ЖҮРГІНШІНІ ҚАҒЫП, ОҚИҒА ОРНЫНАН ҚАШЫП КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ
Кеше, 20 қараша күні кешкі сағат 20.45-те «Бәйтерек» шағынауданындағы Нұр көшесінде белгісіз жүргізуші 2009 жылғы қыз баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Өкінішке орай, 10 жасар қыз бала жедел жәрдем қызметі жеткенше, көз жұмған. БҚО Полиция департаментінің бүгін түнде жүргізген жедел-іздестіру шаралары арқылы автокөлік анықталып, күдікті ұсталды.
– Жедел-іздестіру жұмыстары БҚО Полиция депратаментінің бастығы, генерал-майор М.Аблазимовтың басшылығымен жүргізілді. «Ұстап алу» жоспары бойынша облыс орталығының барлық көшелеріне патрульдік полиция экипажы мен жасағы, учаскелік инспекторлар қойылды. Оқиға орнынан көліктің сол жақтағы айнасының ұшқындары табылды, көліктің түсі анықталды. «Ауди» маркілі көлік екені болжанды. Базадан жасыл түсті «Ауди» маркілі 692 көліктің бар екенін анықтадық. Соған орай жеке құрам барлық шағынаудан бойынша жеке секторларда іздестіру жүргізді, – деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Манарбек Нәжиев.
Осы іздестіру жұмыстары барысында, түнгі сағат 2.00 шамасында көлік иесі автокөлігін белгісіз біреулер айдап кеткенін мәлімдеген. Алдымен ол азамат осылай жалған сөйлеп, жауапкершіліктен қашқысы келген. Алайда, тексеру кезінде ол өзінің жол-көлік оқиғасын жасағынын мойындап, өкінетінін айтқан. Медициналық тексеру қорытындысында жүргізушінің алкоголь тұтынбағаны белгілі болды. Ол – 1986 жылғы Орал қаласының тұрғыны. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Көлігі «Жұлдыз» шағынауданындағы саяжайдан табылыпты. Оқиға орнынан табылған ұшқындар осы көлікке сәйкес келетіні де анықталған.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 345-баптың 3-тармағы және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облысымызда 276 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 90 адам көз жұмған. 369 адам түрлі деңгейде жарақат алыпты. Соның ішінде жаяу жүргіншілердің 102 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 32 жүргінші көз жұмып, 82 адам жарақат алған.
Версия для печати
Пікір үстеу