Жас мамандардың жұмысы ширақ
Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Осы абыройлы мамандықтың иегерлері – №4 қалалық емхананың жас дәрігерлері Раида, Тоғжан, Бағдагүл мен Гүлдана. Биылғы медицина қызметкерлері күні – олардың маман ретіндегі алғашқы мерекелері. Қызметке кіріскен бір жыл ішінде олар жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған адам нағыз батыр десек, артық айтпаймыз. Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал жанға жақын іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан бақыт жоқ шығар. Өзгелерге жақсылық жасап, ауруынан айығуына көмектессем деп жүрген қыздардың барлығы да бала күндерінен осы саланың маманы болуды армандапты.
– Бала күнінде ағам ұзақ уақыт ауруханада жатты. Үйге келгенде дәрігерлердің өзіне жасаған емдерін маған көрсететін. Сол уақыттан менің осы салаға қызығушылығым арта түсті. Қазір ағам – фельдшер, өзім – дәрігермін, – деген Бағдагүл Кереева ешбір адамның кездейсоқ дәрігер болмайтынын тілге тиек етті. Ол үшін адамгершілік, шыншылдық, өзгенің жанын түсіну сынды қасиеттер болуы керек.
Осы емханаға қарасты Мичурин ауылындағы амбулаторияның учаскелік дәрігері Гүлдана Беғалиева да балалық арманымен дәрігерлікке келген. Ол қазір учаскесіндегі 2700 адамға көмегін көрсетуде.
Кейіпкерлеріміз жоғарғы оқу орнында 7 жыл бірге оқып, қаламыздағы №4 емханаға қатар орналасқан. Оқу кезінде практикалық сабақтарға қатысып, интернатурадан өткенімен, маман ретінде жұмысқа кірісудің – жауапкершілігі жоғары екенін жақсы түсінеді. Өйткені аурудың бәрі бірдей болғанымен, дерттің алғашқы белгілері әркімнің ағзасына түрлі әсер етуі мүмкін. Мұндайда әрине, бөлім меңгерушісінің, басшылықтың көмегіне жүгінеді. Бұл кезде тәжірибелі мамандар да кеңес беріп, жөн сілтеп отырады.
– Бір күн ішінде алдын ала жазылу бойынша 20-25 адамды қабылдасақ, жедел түрде 5-10 адам келуі мүмкін. Кезектен тыс олардың симптомдары бойынша тиесілі дәрігерге жолдаймыз немесе емін тағайындаймыз. Оған қоса шақырту бойынша үй-үйді аралап шығуымыз керек. Медбикелеріміз де көмектеседі. Өйткені біз мейірбикелерсіз ешкім емеспіз. Бірі – 5 сағаттық қабылдау кезінде жанымда отырса, бірі – учаске тұрғындарын жасына байланысты скринингтен өткізу, енді бірі – 5 жасқа дейінгі сәбилердің күтімі, жоспарлы екпе алуы бойынша жұмыстар жүргізеді. Біздің жұмысымыз ортақ. Мақсатымыз – тұрғындарымыздың денсаулығын жақсарту және олардың өздерінің жауапкершілігін көтеру, – дейді Раида Милекеева.
Расында, бізде денсаулығымызды уақытылы тексерту, аурудың алдын алу мәдениеті қалыптаспағаны шындық. Дәрігердің шақыртуына бармайтындар бар. Ауруы жанына батып, тұла бойына дендеп кеткенде ғана ақ халаттылардан жәрдем тілеп, ауруханаларды жағалайды. Ал дәрігерлер үшін ең қиыны – зерттеулер нәтижесінде анықталған ауруы туралы науқасқа естірту.
– Мұндайда бірінші қатерлі дертке шалдыққан адамның туысқандарымен сөйлесеміз. Өйткені аурудың өзі естіген сәтте көтере алмай, денсаулығы күрт төмендеп кетуі мүмкін. Сонымен қатар қазір суицид мәселесі өзекті болып тұр. Қазір суицидке бару қаупі анықталған тұлғалармен жұмыс жүргізудеміз, – деді қызметі туралы ой бөліскен Тоғжан Ибраева.
Иә, жалпы тәжірибедегі дәрігердің қызмет ауқымы кең. Медицинаның барлық саласымен етене байланыс жасап, учаскеге бекітілген әр тұрғынды жазбай тануы керек. Жас та болса, жұмыстары ширақ мамандар бұл міндетті жақсы орындауда.
– Емхананың бірінші міндеті – профилактика. Себебі ауруды емдегеннен бұрын болдырмау маңызды. Ол үшін жоспарлы скрининг өткіземіз. 5 айдың қорытындысы бойынша тұрғындардың 67-68 пайызын қамтыдық. Сондай-ақ біз ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыстанамыз. Оларды дәрігерлеріміз әр 3-4 ай сайын тексеруден өткізеді. Қазір біздің емхана бойынша 200 адам есепте тұр, – деді директордың орынбасары Алмагүл Базарғалиқызы.
№4 емхана қаланың ескі аумағында орналасқандықтан, негізгі емделушілері де 50 жастан асқандар. Қаладағы 50 мыңға жуық тұрғын осы емханадан дәрігерлік көмек алады. Оларға 300-ден астам медицина қызметкері ем-шара көрсетуде.
Эльмира НҰҒМАНОВА,
суретке түсірген автор
Соңғы жаңалықтар
Тұрақты даму – тиімді мемлекеттік басқару мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі
Бөрлі ауылында «Әділет» партиясының облыстық штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Жаңа Қазақстан Конституциясы – Әділетті қоғамның құқықтық негізі
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді

Кіру
Пікір үстеу