КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ТАРАЛҒАН ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН 79 АЗАМАТ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Коронавирустық инфекция бойынша бүгінгі күнге БҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, аурушаңдық жағдайлары тіркелген жоқ. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтарға тұрақты негізде мониторинг жүргізуде.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Н.Мұстаевтың айтуынша, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген 79 азамат бақылауға алынған.
– Індет таралған елдерден келген азаматтарды жатқызу орындары анықталды. Ауру жағдайы расталғандар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылады. Жедел респираторлы вирусты инфекция немесе тұмаумен сырқаттану белгілері байқалғандар уақытша стационарға жатқызылады. Уақытша стационар Кумыска елдімекеніндегі БҚО Туберкулезге қарсы диспансер шипажайында және Бәйтерек ауданындағы ауруханада ұйымдастырылды. Қазір уақытша стационарда 11 адам ем алуда. Сондай-ақ обсервациялық-карантиндік стационар бар. Онда коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келушілер мен коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болғандар орналастырылады. Обсервациялық стационарлар БҚО Туберкулезге қарсы диспансердің «Ивушка» оңалту орталығы мен Теректі ауданы Ақжайық ауылындағы аудандық ауруханада ұйымдастырылған. 25 наурыз күні кешкі уақытта «Орал» әуежайына Франкфурт-Орал рейсі келіп қонды. Ондағы сегіз жолаушы обсервациялық стационарға жатқызылды. Бұл азаматтардан «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысы бойынша елге келгеннен кейінгі үшінші күні коронавирус инфекциясы үшін талдау алынады. Демек, 28 наурыз күні талдау алып, сараптамаға жіберіледі. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы расталған ақтөбелік азаматпен бір рейсте Мәскеуден ұшып келген төрт азамат осы стационаға ораналастырылған еді. Олардан талдау алынып, тексерілді және теріс нәтиже көрсетті. Қазір бұл азаматтар үй карантинінде. Жалпы бүгінгі күнге обсервациялық стационарларда 68 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында, – дейді Нұрлыбек Мұстаев.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысына сәйкес коронавирус қаупі бойынша 1 «А» санатындағы елдерден келген адамдар жергілікті атқарушы органдар анықтаған үй-жайларда 14 күнге міндетті түрде үздіксіз карантинге жатқызылады. 1 «Б» санатындағы елдерден келген адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 1 тәулікке оқшаулауды, кейіннен 13 тәулік бойы үйде оқшауланады (үйдегі карантин). Үйде оқшаулау үшін жағдайлар болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулау ұсынылады.
Версия для печати
Пікір үстеу