8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

2023 жылдың І жартыжылдығына жазылу басталды!

«Жайық үні-Жизнь города» газетіне жазылыңыз!

Бізбен бірге болыңыз!

 

 

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
20 Тамыз 2018 2646 0
Қоғам

ҚҰРБАН АЙТ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕРЕКЕСІ!

Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиетті меркесі Құрбан айт үстіміздегі жылдың 21 тамыз күніне сәйкеседі.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні — Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.    Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады» деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Құрбандық қалай шалынады?

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай? Құрбан шалу кімдерге уәжіп? Құрбан қай уақыттан бастап шалынуы тиіс? Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады? Бірігіп құрбан шалуға бола ма? Құрбандыққа қандай малдар жарамайды? Құрбан шалуда басқа біреуге өкілдік беруге бола ма? Құрбан малы қалай шалынады? Құрбандыққа шалынған малдың қандай ағзалары желінбейді? Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі қалай үлестіріледі? Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма? Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма? Ақиқа құрбаны деп қандай құрбанға айтылады? Нәзір құрбаны деген не?

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай?

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Уәжіптігінің дәлелдері:

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар, 108/3), – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені, сүннет – «жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

Мұсылман болу.

Құрбан айт уақытында жолаушы болмау.

Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

Құрбан қай уақыттан бастап шалынуы тиіс?

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады?

Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа қандай малдар жарамайды?

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» (Тирмизи, Адахи, 5), – деген.

Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті, құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбан шалуда басқа біреуге өкілдік беруге бола ма?

 Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады. Хз. Әлидің (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар.

Құрбан малы қалай шалынады?

 Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын» (Муслим, Сайд,57).

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ» (Анғам, 6/162). «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббым Алла үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд», – деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмилла» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмилла» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі қалай үлестіріледі?

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хз. Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (с.а.у.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз» (Муслим, Хаж, 348), – деді.

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?

Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.

Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Құрметті мұсылман бауырлар! Игілік пен бірлік, ізгілік пен мейірімділік мерекесінде жасаған дұға-тілектеріңіз бен сауапты амалдарыңыз қабыл болғай!

Құрбан айтта Ұлы Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Еліміздің егемендігі баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!  Әмин!

Еркебұлан қажы Қарақұлов, ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілі, Орал орталық мешітінің бас имамы

Версия для печати

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жаңалықтар
Қалалықтар қаперіне
Өз үйлерін тексере алады
26 Сәуір 2024
68 0
Қалалықтар қаперіне
Құжаттандыру бойынша көмектесуде
25 Сәуір 2024
183 0
Мезгіл мәселесі
Су тасқынына қатысты кейінгі деректер
23 Сәуір 2024
435 0
Мезгіл мәселесі
Апаттан құтқару жұмыстары жүріп жатыр
21 Сәуір 2024
696 0
Қалалықтар қаперіне
Су деңгейі көтерілді
19 Сәуір 2024
934 0
Мезгіл мәселесі
Авторлық құқықты қорғау керек
18 Сәуір 2024
969 0
Мезгіл мәселесі
Оқушылар қашықтан оқуда
17 Сәуір 2024
1122 0
Қалалықтар қаперіне
Эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда
15 Сәуір 2024
1318 0
Мезгіл мәселесі
Ұландықтар апат алаңдарында
13 Сәуір 2024
1548 0
Оқиға
Есірткі таратқан
12 Сәуір 2024
1636 0
Бәрекелді!
Шетелде оқу грантын ұтып алды
11 Сәуір 2024
1747 0
Қалалықтар қаперіне
Су тасқыны қаупі келді!
11 Сәуір 2024
1754 0
Оқиға
«Бекіре-2024» басталды
11 Сәуір 2024
1784 0
Дені сау ұлт
Сібір жарасы көмінділерін тексерді
11 Сәуір 2024
1788 0
Мезгіл мәселесі
Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді
10 Сәуір 2024
1891 0
Қалалықтар қаперіне
Судың деңгейі қауіпті межеге жетпеді
08 Сәуір 2024
2112 0
«Мемлекеттік бағдарламалар»

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы

«Ғаламтор ресурстары»