СҮЙІНШІ! ОРАЛДЫҚ АРУ АСА ҚАУІПТІ БҰҒАЗДЫ КЕСІП ӨТТІ. ТРИАТЛОНШЫ ӘНЕЛ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Оралдық жерлесіміз Әнел Сытдықова 20 тамыз Лондон уақыты бойыша түнгі 01.15 те гидро костюмсіз, суға жүзетін қарапайым іш киіммен, шапкамен ғана ұзақ сапарын бастап еді. 33 шақырымдық, 16 градус салқын суды, алыс та қауіпті Ла-Манш бұғазын 15 сағат 15 минутта кесіп өтіп, аман-есен Францияға жеткен.
Әнел Әлібекқызы Сытдықова Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында туған. Жастайынан сіңлісі Әсел екеуін ата-анасы Әлібек Бақтыгерейұлы мен Қанипа Маxамбетқызы тек сабақтарын үздік оқып қана емес, үнемі спортпен шұғылданып жүрулерін қадағалап, қыздарына өте жақсы тәрбие бере білді. Мектепті Оралдан, жоғары оқу орнын Алматыдан үздік бітірген Әнел, Англиядағы атақты Кембридж университетіне түсіп, оның оқуын да жақсы бағамен аяқтады. Қазіргі уақытта жұбайы Нұрлан екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Үш ұлы да сабақ пен спортты серік етіп Англиядағы Оксфорд мектебінде тәлім алады.
Жайықтан шыққан қазақтың қарапайым қызы, «Қазақстанның Темір Ханшайымы» номинациясының бірнеше дүркін иегері, белгілі триатлоншы, Қазақстаннан шыққан Тұңғыш Айронмен (Ironman), Тұңғыш Ультрамен (Ultraman). ТМД аумағында бұған дейін мұндай жетістікке ешкім жетпеген.
Әнел жастайынан суда жүзу мен велосипед тебуге құмар болған. Өсе келе осы спорт түрлерімен арнайы шұғылданғанды жаны сүйіп, оған жүгіру спортын қосып, енді міне, әлемге танымал триатлоншы атанды. Осыдан 9-10 жыл бұрын дүниежүзінің дамыған елдерінде адам сенгісіз осындай қиын да қызықты спорт түрлерімен айналысатын атақты спортшы-триатлоншылардың бар екенінен xабардар болған Әнел, қалайда осы әлемнің мықтыларының қатарына қосылуға бел буады. Бірақ, үш баланың анасы, жұбайының сүйікті жары Әнелге бұл белестерді бағындыру оңай болған жоқ. Алдымен ол Алланың, қала берді ата-анасы мен отбасының қолдауымен қиын белестердің бірінен кейін бірін бағындыра бастады.
Швейцария, Малайзия, Нидерланды және Канада елдерінде триатлонның барлық қыр-сырын үйреніп, халықаралық жарыстардың бәрінде жүлделі орындарға ие болып отырды. Канадада екі мәрте Айронмен (Ironman) атанды. Ол дегеніңіз тоқтамастан 5 км жүзу, 180 км-ге велосипед тебу, сосын 42 км жаяу жүгіру. Алғашқыда Әнелдің марафонда жүгіру уақыты 16 сағат болса, соңғы кездері оны 14 сағатқа қысқартты. Содан кейін Ультрамен (Ultraman) атағын да алды.
Тариxқа үңілсек осы Ла-Маншты 1000-нан аса адам жүзіп өткен екен. Әрине, көбі ер адамдар екені белгілі. Алайда, әйелдер арасынан алғашқы болып 1926 жылы Гертруда Эдерле жүзіп өткен. 2019 жылдың 2 шілде күні күні Лондон уақытымен түнгі сағат 2.00-де бастау алған марафонда қазақстандық төрт триатлоншы қыздарымыз – Әнел Сытдықова, Эльфира Дудник, Мәдина Құрманбаева, Елена Кун «Темір аналар» командасынан, xалық арасында «Ең қорқынышты қашықтық» атанып кеткен экстремалды ультра-триатлонға қатысып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы Лондондағы Мәрмәр қақпадан Париждегі Триумфалды аркаға дейін созылып жатқан ара қашықтықты «Ең қорқынышты қашықтық» деп бекерге айтпаса керек. Неге десеңіз адам сенгісіз 470 км қашықтықты (эстафета жүйесімен) өтіп шығу кез-келген спортшының қолынан келе бермесі анық. Марафон маршруты – Лондоннан Дуврға дейін 140 км жүгіру, 36 км шамасында Ла-Манш бұғазын жүзіп өту, сосын 290 км Парижға дейін велосипедпен жүріп өту. Міне, біздің батыр қыздарымыз 4 шілде күні сағат 11.30-дың шамасында Парижде әйгілі марафонның мәресіне жетті. Әнел, Қазақстаннан келген үш құрбысының осы үлкен додаға қатысуына тікелей атсалысып, Лондонда тұрғасын ұйымдастыру жұмыстарын (қайықтарды жалға алу, қайықтың капитанынан бастап, төрешілер, дәрігерлер, нұсқаушы-оқытушылар, көмекшілер және т.б.) өз қолына алып, барлығын үйлестіріп қойды. Бұл жарысқа қатысу үшін жол ақысы, жататын орын, тамақтануға және жаңа жоғарыда көрсетілгендей қомақты қаражат керек екені белгілі. Әрбір жарысқа қатысушы ұйымдастыру комитетіне 8000 фунт стерлинг жарна төлеуі тиіс. Осындай бұрын-соңды Қазақстаннан ешкім қатыса алмаған үлкен додаға өз ақшасымен барып қатысып, Қазақтың көк байрағын Еуропада желбіреткен Қазақстанның төрт батыр қызына алғысымыз шексіз!
Әнел былтыр өзінің 40 жасына тарту ретінде Ла-Манш бұғазын жүземін деп алдына мақсат қойған екен. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты ойы іске аспаған. Десек те, ол Ұлыбритания мен Францияның жағалауына дейін созылып жатқан әйгілі бұғазды жүзіп шығу мақсатынан айныған жоқ. «Ла-Маншты жүзіп, бүкіл әлемге халқымыздың өр рухын, намысын көрсеткім келеді» деген намысшыл Әнел осылайша, өз арман-мақсатын орындап, отандастарымыздың мақтанышына айналды. Әр қазағымыз Әнелдің жетістігіне сүйсініп, бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанышты бөлісуде.
Жасай бер қазақтың қайсар қызы Әнел!!!
sportpress.kz ақпараты негізінде дайындалды.
Версия для печати
Пікір үстеу