БАӘ ҚАЗАҚСТАНҒА КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ҮШІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОРҒАНЫС ҚҰРАЛДАРЫН ЖІБЕРДІ
Біріккен Араб Әмірліктері билігінің шешімі бойынша Қазақстанға гуманитарлық көмек партиясы келіп жетті, деп жазды www.coronavirus2020.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Біздің сұранысымызбен бұл жүктің келетіндігі осыдан бір апта бұрын белгілі болған еді. Жалпы, Әмірліктерге ғана емес, барлық мемлекетке еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тізімге сәйкес қажетті медициналық заттар бойынша гуманитарлық көмек сұрап, хат жолдаған едік. Араб елдерінің ішінен ең бірінші болып Біріккен Араб Әмірліктері гуманитарлық көмегін жіберіп отыр. Гуманитарлық көмекте қолға киетін қолғаптар, медициналық маскалар, бахилалар, антисептиктер, бірреттік үстіге киетін арнайы киімдер бар. Жүктің жалпы салмағы 13 тоннаға жуықтайды. Бұл – Әмірліктер Үкіметінің Қазақстанға деген ізгілік көмегі», – деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш.
Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанға Түркиядан, Қытайдан, Жапониядан гуманитарлық көмек келген. Елімізден де гуманитарлық көмек сұрап отырған мемлекет бар. Оларға көмек көрсету мәселесін алдағы уақытта ел Үкіметі шешетін болады.
Белгілі болатындай, өзара қол ұшын беру аясында Қазақстанға бұған дейін де АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және Израиль секілді елдерден түрлі көмек жіберілген болатын.
Гуманитарлық көмек – бұл серіктестерге өзара қолдау көрсетудің жалпы қабылданған халықаралық тәжірибесі.
Тез тарайтын эпидемиологиялық дағдарыс жағдайында әлемнің барлық мемлекеттері әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне және географиялық алшақтығына қарамастан, түрлі көмек алу үшін өзара жүгінеді.
Версия для печати
Пікір үстеу