Ж.МҰСТАФИНА: «МИРАНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІН ЖАҚСЫ БІЛЕМІН»
Х.Бөкеева атындғаы қазақ драма театрында Тасқала аудандық халықтық театры қойған жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» пьесасын сахналады.
Жібек МҰСТАФИНА,
Мира Хамзақызының алғашқы ұстазы:
– 1975 жылы мен Мираны бірінші класқа қабылдадым. Әлі есімде, анасы Базар тұлымшағы желбіреген, сүйкімді кішкентай қызды жетектеп алдыма әкелді. Анасы Базар өте сұлу, сымбатты, ортасына сыйлы адам болатын. Әкесі жүрген жерін думан ететін әзілқой, елдің адамы еді. «Баланы жастан» демекші, әр ұстаз талантты шәкіртін жаңылмай таниды. Алғашқы ұстазы ретінде мен де әу бастан алдыңғы партада отыратын оқушымның ертеңінен көп үміт күтетінмін. Сыныпта өте белсенді болды, өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Сенімім алдамады.
Мираның бес кітабының да алғашқы оқырманы өзім. Тіптен, бөлмемнің төрінде тұрған кітаптарын өзім жазып шыққандай жүрегім тулап, қуанып отырамын. Үйге келген кісіге мақтанышпен оқуға ұсынамын. «Ұстаздан шәкірт озар» деген, алдымнан өткен шәкірттерімнің ішіндегі таланттыларының бірі – Мира қызым. «Мен сіздің шәкіртіңізбін» деп алдыма келгенінің өзі – ұстаз үшін шын бақыт.
Театрда Мираның «Ар азабы» драмасы қойылады дегеннен-ақ тамашалауға асықтым. Көңілімнен шықты. Маған әсер еткені соншалық, соңына дейін көруге жүрегім ауырды. Өйткені, Мираның шығармаларының кейіпкерлерін жақсы білемін, көз алдыма елестетіп отырамын. Көз көрген жандар. Мәселен, «Үш төмпешік» кітабының кейіпкерлері де ауыл адамдары. Сондықтан, жүрекпен сезінбей, тебіренбей оқу мүмкін емес.
Шәкіртіме шығармашылық табыс тілеймін, жазары таусылмасын. Мираның өмір жолы да өзгелерге үлгі боларлық. Еңбегі жана берсін.
Версия для печати
Пікір үстеу