ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ: ОРАЛДАҒЫ ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІКТЕР (2003 ЖЫЛ)
Егемендік алып, баянды бақытқа, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 30 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осынау өмір өзенінде Қазақстан Республикасының мерейлі кезеңдерін, жеткен жетістіктерін, жеңістері мен жемістерін айтып тауысу мүмкін емес. Егемен еліміздің дамуына, жұлдызды сәттеріне көне қаламыз – Оралдың да үлесі ұшан-теңіз! Орал қаласы – жақсылықтың жаршысы! Сұлу Жайық бәріне куә!
Иә, тарих бір орнында тұрмайды. Тарих хатталады, архивтерде сақталады. Алыстап кеткен «көшке» көз жүгіртіп, біз бүгін сонау 1991 жылдардан бері Орал шаһарында болған оқиғаларға, халық үшін жасалған жарқын істерге төл газетіміздің төрінен орын беріп отырмыз. Бұл тұрғыда алдымен Орал қаласының әкімі Шыныбеков Абат Абайұлының қосқан тың ойларын, басты идеяларын қаперлеріңізге салып өтейін.
Сондықтан жылыстаған заманға қайтадан шолу жасап, ертеректе жасыл Жайықта жасалған жұмыстарды қайтадан жаңғыртпақпыз. Тәуелсіздікпен бірге жарық көріп, талай тарихи сәттерді жұртшылыққа қазқалпында жеткізіп келген қалалық қоғамдық-саяси апталық «Жайық үні» газетінің оқырманымен қауышқанына да мінекей, 30 жыл! Әрине, ескірмейтін естеліктерді еске түсіріп, ұмытылмас шақтарды жинақтау біздің «Жайық үні» редакция алқасына да оңайға соққан жоқ. Сол себепті архивтерге жүгіндік. Қажетін тауып, оқырмандар үшін қадемізге жаратудамыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы қор деректері, бұдан біраз жыл бұрын шыққан жергілікті газеттер, заманауи сайттар бізге көп көмектесті. Осындай шынайы, нақты деректерге, құжаттарға арқа сүйедік! Мәңгі өлмейтін, өшпейтін тарихты қайдан болса да іздеп, тауып, жерлестеріміздің назарына салу басты мақсатымыз ғана. Бұл үшін бізді ешкім айыптай қоймас. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарынан бастау алған қаладағы игілікті істер, толағай табыстар халық жадында жаңғыра беруі тиіс! Бүгінгі жастар мен болашақ ұл-қыздарымыз туған қаламыз Оралда 1991 жылдан бастап қандай жетістіктер, ел-жұртымыз рахатын көрген нендей ғажайыптар болғанын саралауы тиіс. Жас та, орта буын да, аға-апалар да Оралда болған сол оқиғаларды жадында жаңғыртса нұр үстіне нұр емес пе?! Оңайлықпен келмеген тәтті Тәуелсіздігімізді, ардақты Азаттығымызды Алты Алашым – Ақ Жайығым бағалай білгенге не жетсін?! Ол үшін тарихты әлсін-әлсін ойға оралтып отырсақ деймін.
Сонымен, менің айтпағым, қадірлі оқырман қауым! Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Жайық үні-Жизнь города» газетінің бүгінгі нөмірінен бастап, Сіздер Орал қаласында болған тарихи оқиғалармен қайта қауышып, кеңірек таныса аласыздар! Ару Жайықтың жағасында жарқ еткен жұлдызды сәттер Сіз бен Біздің көз алдымызға елестеп, Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, азат еліміз бейбіт өмір сүріп, бұдан да зор жарқын істерге жете берсін, игілігін халқымыз көре берсін!
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА
1992 жыл
1993 жыл
1994 жыл
1995 жыл
1996 жыл
1997 жыл
1998 жыл
1999 жыл
2000 жыл
2001 жыл
2002 жыл
2003 жыл
16-22 қаңтар. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда скрипкашылардың халықаралық байқауы өтті. Конкурсқа Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Австрия, ҚХР-дан барлығы 14 жас музыкант қатысты. Оны белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев ұйымдастырды.
4-6 сәуір. Орал қаласында Қазақстан жастары конгресі өтті. Оның шеңберінде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Наркомания, алкоголизм және темекі шегуге қарсы күрес, ҰОС ардагерлері, мүгедектер мен жалғызбасты адамдарға арналған мейірімділік акциялары болды.
13-14 мамыр. Лондонда Халықаралық көктемгі жәрмеңке өтті. Оның мақсаты – оған қатысушы елдердің мәдени-тарихи мұраларын, салт-дәстүрлерін насихаттау. Еуропалықтардың назарына батысқазақстандық кәсіпкерлер, соның ішінде «Мария салоны», «ЭКСПО», «Орал сусыны» ЖШСларының, «Women Art Дизайн» фирмасының өнімдері ұсынылды.
30 мамыр. ҚР Үкіметінің қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Махамбет Өтемісовтің, БҚАТУға Жәңгір ханның есімдері ал Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестріне күйші Дәулеткерейдің есімі берілді.
31 мамыр. Орал қаласының тағы бір орталық алаңына халық батыры Сырым Датұлының ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің салтанатты ашылуына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, ақын Қадыр Мырза Әлі, қазақ батырының ұрпағы Раш Зейнуллин қатысты.
25 қыркүйек — 2 қазан. Орал қаласында қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған кәсіпқой театрлардың республикалық фестивалі өтті.
11 қазан. БҚАТУ қалашығында ауыл шаруашылығы институтының құрылғанына 40 жыл толуына арналған шара өтті. Шарада қазақтың мемлекет қайраткері, саяси-реформатор Жәңгір ханның ескерткішін ашу салтанаты болды.
27 қазан. Халықаралық Орал әуежайына «Эйр Астана» авиакомпаниясының Астана – Орал рейсі бойынша «Боинг — 757» үлкен ұшағы қонды. Жаңа авиа рейсінің ашылу салтанатына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы А.Мәмбетов қатысты.
5 қараша. Орал қаласына Ұлыбритания Парламентінің депутаты Джон Манн бастаған делегация келді. Қонақтар Қарашығанақ кен орнында болып, Орал қаласында әріптестері – облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті.
жалғасы бар.Версия для печати
Пікір үстеу