта Орал қаласының бас имамы белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалу жүзеге асырылады. Мал сою цехтарының жұмысы тоқтайды. – 29 шілде мен 2 тамыз аралығында Орал қаласының ветеринариялық инспекциясына қала аумағында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды күшейту тапсырылды. Құзырлы мекемелерге Құрбан айт мерекесін тойлау кезіңінде «Құрбан айт» мерекесін ұйымдастыру мәселелерін халыққа түсіндіру үшін Call-орталықтың жұмысын ұйымдастыру тапсырылды. Мал союмен айналысатын кәсіпкерлерге Құрбан айт мерекесіне атсалысқан адамдарды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау және сақтау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелер талаптарының сақталуын қадағалау тапсырылды. Мал сою ветеринарлық сертификаты болған жағдайда жабық жерде және өзге қатысушыларсыз өткізіледі . Мал союға тыныс алу органдары ауруларының белгілері бар қызметкерлерді жібермеу, мал сою цехтарында тиісті санитарлық жағдай жасау, дезинфекциялық құралдардың, бетперделердің, қолғаптардың және антисептиктердің қорымен қамтамасыз ету көзделген. Локдаун 2 тамызға дейін созылады. Яғни, 1 және 2 тамыз күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, базарлар жабық болады. Осы атқарылып жатырған шектеу шараларының нәтижесінде еліміз бойынша, облыс орталығында коронавирустық инфекциямен шалдыққандардың саны төмендеуде, – дейді Бақытжан Қаберұлы. Сонымен қатар Орал қаласының полиция басқармасына мал сою орындарына бөгде адамдарды кіргізбеу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жүктелген.
Ал БҚО бас имамы Мұратбек Мұхтарханұлы Діни басқарма биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алғанын жеткізді. Бас имамның сөзіне сүйенсек, осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылған. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
– Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. «Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым, пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық» деді Бас мүфти.
Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады. Сондай-ақ сайтта құрбан шалуға қатысты Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары дайындаған сұрақ-жауап та бар, – деген өңірдің бас имамы бұдан соң құрбандық үшін сойылатын малға қойылған шариғаттың шарттарына тоқталды. – Ұсақ мал ең кемінде алты ай болуы керек. Кей жерлерде малдар бұл шартқа сай келмей жатыр. 4-5 айлық қозыны біреулер алты айлық деп көрсетуі мүмкін. Олай шалынған құрбандық дұрыс болмайды. Шариғатта қой малына 180 күн толған болуы қажет, тіпті бір-екі күн жетпей қалса да болмайды деп айтылған. Сондықтан осы мәселеде халыққа қызмет етіп, мал сатайын деп отырған ағайындарды істеріне адал болуға шақырамыз. Малдың жасын анық айтсаңыздар екен. Жылда дәл Құрбан айт күні мал бағасы көтеріледі. Расында, біреудің қайғысынан біреудің пайда көруін шариғат құптамайды. Қиналып жатқан адамға момын адам қол ұшын беріп, жеңілдігін жасайды, – деген Мұратбек қажы мал саудасымен айналысатын кәсіпкерлерден дәл биылғы індет кезінде, ел басына күн туып тұрған сәтте мал бағасын шектен тыс көтермеуді сұрады.
Айта кету керек, қаладағы аталған төрт мекенжайда жылдағыдай құрбандық шалынбайды. Қаланың кез келген жеріне автокөлігімен тұрып мал саудалағандарға жаза қарастырылған. Жер үйлерде бірнеше адамды топтастырып, мал сойып, санитарлық талаптарды бұзған азаматтар да жазасыз қалмайды. Қала аумағында осы күндері 20 мониторингтік топ белсенді жұмыс жасайды деп күтілуде. Егер еріктілердің көмегіне жүгінгіңіз келсе, мына телефон нөмірлеріне +7 747 114 18 27, +7 775 570 73 20 хабарласуыңызға болады.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу