ЖАҢА ЖОЛДАУ – ЖАҢА МІНДЕТТЕР
Бүгін Орал қаласының активінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және іске асыру барысы жан-жақты талқыланып, ұсыныстар қабылданды.
Жиында алдымен баяндама жасаған қала әкімі Абат Шыныбеков: – Сабақтастық – ел дамуының және ауызбіршілік пен түсіністіктің үлгісі. Баршаңызға белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің даму бағытын баяндайтын, жылдар бойы дәстүрлі түрде халыққа жолдауын жариялап келген Елбасымыздың заңды ізбасары ретінде өзінін тұңғыш Жолдауын жариялады. ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев құрған Қазақстанның даму моделінің заңды жалғасы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауы – сайлауалды бағдарламаның орындалуына негізделген.Президент өз Жолдауында өңірлерді жүйелі түрде дамыту, әлеуметтік жаңғыру мен қарқынды дамыған экономика, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заман талабына сай тиімді мемлекет құру сынды негізгі бес бағытты айқындады. Жолдауда «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деді Мемлекет басшысы. Осы орайда, қала тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында ашылған «Ашық әкімдік» пен тұрғындарды қабылдау шарасы халық сауалдары мен проблемаларын шешуде оң ықпалын тигізіп келеді. Әр шара сайын өтініш-тілектермен келетін тұрғындар саны артып, қабылдау өткізу дәстүрге айналды. «Ашық әкімдікке» келушілер саны артуы – мемлекеттік органдарға деген сенімнің артуы деп түсіну қажет. Сонымен қатар, шаһар тұрғындарымен заманауи коммуникация тетіктерін пайдалана отырып диалог құру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы іске асып, реттелген. Яғни, кез келген қала тұрғыны әкімдіктің ресми парақшалары мен сайтына сауал жолдау арқылы толғандырған сұрағ
ына жауап ала алады. Өздеріңіз білесіздер, нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін атаулы әлеуметтік көмек бүгінде жаңа форматта берілуде. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінің (29698 теңге) 70%-ын құрады, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге артты. Қазіргі таңда қаламыздағы аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға әлеуметтік паспорттар жасақталды. Орал қаласында жалпы саны 3301 төрт және одан да көп балалары бар отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар. 3559 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Соның 935-і көпбалалы отбасыларға бағытталған. Жолдауда көрсетілген әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту бойынша мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар жасалу үстінде. Жолдауда келтірілген мысалға мән берсек, соңғы бес жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді деген сөз. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу. Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көпбалалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет делінген маңызды құжатта. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлау алдындағы бағдарламасында бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігі айтылған болатын. Аталған тұрғын үй саясатының негізгі қағидаты – әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру болып табылады. Жолдауда Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы туралы айтылды. Бұл бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға бағытталған. Бүгінде қаламызда жалпы саны 297 отбасы аталған бағдарлама бойынша табысын растау үшін Тұрғын-үй жинақ банкіне өз құжаттарын тапсырды. Оның ішінде 139 көпбалалы отбасы, 84 толық емес отбасы, 74 мүгедек бала асырап отырған ата-аналар. Қазірде жаһандану заманында әртүрлі арам пиғылдар кесірінен халықтың санасына теріс идеология әсер етіп жатқаны баршаңызға мәлім. Көпұлтты Отанымыз үшін елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтап, оны әрі қарай нығайту біздің басты мақсатымыз. Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әр алуандығында!» деген Мемлекет басшысы ана тіліміздің мәртебесі туралы да айтып өтті. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында, – дей келіп, алда атқарылуға тиісті істер мен кезек күттірмес маңызды міндеттер тұрғанын атап өтіп, баршаны Жолдауда айқындалған жұмыстарды жүзеге асыруда аянбай, бар күш жігерлерін жұмсауға шақырды.
Жиында Орал қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Роза Көжекова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, жеке кәсіпкер Ақұштап Құспан, «Орал жастар» волонтерлік қозғалысының мүшесі Амангелді Талант маңызды құжат туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында Елбасы Жолдауын іске асыру аясында арнайы қарар қабылданды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Пікір үстеу