ӘСКЕРИ БОРЫШЫН АДАЛ АТҚАРҒАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін – Семей полигонына жасалған алғашқы атомдық сынақ жарылысына – 70 жыл және аталған полигонның жабылуына – 28 жыл. Осыған орай «Ерекше Тәуекел солдаттары» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде мәдени-патриоттық шара өтті. Басқосуда қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Семей ядролық полигоны аймағында әскери борышын өтеген ардагерлерді марапаттады.
– Қазақ тарихында талай ақтаңдақтар, үлкен белестер болды. Соның бірі – 1949 жылы шілде айында қазақ жерінде Семей полигонының ашылуы. 1949-1991 жылға дейін жерүсті, жерасты сынақ жарылыстары 655 рет болған. Ал Семейдің радиациялық аймағында 17-мыңға тарта жерлестеріміз әскери қызметтерін өтеген. Бүгінгі таңда солардың өкінішке орай, 1200-і ғана арамызда жүр. Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жаңа ғана облыстық Қорғаныс істері департаментінде жиын өтіп, Отан қорғау, әскерге шақыру мәселесі талқыланды. Менің ойымша, қазіргі жастар әскери борышын өтеуді, Отанын қалай сүюді сіздерден үйреніп, үлгі алуы керек. 29 тамыз – қазақ халқына қасiрет пен үміттi қатар сыйлаған күн. 1949 жылы 29 тамызда полигонда алғашқы сынақ жасалса, 40 жылдан астам уақыттан кейiн дәл осы күнi Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұл күн халықтың қасіреттен құтылуына жол ашты. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың басшылығымен Невада-Семей экологиялық қозғалысы Семей ядролық полигонында сынақтар өткізуге толық тыйым салып, өз жұмысын бастады. Ендігі кезекте біздің міндетіміз осы тарихи шешімді өскелең ұрпаққа дәріптеу. Бұл үлкен тарихи шешім. Семей полигонында Отан алдындағы борыштарын адал атқарған ардагер-сарбаздарымыз бүгін әр ауданнан жиналып отыр. Сіздер аман болыңыздар, алдарыңызда бас иеміз, – деп жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Қаберұлы бір топ медицина саласы қызметкерлері мен «Ерекше Тәуекел солдаттары» ҚБ облыстық филиалы ардагерлерін медальдермен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Полигон аймағында әскерде болған ардагерлердің бірі, №5 хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Самарбай Мұқанов: – Семей полигонындағы атомдық сынақ жарылысына – 70 жыл және аталған полигонның жабылуына – 28 жыл. Осындай қасіретті бастан кешірген ел ғана бейбіт өмірдің қадірін түсінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарылыстардың үнін өшірген Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы – еліміздің ең басты жетістігі. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында алынған асулардың барлығы тек бейбіт өмірдің арқасында мүмкін болды. Қазақ елінің тәуелсіздігі баянды болғай, – деген тілегін жеткізді. «Ерекше Тәуекел солдаттары» ҚБ облыстық филиалы төрағасы Есім Бектілеуовтің айтуынша, 2005 жылы құрылған аталмыш қоғамдық бірлестік құрамында 800-дей адам бар. Ардагерлерге жергілікті әкімшілік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолдау зор. Алматы, Астана қалаларындағы госпитальдарға, Жаңақала ауданындағы емдік-сауықтыру орталығына емделуге тегін жолдамалар беріліп тұрады.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА
Версия для печати
Пікір үстеу