15 тамыз – Шәмші Қалдаяқовтың туған күні
Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыкасының королі.
15 тамыз- қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды. Композитор 1930 жылы қазіргі Түркістан облысының аумағында дүниеге келген. Оның музыкаға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасты. Әкесі домбыра тартып, өлең мен әуен шығарса, анасы әсем даусымен ән салған.
Шәмші Қалдаяқов Ташкент музыкалық училищесінде және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында білім алып, 40 жылдан астам уақытын шығармашылыққа арнады. Осы кезеңде ол 300-ге жуық музыкалық шығарма жазды. Композитордың әндерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға құрмет, махаббат, отбасы және адам сезімі кеңінен көрініс тапты.
Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Теңіз құшағында» сынды шығармалары халық арасында кең таралып, бірнеше буынның сүйікті әніне айналды. Әсіресе вальс жанрына өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, оны қазақтың ұлттық ән дәстүрімен сабақтастыра білді. Композитор шығармаларында қазақы әуез бен түрлі музыкалық дәстүрлердің үйлесімі байқалады.
Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы Қазақстанның музыкалық шежіресі іспетті. Ол елдің әр өңіріне арнап әндер жазып, Жезқазған, Қарқаралы, Байқоңыр, Талдықорған, Шардара, Көкшетау, Отырар сынды жерлердің табиғаты мен тынысын әуен арқылы бейнеледі. «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Арайлым ақ Келес» секілді туындылары композитордың туған жерге деген ерекше ықыласын аңғартады.
«Менің Қазақстаным» – елдік рухтың әуені
Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасындағы ең маңызды туындылардың бірі – «Менің Қазақстаным» әні. Композитор бұл шығарманы 1956 жылы жас ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазды. Патриоттық мазмұндағы ән көп ұзамай халық арасында кеңінен танылып, уақыт өте келе ұлттық рухты айшықтайтын шығармаға айналды.
2006 жылдың қаңтарында «Менің Қазақстаным» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ретінде алғаш рет орындалды. Осылайша өткен ғасырдың ортасында дүниеге келген ән тәуелсіз Қазақстанның басты мемлекеттік рәміздерінің бірі ретінде жаңа тарихи мәнге ие болды. Бүгінде ол мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі маңызды шараларда, спорттық жарыстарда және ел өміріндегі айтулы оқиғаларда шырқалады.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері тек белгілі бір кезеңнің музыкалық туындысы болып қалмай, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев композитордың мұрасын «ұлттың баға жетпес байлығы» деп бағалап, оның шығармаларын кеңінен насихаттаудың маңызын атап өткен болатын.
Өшпес мұра
Композитордың әндері бүгінде симфониялық оркестрлердің, хор ұжымдары мен концерттік орындаушылардың репертуарынан берік орын алған. Оның шығармаларының жаңа өңдеулерде орындалуы Шәмші мұрасының заман талабына сай жаңғырып, жас буынға да жол тауып келе жатқанын көрсетеді.
Композитордың есімін ұлықтау бағытында елімізде түрлі мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асырылып келеді. Шәмші Қалдаяқовтың аты елді мекендерге, көшелерге, мәдениет нысандарына берілген. Шымкент қаласында оның 80 жылдығына орай «Шәмші әлемі» кешені құрылып, ескерткіші бой көтерді.
Композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі және көркем фильмдер де түсірілді. 1991 жылы ол туралы деректі фильм жарық көрсе, 2017 жылы Шәмші Қалдаяқовтың ғұмыр жолы мен шығармашылығына арналған «Ән-Адам» төрт бөлімді фильмі көрерменге ұсынылды. Ал 2020 жылы композитордың 90 жылдығына орай халықаралық «Менің Қазақстаным» музыкалық челленджі ұйымдастырылды.
Шәмші Қалдаяқовтың ұлттық музыкаға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 2022 жылғы маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен композиторға қазақ халқының музыкалық өнерін дамытуға қосқан аса зор үлесі үшін Қазақстанның жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері табысталды.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері уақыт өткен сайын өз мәнін жоғалтпай, халықпен бірге жасасып келеді. Оның шығармалары туған жерді сүюге, елді қадірлеуге, ұлттық мәдениетті бағалауға үндейді. Сондықтан композитордың мол мұрасы – қазақ халқының рухани қазынасында мәңгі сақталатын асыл құндылық.
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
2028 жылғы шілдеге дейін еліміздегі 2,6 мыңнан астам шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллект енгізу жобасымен қамтылады
Спорт саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды
Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты
79,3% казахстанцев характеризуют обстановку в стране как благополучную или стабильную
Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс мәселелері түсіндірілді
Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау мәселелері талқыланды
«ЖАЙЫҚ ЖҮЙРІГІ – 2026»: Жүйріктер додасының жеңімпаздары анықталды
Оралда алғаш рет «JAIYQ SAZY» халықаралық этнофестивалі өтті
Оралда қала күніне орай І халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі өтті
ОБЛЫС ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВПЕН КЕЗДЕСТІ
Президент VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Строительство АЭС создаст новые возможности для специалистов и бизнеса в Казахстане – эксперт
Не только физики-ядерщики: студентам рассказали, кому найдется работа на будущих АЭС Казахстана
Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады

Кіру