Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Елімізде жаңа төрт фармацевтикалық зауыт салынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Үкімет фармацевтикалық өндірістерді локализациялау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Бекітілген жобаларға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 173 млрд теңге.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды.
Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализациялау көзделген. Өндірістік желі онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды.
Жаңа кәсіпорындар Алматы қаласында (екі жоба), сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.
Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» ЖШС жобасы бойынша фармацевтикалық зауытты Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 58,5 млрд теңгеге бағалануда. Жоба аясында 54 дәрілік зат түрін шығару жоспарланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар препараттар. Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер кіреді. Жоба аясында 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктестер ретінде Sinopharm, Sinovac және Kangtai Biological Technology компаниялары қатысады.
«Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ жобасы сондай-ақ Алматыда халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіруге арналған фармацевтикалық кешен салуды көздеп отыр. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде 17-сі – әлеуметтік маңызы бар. Жоба аясында кемінде 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктес – Nobel İlaç.
«Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС жобасы аясында Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құру көзделген. Инвестиция көлемі – 39 млрд теңге. 76 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер және антианемиялық препараттар бар. Жоба аясында кемінде 150 жұмыс орны ашылады. Стратегиялық серіктес – Abdi Ibrahim.
«МСП-РОМФАРМ» ЖШС жобасы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 36,7 млрд теңге болатын жоғары технологиялы фармацевтикалық зауытты Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салу көзделген. Жоба аясында 101 дәрілік зат, оның ішінде ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар өндіру жоспарланған. Шамамен 265 жұмыс орны ашылады. Жобаның серіктестері – World Medicine және Rompharm компаниялары.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде барлығы шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылады.
Зауыттар құрылысы және оларды іске қосу қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және халықты отандық өндірістің сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектерімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыру мен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтудің маңызды элементтерінің біріне айналады.
#Денсаулық сақтау #Президенттің тапсырмасы
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
Оралда қоғамдық көліктерде жолақы төлеу тәртібіне мониторинг жүргізілді
Қазақстанда Құрылтай сайлауына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды: кімді сайлаймыз?
Өңір басшысы әлемдік рекорд орнатқан өнертапқыш өрендерді қабылдады
Сайлауалды науқан: Qarmet-тен бизнес-форумға дейін – партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді
Экспериментальная база НЯЦ РК помогает совершенствовать безопасность современных АЭС
Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай?
Бір мінбер, жеті партия: сайлауалды науқандағы алғашқы саяси тартыс нені көрсетті?
Үгіт науқаны басталған соң партиялардың электоралды рейтингісі өзгерді
Сайлау науқаны кезеңінде дипфейктер жиілеуі мүмкін: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ескертеді
Құрылтай сайлауы: «Ақ жол» Respublica-ға жауап берсе, Қазақстан Халық партиясы ЖСДП сынына ашық үн қатты
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда.
Азаматтардың басым көпшілігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» идеясын қолдайды – сауалнама
Саяси пікірталас күшейді: ҚХП ЖСДП бағдарламасындағы бастамаларды сынға алды
Шағын модульдік реакторлар – Қазақстанның болашақ энергетикасының жаңа бағыты
Хан тоғайындағы 18 гектар аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді

Кіру