7-20-25: БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА 71 АДАМ НЕСИЕ АЛДЫ
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде биыл Батыс Қазақстан облысы орталығында 6 көппәтерлі үй, ауылдарда 83 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінде «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы аясында БҚО азаматтарына 545 млн. теңгеге 71 ипотекалық несие берілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының облыс аумағында іске асырлуы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев мәлімдеді. Биыл аталмыш бағдарлама аясында жалпы саны 3 134 пәтер болатын 26 көппәтерлі тұрғын үй және ауылдарда 327 пәтер болатын 104 тұрғын үй, 29 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде. Осы мақсатта 17,2 млрд. теңге көлеміндегі қаражат қарастырылған. Оның 13,5 млрд.теңгесі тұрғын үй құрылысына, 3,6 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталып отыр.
Осы жылы 415,7 мың шаршы метрлік тұрғын үйді қолданысқа беру көзделген. Оның 46,1 мың шаршы метрі бюджет қаражаты есебінен орындалмақ. Әзірге, тоғыз ай қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 336,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал 34,3 мың шаршы метр мемлекеттік қаражат есебінен орындалған.
– Тұрғын үй құрылысы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – жергілікті атқарушы органның облигацияларын шығару арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы. Бұл бағыт бойынша 1 648 пәтерлік 14 үй және Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы 180 пәтерлі 1 үй салынуда. Екінші – жергілікті атқарушы органның тұрғын үй алу кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін сатып алу мүмкіндігінсіз арендалық 4 тұрғын үй құрылысы жүруде. Оның үшеуі – Оралда, біреуі – Ақсай қаласында. Үшінші бағыт – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру бағдарламасы. Осы бағдарлама іске қосылғалы Оралда 13 апаттық үй сүріліп, орнына жалпы саны 568 пәтер болатын 7 көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды. Төртеуінің құрылысы биыл аяқталады. Төртінші – жеке инвестициялар есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жеке құрылыс компанияларының қаржысына салынған үйлерден 1 319 пәтердің 276-сы тікелей «7-20-25» бағдарламасы талаптарына сай келеді,– деді Алтынбек Кеңесұлы.
Үй алуға ниеттілер үшін екінші деңгейлі банктер арқылы құжаттарын тапсырып, байқауға қатысуына мүмкіндіктері бар. Осы мақсатта 22 қазан күні Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында сағ.10.00-17.00 аралығында ашық есік күнін ұйымдастыру жоспарлануда. Құрылыс компаниялары салған үйлердің пәтерлерін көрсетіп, сол жерде банк өкілдері өтініш берушінің несиелік тарихын тексеріп, қаржылық мүмкіндіктеріне есептеу жүргізіп бермек.
ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Қозыбақ Күлбарақовтың мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі «ЦентрКредит Банкі» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Forte Bank» АҚ ипотекалық займ беруде. Бүгінге дейін банк филиалдары облыс халқынан 113 өтінім қабылдап, 93-ін мақұлдаған. Мақұлданған өтінімдер негізінде 545,2 млн. теңге сомасына 71 ипотекалық несие берілген. Бұрынғы кредиттік тарихы дұрыс болмауына байланысты 13 өтінім кері қайтарылған.
Алтынбек Қайсағалиевтың айтуынша, осы жылы 6 көппәтерлі және ауылдарда 83 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Яғни, 827 отбасы баспанаға қол жеткізеді. Қолданысқа берілетін көппәтерлі үйлердің екеуі – облигациялық қарыз есебінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына арналған. Зашаған кентінде №39 дақ бойынша салынып жатқан 180 пәтерлі 1 үй жергілікті атқарушы органның тұрғын үй алу кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға берілетін болады. Биыл бұзылған апатты үйлер тұрғындарына арналған 3 үйді тапсыру жоспарланған болса, оның бірі – қыркүйек айында Деповская көшесінен берілген болатын. Жыл соңына дейін Гагарин және Құрманғазы көшелерінде салынып жатқан үй құрылыстары аяқталады деп күтілуде.
Ауылдық елдімекендерде берілуге жоспарланған 83 тұрғын үй кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға арналған. Атап айтқанда, Бөкейордасы ауданынан – 5 үй (10пәтер), Жәнібекте – 40 үй (80 пәтер), Қазталовта – 1 үй (12 пәтер), Қаратөбеде – 14 үй (14 пәтер), Теректіде – 16 үй (16 пәтер), Тасқала ауданында – 7 үй (7 пәтер) тапсырылады.
Ал 2019 жылы жалпы саны 1954 пәтер болатын 16 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 11-і «ТҮҚЖБ» АҚ салымшылары үшін, біреуі – жергілікті атқарушы органның тұрғын үй алу кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға арнап салынса, төртеуі – бұзылған апатты үй тұрғындарына берілмек.
Эльмира НҰҒМАНОВА
Версия для печати
Пікір үстеу