ЖҮРЕКТЕРГЕ МЕЙІРІМ СЫЙЛАҒАНДАР
Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Атаулы мерекеге орай облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылған шарада қалтқысыз еңбегімен көпке мейірімін төгіп, жақсылықтың жаршысы болып жүрген жандар марапатталды. Мерекелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, сала қызметкерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Бүгінгі таңда, тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімен көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар баршылық. Ал біз тілге тиек еткелі отырған «əлеуметтік саланың» пұшпағын илеп жүрген «қызметкерлер» болса, осындай жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласады. Қазіргі таңда əлеуметтік қызметкер – белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарға демеу болар адам ғана емес, ол қоғамның əл-ауқатын жақсартуға бағытталған əлеуметтік саясатты реформалауға қатысушы десек те болады.
– Әлеуметтік сала қызметкері – әлемдегі ізгі әрі қиындығы мол мамандық деп санаймын. Бұл саланың мамандарынан бірінші кезекте жоғары біліктілік, адалдық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттері талап етіледі. Әлеуметтік қызметкерлер – жүректерінде жылуы мол мамандар. Бұл жұмыста уақытыңызды ғана емес, денсаулығыңызды да сарп етуге тура келетін жағдайлар бар. Адал еңбектеріңіз үшін облыс әкімшілігі атынан өздеріңізге кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Адал еңбек жолдарыңызда халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіздер, – деп ақ тілегін жеткізді облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы.
Салтанатты жиында халықты әлеуметік қорғау саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, әлеуметтің дамуына үлес қосқандар, сала қызметін табысты ұйымдастырудағы еңбегімен танылғандар кәсіби мерекеге орай ҚР денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің наградаларымен, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының палата санитары Ольга Меняйлова. Осы салада 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Ольга Васильевна «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты.
– 90 жылдары жұмысқа келген екенмен. Басқа жұмысқа ауысу туралы ой келмепті. Әр баламен жұмыс жасай жүріп, үйреніп қалады екенсің. Тағдырларына алаңдаймын. Қазіргі уақытта маған жүктелген палатадағы қыздер 14-18 жас аралығында. Осындай 13 қыз баланы қамқорлап отырмын, – дейді Ольга Меняйлова.
Өңіріміз бойынша бүгінде әлеуметтік салада 3000-нан астам маман жұмыс жасайтын болса, олардың 700-і халықтың әлжуаз топтарымен тікелей жұмыстанып, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. 5000-нан астам көмекке зәру жалғыз басты қариялар, бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар және 18 жасқа дейінгі психо-неврологиялық патологиясы бар балалар осы жандардың мейіріміне бөленіп отыр.
Версия для печати
Пікір үстеу