МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ БҚО-ДАҒЫ СПОРТ МЕКТЕБІ-ИНТЕРНАТЫ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Батыс Қазақстан олблысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ш.Өтемісов, А.Жамалов және С.Имашева бүгін БҚО дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешені ұжымымен кездесті.
БҚО дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешені өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 9 195 шаршы метр. Мектеп ғимараты 3 блоктан – оқу, жатақхана, асханадан тұрады. Сонымен бірге үш жаттығу залы бар. Депутаттар мектеп ұжымының оқытушы-жаттықтырушыларымен тілдесіп, жаңа нысандағы мектеп-интернаттың тынысымен танысты.
Мектеп интернат директоры Абай Бақмановтың айтуынша, спорт мектебі 250 оқушыға арналған. Жатақхана 150 орындық. Оқу корпусында қазіргі білім беру талаптарына сай жабдықталған 13 сынып бөлмесі бар. Оның ішінде мамандандырылған, зертханалық жабдығы бар химия, биология, физика, ағылшын тілі және мультимедиялық кабинеттер және шеберханалар қызмет етеді. Жаттығу залдары бокс рингі, бірнеше күрес кілемдері, жаттығуға және ойын залына арналған құрал-жабдықпен толық қамтылған.
– Спорт мектебінің жаңа ғимаратқа көшірілгенін естігенімде қуандым. Өйткені чемпиондарды даярлайтын спорттық мектептің бұрынғы жағдайынан жақсы хабардармын. Оқушылардың жаттығуы үшін орынның болмағанын, жатақхананың өзі тар болғанын білеміз. Екі жыл бұрын жаңа мектеп-интернаттың алғашқы іргетасы құйылған кезде құрылыстың барысын көру үшін келген болатынмын. Жақсы мектеп-интернат кешені бой көтергеніне риза болып тұрмын. Шын мәнінде талантты жастардың, дарынды ұландарымыздың қабілеттерін шыңдау үшін теңдессіз кешен деп санаймын. Республика бойынша мұндай спорт-интернат кешендері көп емес. Спорт саласында дамыту әр кез ерекше назарда. Елбасы республика бойынша таяу жылдардың ішінде 100 спорт кешенін салу туралы тапсырма берген еді. Соған байланысты әр ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешінін салу туралы шешім қабылданды. Бұған ҚПО б.в. компаниясы да қол ұшын созуда. Өңірге жұмыс сапары барысында Жаңақалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынғанын, Жәнібек ауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын көрдік. Ақжайық ауданында келер жылы салынады екен. Күні кеше қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы Заңда шәкірттері республикалық, халықаралық сайыстарда, олимпиадаларда жақсы көрсеткішке қол жеткізген оқытушылар мен жаттықтырушыларға үш лауазымдық жалақысы есебінде сыйақы төлейтіні көрсетілген. Спорт саласында осы облыстан шығып әлемдік бәсекеде топ жарған, жеткіншектерімізге үлгі етер чемпиондарымыз жетерлік. Осы ретте чемпиондарымыздың әлі де көбейе түсеріне күмәніміз жоқ. Мектеп-интернатта шәкірттердің спорттан ғана емес, шығармашылық тұрғыдан да өздерін қосымша жетілдіруге мүмкіндік бар екенін көріп қуандық, – деді Шавхат Өтемісов.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу