ҚАРА ЖЕРГЕ ҚИМАЙМЫЗ…
Таяуда батысқазақстандықтар тағы бір атпал ағасынан, інісінен қапияда көз жазып қалды. Небәрі 59 жасында сұм ажал қарапайым азаматты арамыздан алып кетті.
Облысымыздағы атқарушы билік құрылымдарының қызметіне еңбегі сіңген Абат Тағаұлы Сұлтанов 1960 жылы 10 маусымда Орда ауданының Бисен ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Бисен Жәнекешев атындағы орта мектепті, 1982 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Алғашқы еңбек жолын Орда ауданының «Бисен» совхозында автомеханик болып бастады. 1983 жылы «Бисен» совхозының машина-трактор шеберханасында инженер-бақылаушы, 1984-1989 ж.ж. бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, Орда аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы қызметтерін атқарды.
1986-1987 ж.ж. Мәскеу қаласындағы жоғары комсомол мектебінің тыңдаушысы, 1990 жылы Орда аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1990-1996 жылдар аралығында Орда аудандық тұтынушылар қоғамы басқарма төрағасының орынбасары және басқарма төрағасы, 1996 жылы «Әулет» кәсіпорны директорының орынбасары, 1996-1997 ж.ж. «Оралгаз» АҚ Орда аудандық бөлімшесінің бастығы, 1997-2005 ж.ж. Орда аудандық әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарады.
2005-2009 ж.ж. Орал қалалық әкімі аппаратының бас маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету және қаржылық-шаруашылық қызмет бөлімінің меңгерушісі, Орал қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2010-2011 ж.ж. ҚР АШМ Орал қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы, 2011 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық мәслихат аппаратының бас маманы, аппарат басшысы қызметтерін атқарды.
Қоғам алдындағы еңбегі бағаланып, «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалі мен алғысхат, грамоталармен марапатталған.
Иә, Абат Тағаұлының өңірімізге, қоғамға бергенінен берер еңбегі, өнегесі, өмір тәжірибесі әлі де көп еді. Туған ауылынан және ұядағы ата-анасынан, Бисен Жәнекешов атындағы алтын ұя мектебінен алған тәлім-тәрбиесімен көпке танылып, кісіліктің келбетінен ешуақытта айнымаған Абат Тағаұлының ғұмыры қысқа болғаны кім-кімнің де жанына аяздай батты. Жүзі жылы, үлкен-кішіге сәлемі түзу, ұлтжанды, адамгершілігі зор Абат Тағаұлын ешкім қара жерге қимайды. Оның жылы жүзі, жарқын бейнесі көз көргендері мен жерлестерінің, әріптес әрі сыйлас жандардың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Біз, Сұлтановтар отбасына және тума-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз.
Жаныңыз пейіште шалқып, жұмақтың төрінде болыңыз, Абат Тағаұлы!
Бөкей ордалық бір топ жерлестері мен қалалық «Жайық үні» газетінің редакция ұжымы.
Версия для печати
Пікір үстеу