ОРАЛДА «ҚАНАТТЫ ҚЫЗ» ХИУАЗ ДОСПАНОВАҒА КӨШЕ АТАУЫ БЕРІЛІП, МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТА АШЫЛДЫ
Бүгін «қанатты қыз» атанып, аңызға айналған қазақтың батыр перзенті Хиуаз Доспанованың дүниеге келген күні. «Халық қаһарманының» ерлігін насихаттап, есімін ұлықтау мақсатында осы күні қала орталығынан Хиуаз Доспановаға көше атауы беріліп, «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясына гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ғабдолла Тоқай көшелерінің қиылысындағы кешкі мектеп ғимаратында Хиуаз Доспановаға арналған мемориалдық тақта ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Иван Гапич, Вениамин Скаленко және зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Бүгін қасиетті жұмада облыс орталығының төріндегі киелі мекенге жиналып, үш батыр қызға құрметімізді көрсетудеміз. Күні кеше ел болып Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. Әрқашанда ата-бабамыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. 15 мамыр – Хиуаз Доспанованың туған күні. Фариза апамыз айтқандай, «Қай елде осындай батыр қыздар бар?». Сондықтан өжет қыздарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Бүгін батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тәу еттік. Қаһарман қыздың өзі оқыған мектебінің жанынан ескерткіш тақта ашылуда. Батыр қыздың Оралда іздері көп. Тұрған үйі, оқыған мектебі бар. Жәнібек ауданынан соғысқа аттанған. Осындай деректерді жастардың санасына жеткізуіміз қажет, – деді жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев. Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин Хиуаз Доспанованың 17 жасында Оралдағы №1 орта мектебін үздік бітіргенін, ұшқыштық өмір жолын Орал аэроклубында бастап, кейін соғысқа аттанғанын, сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанғанын әңгімеледі. – Хиуаз алдына қойған мақсатына жеткен өжет қыз. Шағын ғана ауылдан «ұшқыш боламын» деген бала арманымен Мәскеуге аттанған қазақтың қаршадай қызын алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы майдан даласына апарды. Екінші дүниежүзілік соғыста ол 300 рет әуеге көтерілді. Құлады, қатты жарақаттанды, тіпті ауыр жарақатынан дәрігерлер екі аяғын кесіп тастай жаздады. Сонда да берілмеді. Жазылар-жазылмастан ұшағына отырып, жаудың бетін қайтаруға бел шеше кірісті. Жеңісті Берлин жерінде қарсы алған Хиуаз Доспанова Алматыға оралып, өмірінің соңына дейін сол қалада тұрды, – деген қарт майдангер жастардың елдің даңқын көтерген батыр қыздардың өмір жолынан сабақ алуы керегін жеткізді.
Жиналғандар алдымен «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясына гүл шоқтарын қойып, одан соң Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы қиылысындағы Хиуаз Доспановаға арналған көшенің ашылу рәсіміне қатысты. Көше аншлагын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Иван Гапич, Вениамин Скаленко салтанатты түрде ашты. – Қала орталығындағы Алмазов көшесіне Хиуаз есімін берудің өзіндік мәні бар. Шығыстың үш бірдей шоқжұлдызының есімдерін алған қатар жатқан үш көше тұрғындар үшін батырлар ерлігі мен рухына деген мәңгілік тағзым екені даусыз. Ел басына күн туған қиын сәттерде қазақтың қайсар қыздары да ерлермен бірге атқа қонды. Солардың қатарында Хиуаз Доспанованың есімі айрықша ықыласпен аталады. Кескілескен шайқастың арасынан аман оралған батыр Отанды сүюдің ерен үлгісін көрсетті. Хиуаздың есімі мәңгі жасай береді, – деді салтанатты рәсімде сөз алған ардагер Иван Гапич.
Айта кету керек, аталмыш көшеге батыр қыздың есімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысымен, 2020 жылғы 18 наурыздағы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешіміне сәйкес берілген. Көше Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова көшелерімен тұспа-тұс орналасқан, батыр қыздардың рухына арналған ескерткіш қасынан арнайы беріліп отыр.
Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ғабдолла Тоқай көшелерінің қиылысындағы батыр қыздың өзі оқыған кешкі мектеп ғимаратында Хиуаз Доспановаға арналған мемориалдық тақта ашылып, адалдықтың, адамдықтың үлгісі, бүгінгі ұрпаққа өшпес өнегелі ісін жалғаған майдангердің рухына оралдықтар тағзым етті. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген осы болса керек.
.
Версия для печати
Пікір үстеу