ОРАЛҒА КЕЛІП ҰРЛЫҚ ЖАСАП ЖҮРГЕН АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЛДЫ
Соңғы кездері Орал қаласында адам тонау фактілері мен пәтер ұрлығы қылмыстары тіркеліп, бейтаныс адамдарға тоналған азаматтардан арыз шағымдар түсу жиіледі. Бірі құжаттары толы сөмкесінен айырылса, енді бірі ақшасынан айырылып қалғандар көрінеді. Тонау фактілерін ашу мақсатында Орал қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері іздестіру іс шараларын қолға алып, күндіз-түні тексерістер жүргізді. Орал қ.ПБ баспасөз қызметі жедел уәкілдердің тынымсыз іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Ақтөбе қаласынан Оралға келіп, 2 кісіні тонап, 3 пәтерге ұрлыққа түскен тұлғаны ұстағанын хабарлады.
1987 жылғы Ақтөбе қаласының С. есімді тұрғыны бұған дейін де қылмыс жасағаны үшін сотталған екен. Бұл аз дегендей Оралға келіп, қылмыстық жымысқы ойларын жүзеге асырған. Қылмыстардың бірінен соң бірін жасап, оңай жолмен ақша тапқан, соңынан ізін жасырмақ ниетпен Ақтөбе қаласына қашып кетіп, жасырынып жүрген. Орал қаласында тіркелген кісі тонау мен пәтер ұрлығын ашу мақсатында КПб жедел уәкілдері арнайы іс сапармен Ақтөбе қаласына барып, күдіктіні тауып, құрықтап, Орал қаласына жеткізді. 1987 жылғы Ақтөбелік күдікті тұлға тәртіп сақшылары алдында жасаған қылмыстарын мойындады.
Анықталғандай, 7 қаңтарда сағат 17.00 мен 23.50 аралығында Орал қаласы, Ружейникова көшесіндегі жәйлі көп пәтерлі бір үйдің пластик терезелерін ішке қарай итеріп ашқан. Үй ішінен 5 300 Ресей рублін ұрлап кеткен. 1982 жылғы әйелге 32 560 теңге көлемінде материалдық залал келді. 24 қаңтарда сағат 08.30 бен 11.00 аралығында дәл осы пәтерге ұрлыққа түсіп, 2 «Самсунг» маркалы телевизорды көтеріп, ұрлап оқиға орнынан бой тасалаған. 1982 жылғы үй иесіне 810 мың теңге көлемінде шығын келтірілді.
14 қаңтарда күндізгі сағат 15.50 шамасында Солтүстік-Шығыс ауданы-2 үй қасында болып, егде жастағы әйел адамның қолындағы сөмкесін алып қашқан. 1934 жылғы әжейдің сөмкесінде 5 мың теңгесі, жеке бас куәлігі, зейнетақы алатын кітапшасы және дүкеннен сатып алған азық-түліктері болған. Осылайша егде жастағы кісіге 11 мың теңге шығын келді. Тонау фактісі орнына барған басқарманың жедел-тергеу тобы аяқ киім іздерін алып қайтты.
20 қаңтарда шамамен сағат 06.45-те Строитель шағын ауданындағы бір үй қасынан өтіп бара жатқан әйелдің корпусы қара түсті «Хуавей» маркалы ұялы телефонын және 97 мың теңгесін тартып алып, қашқан. Басқармаға жеткізілген бұл күдікті осы әйелден тартып алған заттарын ішінара ғана тауып берді.
Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері кеше, 14 ақпан күні тағы 1 пәтер ұрлығын ашып, осы күдіктінің қылмысқа қатысы барын анықтады.
Ақтөбеден келіп, жолай кездескен кісілерді тонап және пәтер ұрлықтарына жол берген С. есімді күдікті бұл күні Қазақстан Республикасы қылмыстық процестік кодексінің 128-бабына сай Орал қ.ПБ-ның уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
2 рет кісі тонап, 3 рет пәтер ұрлаған бұл тұлғаның өзге қылмыстарға бар-жоғы анықталуда.
Бүгінгі күні ҚР ҚК-нің 188 бабының 3 бөліміне, 191-бабының 2-бөліміне сай іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан бейнебақылау камераларына түсіріліп, жазылған бейнетаспаларды да алды.
Версия для печати
Пікір үстеу